Әлем ғылымының дамуына зор үлес қосқан Әбу Насыр Әл-Фараби – адамзат тарихындағы ең көрнекті ойшылдардың бірі. Оның өмір жолы мен еңбектері әлі күнге дейін қызығушылық тудырып келеді. Біз ғұлама туралы оқырманға қызық деректерді топтастырып көрдік.
Әбу Насыр Фарабтан шыққан
Әбу Насыр Әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құятын сағасындағы Фарабта, қазіргі Отырар өңірінде дүниеге келген. Оның толық аты – Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби.
Ғалым әулетті отбасында өскен, әкесі әскери қолбасшы болған. Бірақ оның тұлға болып қалыптасуына ең үлкен әсер еткен орта – Фараб қаласының өзі еді. Орта ғасырларда бұл шаһар ғылым мен мәдениеттің ірі орталығы саналған. Мұнда Александриядан кейінгі ең үлкен кітапханалардың бірі орналасқан.
Профессор Жақыпбек Алтайұлының айтуынша, дәл осы орта Әл-Фарабидің жастайынан білімге жақын болуына ықпал еткен. Ол құнды қолжазбалармен еркін танысып, ғылымға ерте ден қойған.
Ғалым қалай Әбу Насыр Әл-Фараби атанды?
Ғұламаның есімі оның туған жерімен байланысты. Отырарды арабтар «Барба-Фараб» деп атаған. Сондықтан «Фарабтан шыққан Әбу Насыр» – Әл-Фараби атанып кеткен.
Бұл тек атау емес, оның шыққан ортасын білдіретін тарихи белгі. IX ғасырда Отырар Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі мәдени және сауда орталығы болған.
Кітаптан қол үзбеген ғұлама
Әл-Фараби бала кезінен ғылымға ерекше бейім болды. Ол өмір бойы білім іздеп, бір қаладан екінші қалаға көшіп отырған.
Бұхара, Самарқан, Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Мәдина, Мекке – оның жүріп өткен жолы осындай. Әсіресе Бағдатта 20 жылдай тұрып, антикалық философияны терең меңгерді.
«Ол бір жерде тұрақтамаған. Үнемі сапарда жүріп, білімін жетілдірген. Бар өмірін ғылымға арнады. Біздің деректер бойынша, 70-ке жуық тілді меңгерген», – дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы.
Ғалым тек философиямен шектелмей, медицинамен де айналысты. Біраз уақыт Бағдатта тұрақтап, ғылыми ізденістер жүргізген. Кейін Шам аймағына қоныс аударып, өмірінің соңына дейін сонда тұрған.
Дамаскіде жазылған ұлы еңбек
Әл-Фараби өзінің ең атақты шығармасы – «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын Дамаскіде жазып аяқтаған.
Бұл еңбек қоғамды басқару, әділдік, адамгершілік туралы терең философиялық тұжырымдарымен ерекшеленеді. Ғалым қала басшыларын «қайырымды» және «надан» деп бөліп, халықтың бақыты билеушіге тікелей байланысты екенін айтады.
950 жылы 80 жасында дүниеден өткен ғұламаны Дамаск халқы ерекше құрметпен жерлеген.
Неге оны «Екінші ұстаз» деді?
Әл-Фараби ғылымға деген шексіз ізденісінің арқасында Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» атанды.
Ол Аристотельдің «Метафизика», «Категориялар», «Риторика», «Поэтика» және басқа да еңбектерін түсіндіріп, дамытты.
Ғалым 150-ге жуық ғылыми еңбек жазып қалдырды. Философия, логика, саясат, этика, музыка, астрономия – оның зерттеген салалары өте кең.
Ғылым мен тәрбие қатар жүруі керек
Әл-Фараби ғылымды теориялық және практикалық деп екіге бөлген. Бірақ оның басты ұстанымы – білім мен адамгершіліктің бірлігі.
Ол «Білімсіз адамгершілік молаймайды. Жан-дүниені тәрбиелемей, үлкен жетістікке жету жоқ» деп ескертеді.
Бұл ойлар бүгінгі қоғам үшін де өзекті.
Ғалымның ұлты қандай?
Әл-Фарабидің ұлты туралы пікірталас көп. Алайда ол өмір сүрген кезеңде қазіргі ұлттар қалыптаспаған.
«Ол – түркі текті. Қазақ, өзбек деген ұғым ол кезде болған жоқ», - деді шығыстанушы Әбсаттар Дербісәлі.
Яғни Әл-Фараби – түркі дүниесіне ортақ тұлға. Оның мұрасы – бүкіл адамзатқа тиесілі.