Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасына 50 жыл толды

3 Қаңтар, 02:39 848

Қым-қуыт заманда Алтай өңірлерінен Түркияға ауып, ал кейін Ұлыбританияға көшіп барған қандастарымыз Лондонда бас қосып, мерейлі мерекені атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Әбдісәлім Саваш – Ұлыбритания қазағы. Қандастарымыздың басын біріктіретін қауымдастыққа төрағалық етеді. Ата-анасы нәубетті заманда  Алтайдан Түркияға көшіп кеткен. Ал өзі 25 жасында Түркиядағы экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты Ұлыбританияға жұмыс іздеп келген.

Басында біз осы жерде қаламыз деп ойламадық. Ақша құрап, Түркияға қайтамыз, әке-шешеміздің жанына қайтамыз дегенбіз. Одан кейін бұл жерде балаларымыз туды. Олар өсті. Осы жердің мектебіне барды. Балаларымызға той жасадық. Немерелеріміз болды. Енді байқасақ, біз енді осы жердеміз. Қайта алмаймыз, - дейді Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының төрағасы Әдбісәлім Саваш.

Ұлыбритания қазақтары алыста жүрсе де, жүректері туған жер деп соғады. Атамекенмен байланысын ешқашан үзген емес. Бүгін олар Тұманды Альбионға алғаш табан тірегендеріне жарты ғасырлық мерейтойын салтанатпен атап өтті.

Бүгін біз тарих қойнауына үңіліп, халқымыздың бастан кешкен қилы-қилы кезеңдерді еске алдық. Түркістаннан Үндістан мен Пәкістанға, одан кейін Түркияға көшкен және ақыр соңында Еуропа елдерінде тұрақтаған ата-бабаларымыз туралы өскелең ұрпаққа айтып бердік. Тарихымызбен байланысты викториналық ойындар өткізіп, жеңімпаздарды сыйлықтармен марапаттадық, - дейді Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының мүшесі Омар Саваш.

Жас буын салт-дәстүрімізге берік болғанымен, ана тілінде сөйлеуге келгенде біраз қиналады. Қазақша түсінеді, бірақ ойларын еркін жеткізе алмайды. Өзара түрікше, ағылшынша сөйлеседі. «Түрлі тілдік курстар ұйымдастырылғанымен, олардан пайда аз. Шетелге тарайтын қазақ тіліндегі телевизиялық арналарды көбейтсе. Ата-анасымен үйде отырып, теледидар көрген бала үйренбей қоймайды», - дейді қауымдастық өкілдері.

Кейбір кезде айтады ғой «миын ашып, құю керек» деп. Сол миын ашып, құю медиа екен. Қазақ телевизорларымыз, арналарымыз бұл жаққа да жақсылап келіп тұрса. Иә, интернетте бар дейді, бірақ жастар қазір интернетте басқа нәрселерге кіріп кетеді, - дейді Ұлыбритания қазақтары қауымдастығының мүшесі Исмаил Кесижи.

Қауымдастық алғаш құрылған кезде бейресми болатын. Кейін тiркеуден өтiп, содан бері заңды тұлға ретiнде жұмыс істеп келеді. Қазір оған 60-қа жуық шаңырақ мүше. Осында уақытша тұрып жатқан қазақстандықтар да қауымдастық ұйымдастырып тұратын шараларға белсенді араласады. Республика күнiн, Наурыз және Айт мерекелерін үнемі бірге атап өтеді.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: