Ұлттық ядролық орталық пен Сәтбаев университеті ғылыми зерттеулерді бірлесе дамыту, атом энергетикасы саласы бойынша қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен кадр дайындау жөніндегі жұмыстарды жүргізу туралы ынтымақтастық келісімге қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі Курчатов қаласында университет делегациясының Ұлттық ядролық орталыққа сапары барысында өтті. Бұл келісім Ғылым және жоғары білім министрлігінің конкурстарына қатысатын ғылыми жобалардың сапасын арттыруға, атом саласы бойынша ғалымдардың жаңа буынын даярлауға, ғылыми зерттеулерді оқу үдерісіне енгізуге және атом энергетикасы саласындағы инновациялық технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.
«Ұлттық ядролық орталықпен ынтымақтастық қарым-қатынас жасау Қазақстан тұрғындарының заманауи энергия көздеріне қол жеткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймайды, сондай-ақ біз бүкіл қоғамның игілігі үшін жаһандық Тұрақты даму мақсаттарына жету жолында тиімдірек жұмыс істей алатын боламыз», – деп атап өтті өз сөзінде Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Сонымен қатар ғылыми-зертханалық базаны бірлесіп пайдалану өнеркәсіп орындарының тиімділігін арттырудың инновациялық әдістерін дамытуға және қоршаған ортаны қорғаудың тиімді жолдарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.