Ұлы Абайды сөзге тоқтатқандар

10 Тамыз 2023, 11:40 3142

Бүгін ұлы Абайдың туған күні. «Қазақта қара сөзге дес бермеген» Абай табан астында тауып сөйлеген адамды қатты сыйлап, қошамет көрсететін болған. Аталы сөзге тоқтай білген. Ол жайлы Абай өмірі хақында құнды еңбектер қалдырған Әрхам Ысқақов, Ниязбек Алдажаров естеліктерінде қызықты деректер кездеседі. Хәкім Абайды сөзге тоқтатқан ауызы дуалы адамдар да аз болмаған.

Өмірбектің қатынының бәйгеден келуі

Абай біреу өзінің мінін айтса, кемшілігін көрсетсе, мойындап, ол қатені түзеуге бет бұрады. Мысалы, Әнет Өрімбек дегеннің қатыны жаяу бәйгеде озып келсе қолынан жетектеп алып үйіне кіргізіп, есігін сыртынан басып отырып алыпты. Озған бәйгесін әкеліп берген жігітті боқтап қуып жіберіпті. Отырған ақсақалдар Өрімбекті шақырып алып: «Бұның не?» – деп сұраса, Өрімбек:

– Менің әйелім жүйрік, тұлға-сүйегі келісімді. Бәйгеден келіпті дегенді Абай мен Оспан естісе: «көреміз алып келсін», – дейді. Оған апармауға болмайды. Егер оларға ұнаса: «Біз саған басқа әйел әперейік», – дейді. Бермеймін деуге тағы болмайды. Оны өздері тағы пайдаланбайды, біреу көріп мақтаса: «Сен ала ғой» деп беріп жібереді, – депті. Сол сөзді біреуден-біреу естіп Абайға келіп айтса аз ойланып отырып:

– Мына Өрімбек бізге шын дос екен. Біз асқан екенбіз. Жүйрік ат пен қыран құс бізде ғана болу керек деп өзге жұрттан сұрап алып, оны тағы біреуге беріп жіберу біздің әдетіміз болған ғой. Мен мойындадым. Бұдан былай елдің жүйрігін, сұлуын, қыранын алмаймын, біреуге әпермеймін. Оспанға барып айтыңдар, ол да мұнан былай мұндай істен тиылсын, – депті.

 Тәстенбектің Абайға көңіл айтуы

Оспанның өлімі, оның артында қалған үзілмес дауы, өзінің бір анадан туған оқымысты, білімді, сүйеніш көрген ағасы Әбіштің қайтыс болуы Мағауияға қатты батты. Зор қайғы өкпедегі жабысқан ауруы ұлғайып, жөтелге айналды. Онымен қабат өзі сүйген жары абырой, атағын көтерген көмекшісі Мөржан өкпе ауруы болып жатып қалады. Сондай жағдаймен бір жылдан кейін 1904 жылы қаңтар айында Мөржан қайтыс болды. Одан туған бір қыз қалды, атын Кәмила қойды. Бұрын аяқ ұшімен жүріп, жүдеп арықтаған Мағауия төсек тартып жатып қалады. Содан бас көтере алмай ескіше майдың он төрті күні жұрт мақтаған Мағауия да отыз төрт жасында қайтыс болады.

Абай үш айдан бері Мағауияның жанында болып қайғыдан қажып қалған еді. Жұрт Мағауияға шын жылады. Досы да, қасы да кінә тақпады. Абайға өз білгенінше көңіл айтпаған адам қалмайды. Соның ішінде Жігітек Байдалының баласы Тәстенбек деген келіп: «Ай, Абай, Мағауия Мағауия-ақ еді: бірақ сен Абай едің ғой», – дегенде, Абай Тәстенбектің бетіне қарап аз тұрып:

– Япырмай, жұрт артын берсін, қайрын берсін деуші еді. Мына Тәстенбектің айтқан көңілі дұрыс, тоқтау боларлық сөз болды-ау, – депті.

Қиясбайдың жазуы

Абай сөз тапқыш адамды құрметтеп, сыйлап отырған. Сондай жанның бірі – Қиясбай.

Абай ауылы Байқошқар өзеніне келіп қонғанда Қиясбай келеді. Ел оны жарым ақыл, әумесер десетін. Абайға таяу келіп отырады да алдында жатқан кітап пен қағазға тесіле қарайды. Абай:

– Қиясбай, сен хат білесің бе? – дегенде, Қияспай:

– Мен сіздерше хат білмеймін, өзімше хат білемін, – деді.

– Ал, өзіңше жаза ғой, – деп Абай қарындаш пен қағазын берді. Қияспай қарындашты ұшынан ұстап қағаздың бетіне ирек-ирек сызық салды да: – Болдым, – дейді. Абай: – Бұл жазу емес қой, – десе, Қияспай: – Бұл жазу, ана қотанның ортасында жүріп бара жатып сиген тарғыл бұқаң емес пе. Мен соны жазып отырмын, – деді.

Үй толған жұрт ду күлді. «Міне ақымақ, сызық бұқа бола ма» деседі. Сонда Абай: – Қиясбайдың сөзі дұрыс, адам баласы әуелде жазуды, оқуды білмеген заманда айтайын деген сөзін, яки затының суретін салады екен. Мына сызық та жүріп бара жатып сиген бұқаға ұқсайды, – деп риза болыпты.

Абай досы Ерболдың сөзіне тоқтап Күнтуды болыс қойғаны

Мал-басын көбейтіп алған Оспан енді болыс болуға көп әрекет етеді. Алты жыл болыс болып отырған ағасы Ысқақтан жолын сұрайды. Оған Абай да көнеді. Бірақ Оспанның әумесер мінезінен сескенген елдің атқа мінерлері Күнтуды болыс қоймақ болып уәде байласады. Сайлау басталады...

Бұл сайлауға бір болыс Кішік Тобықтыдан отыз екі ел басы сайланған екен. Олардан уезд жасырын сұрағанда болыстыққа үш адамды айтады: бірінші аты аталған Оспанға шар салғанда 21 тасы – аққа, 11 тасы қараға түседі. Оған кандидат болмақшы Асылбек Сүйіндікұлына шар салғанда 25 тас аққа, 7 тас қараға түседі. Енді үшінші адам Күнту Шоңқаұлына шар салғанда 28 тас аққа, 4 тас қараға түседі. Бұл тастарды санап жазып отырған уездің көмекшісі ақ тасы артылған соң болыс Күнту Шоңқаұлы, кандидат Асылбек Сүйіндікұлы болды деп жариялағанда уездің қасында отырған әйелі «как так» депті. Бұл сайлауда Оспан болыс болады, одан қалаулы бір сый аламын деп сенген әйел сасқалақтап қалса керек. Соны естіген қазақтар Күнту болыс дегенде уездің әйелі «көтек» депті деп аңыз етіседі.

Бастығы Оспан болып Құнанбай балалары өре түрегеліп Ерболды сабамақшы болып Абайдың ау-жайына қарап қалғанда алдыңғы қатарда отырған Абай қасындағы Ерболға бұл қалай, уәде осылай ма еді десе Ербол:

– Абай, уәде орнында, мен болыстыққа Оспанды атадым, мынау отырған көп елубасының қолын ұстаймын ба. Сен оған неге ренжисің, Оспан інің болғанда, Күнту інің емес пе, – депті.

Осы сөзге тоқтаған Абай: «Олай болса жарайды, Күнту-ақ болыс болсын», – деп Оспанның ықпалымен сайлауды қайта өткізбек болған оязды тоқтатыпты.

Байкөкше ақынның тап бермеде тауып айтып Абайды жеңгені

Ел қыстауға қона Абай съезд құрмақ болып он үш биді жиғызып бұрын батыр, мықты ұры атанған Мырза Бедей ауылына үй тіккізеді.

Сол Мырза мен старшын дос әрі аталас, жиырма үйдей Қабас деген ауыл бар. Сонда Байкөкше деген ақын бар екен. «Абай өлеңді жақсы көреді, ақынды қатты сынайды, өзі де бірер ауыз өлең шығарып айтып отырады» дегенді естіп Байкөкше Абайға барып жолығуға бата алмай жүреді екен. Енді дәл ауылдың алдындағы Бөдей Мыңғаның аулына келіп съезд құрған Абайға жолықпауға дәті шыдамай Байкөкше келеді. Байкөкше ақын келіп, атын байлап жатыр деп тыста жүрген біреу келіп Абайға айтады. Болысқа тіккен киіз үй, күн суық, қиды тоқсыра қалап отыр екен. Қи сындыратын тоқпақ ағашты Абай қолына алып Байкөкшені күтіп отырыпты. Байкөкше: «Ассалаумағаликум», – деп кіріп бір аяғын табалдырықтан аттағанда Абай ақырып: «Тоқта, бері баспа, сол қалпыңда тұрып бір ауыз өлең айт, егер өлең айтпай бері бассаң қол тоқпақпен басыңды жарамын», – депті. Сонда Байкөкше:

 Ұрасың неге мені тоқпақпенен,

Жүрсеңші әкең жүрген соқпақпенен.

Үйге келген кісіні ұрамын деп,

Неге бірдей боласың ақымақпенен.

Абай:

Ойпаң жерге қабындап шөп бітеді,

Кей жігітке мал мен бақ көп бітеді.

Ал осының аяғын сен айтшы десе, Байкөкше:

Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді, – депті.

Абай:

– Әй, Байкөкше, сенің тілің неге ашты болған, – десе Байкөкше тұрып:

 Атам Қабас Боранбай туысым зор,

Мырза менен Мамайдың зорлығы мол.

Екі өкпемнен екеуі қысқаннан соң,

Тілім ашты болатын себебі сол.

Құрысын бүйтіп елді меңгергенің,

Жақсы менен жаманды теңгермедің.

Күн көргенім қызыл тіл өлең еді,

Оны да сынап, мінеп жол бермедің, – депті.

Абай Байкөкшені ұнатып өз қасынан тастамай ертіп жүретін жолдасы, серігі қылады. Ел сөзінен қолы босаған уақытында өлең айтқызып өзі де көмектесіп бойына біткен ақындық өнерін сусындатып, мейірін қандыратын болады.

Абайдың баласы Әбіштің сөзіне тоқтауы

Оспан қайтыс болғаннан кейін қазақтың әмеңгерлік жолымен Зейнепті Тәңірберді, Ысқақ Торымбаланы алады. Көптің ұйғаруымен Абайға Еркежанды қосады.

Абайдың Еркежанды алғанын Әбіш дұрыс көрмейді. Демалысқа келгенінде:

  – Әке, сіз надан адам емессіз. Қазақтың ескі салтының адамшылыққа келіспейтіндерін жұртқа өсиет қып айтып жүрген адамсыз, сол салттың ең жаман әдеті көп қатын алу, әмеңгерлік жолын қуу, соны біле тұра өзіңіз қолданасыз. Үлкен қате жасадыңыз. Бірақ, өткенге өкінгеннен пайда жоқ. Енді менің тілімді алыңыз. Ақшоқыда, Аралтөбеде қатыным бар, балам бар еді деп қыдырмаңыз. Егер оларды сағынсаңыз шақыртып алып, бес-он күн қонақ қып қайтарып отырыңыз. Екінші, Семейге барып көп жатып, кітап оқып білімді адамдармен әңгімелесуді де тоқтатыңыз. Ендігі сізге оқуға керекті кітаптарды, ұғарлық сөздерді мен жеткізіп беріп тұрайын. Осы үйден қозғалмаңыз. Мені он екі жыл көп пұл шығарып михнаттанып оқытқанда осының қызығын көріп, жемісін жермін деген шығарсыз. Енді соның қызығын көріңіз, – дейді. Абай Әбіштің сөзін ыхлас қойып тыңдап, құп алады, айтқанын орындайды.

Қыздардың қыз алып қашуы

Абайдың қатты қадірлейтін адамының бірі құрдасы Қыздар деген кісі екен. Қыздар қалың малы төленген, енді ұзатамыз деп отырған Жасбаланы сүйіп, алып қашып кетіпті. Осыдан кейін Жасбалаға қалың мал төлеген қайындары Абайға келіп: «Қалың малын төлеген жесірімізді Қыздар алып қашып кетті. Осы жайымызды сізге айтайық деп келдік», – депті.

Абай аз ойланып отырып: «қызды өз еркімен алып кетсе, ол біреуге әйел болып отыр, енді оны қозғаудың реті жоқ. Бірақ төлеген малдарыңды қайтарып бергізем», –  деп Қыздарды шақырып айтыпты. Сүйтсе қалыңмалды қайтаруға Қыздарда шама жеткіліксіз екен, оны білген Абай өзі көмектесіп, Қыздарды құтқарыпты.

Біраз уақыт өткеннен кейін Абай Қыздардың елді егес қылып алған әйелін көрмек болып, қасындағы жолдастары бар, үйіне келеді. Қыздар қуанып мал сойып құрмет көрсетеді.

Қыздардың әйелі шикіл сары, бетінде шешектен қалған дақ шұбары бар, бір көзі сол шешектен кеткен соқыр екен. Әйелі жоқта Абай: «Осыншама елді егер ғып алғандағы әйелің мынау ма, ең болмағанда өңі бүтін біреуді алмадың ба?» десе, сонда Қыздар Абайға: «Өзің қызық екенсің! Жасбаланы менің көзіммен қарашы, қандай болып көрінер екен!» дегенде, Абай: «Саған дауа болмас», – деп күлсе керек.

Оразбайдың кешу сұрауы

Оспанмен Оразбайдың арасы қатты ушығады. Оспан өлген соң Оразбай кегін Абайдан қуып сабатады. Бірақ Абай ары қарай кек қумайды. Қатесін ұққан Оразбай 1901 жылы күзге салым Ақылияның шілдеханасында келіп: «Мың жылдық жаулық та жоқ, мың жылдық достық та жоқ» деп Абайдан кешу сұраса керек. Осы сөзге тоқтаған Абай Оразбай Аққұлұлымен бесік құда болған.

Осылайша Ақылия Тұрағұлқызы 1917 жылы 7 шілде күні Санияз Медеуұлы Оразбаевқа тұрмысқа шыққан.

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: