“Ұлы дала жорығында” Маңғыстау облысының командасы чемпиондық атақтан тыс қалды

17 Қыркүйек 2023, 14:23 809

Маңғыстау облысы “Көкмойнақ” командасы жорықты жалғастырудан өз еркімен бас тартты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі. 

17 қыркүйекте “Ұлы дала жорығы” марафон-бәйгесінің 12-кезеңі Қызылорда облысы Шиелі ауданында жалғасып жатыр. Таңғы сағат 7:00-ден 8 команда кезекті 100 шақырымды бағындыруға аттанған болатын. Маңғыстау облысы командасы аттарының шаршап қалуына байланысты старт сызығына келмей қалды. 

Бұған дейін, 11-кезеңде Маңғыстау облысының команда капитаны жарыстан шығып қалып, “Көкмойнақта” 3 ат қалғанын хабарланған еді. 11-кезең бойы үздік болып келген маңғыстаулықтар тәуекелге бармай, аттарын зорықтырмай, келесі жылғы марафон-бәйгеге тыңғылықты дайындауды жөн санағанын жеткізді.

11 кезең нәтижесі бойынша, Маңғыстау облысының “Көкмойнақ” командасы 18 команданы шаңына да ілестірмей келген. 1050 шақырымды артта қалдырып, финишқа 250-ақ шақырым қалғанда мұндай шешімге келуі - күтпеген жағдай болды. Аттары жорықты жалғастыруға жарап тұрса да, жорықты тоқтатуы - атақ-абырой, жеңіс пен жүлдеден аттарының амандығын алдыңғы орынға қоятынын сездірді. 

Бүгінде экс-чемпиондардың орнын Қостанай облысының командасы басты. Енді Адай жылқысының абыройы 1300 шақырымды 1 атпен бағындыруды мақсат еткен “Рекорд” командасындағы маңғыстаулық шабандоздың мойнында. 

Асқар Таудай
Бөлісу: