Ақмола облысы Ақкөл ауданында кәмелет жасына толмаған ұлын күрекпен ұрған әйелге сот үкімі шықты. Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігінің 3, 8-тармақтарымен (кәмелетке толмағанға қатысты денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру) айып тағылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сотта анықталғандай, 2024 жылдың қыркүйегінде Ақмола тұрғыны бақшада жұмыс істеп жүрген кезінде 14 жасар ұлымен жанжалдасқан. Мас халдегі әйел баласын күрекпен ұрып, оның саусақтарына зақым келтірген. Жанжалдың себебі – анасы ұлының музыкалық колонкасын рұқсатсыз алған.
Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындады. Ол ұлының балағат сөздер айтқанын, сондықтан оны қорқыту үшін күрекпен сермегенін, бірақ байқаусызда ұлының қолына тигенін атап өткен.
Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушінің саусақ сүйегі жабық сынған. Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және іс материалдарымен дәлелденді.
Сот үкімімен сотталушыға пробациялық бақылау белгілене отырып, 1 жыл мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.