Ұлтымызды, жұртымызды құртып жатқан құмар ойынды түгел тоқтатын кез келді – Нартай Аралбайұлы

11 Қазан 2023, 12:26 1272

Елімізде қазіргі таңда 350 мыңнан астам азамат құмар ойынның инесіне отырған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2019 жылмен салыстырғанда өткен жылы құмар ойындармен бәс тігу елімізде 40 есеге көбейген. Букмекерлік кеңселердің бір жылдық қаржы айналымы 1 трлн теңге болған. Лудомания дертіне шалдыққан 174 мың жас қазақстандық 36 млрд теңге бәс тіккен. Қазір енді құмар ойын ойнайтындар шетінен қылмыскер болып жатыр. Өткен жылы 157 мыңнан астам қылмыс жасалса, соның 20 пайызы құмар ойынға құныққандардың мойнында, - деді депутат.

Нартай Аралбайұлының айтуынша, суицид жасаған 676 отандасымыздың әр бесіншісі лудомания дертіне шалдыққан деген дерек бар. Бұл лудомания бір адамның ғана тағдырын құртпай, бүкіл отбасын бүлдіреді. Елдімізде ажырасқан әр отбасының жетеуінде жанжал лудомания дертінің салдарынан шыққан.

Ал енді біз қалай күресіп келе жатырмыз?! Қоғамдық көліктердің, тұрғын үйлердің сыртын түгелдей лудомания дертінің жарнамасына бердік. Осы мәселені мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан еді. Мәселе айтылды, бірақ биліктің не күтіп отырғаны түсініксіз. Себебі былтыр AMANAT партиясының депутаттары лудомания дертіне қатысты заң жобасын дайындады. 50-ден астам түзету бар, үкіметтің қарауына жіберілді. Арада бір өтті, бірақ әлі дайын емес. Билік кімнің қас-қабағына қарап отыр дегім келеді. Екіншісі, ұлттық спорт алаңдары, көкпар мен бәйге тотализаторлардың орындарына айналып кетті. Ұлтымызды сақтаймыз деп жүргенде, ұлттық спортымызды құмар ойынның алаңына айналдыру кімге керек болғанын сұрағым келеді. Осы ұлтымызды, жұртымызды құртып жатқан құмар ойынды түгел тоқтатын кез келді, - деді мәжілісмен.

Миражан Махан
Бөлісу: