Патрульдік маршрутта бір әйел жоғалған екі баласын табу үшін ұландықтарға жүгінген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Анасы олардың белгілерін айтып, сыртқы киімдерін сипаттады. Әскери жасақ бастығы, қатардағы Азамат Шеңгелбаев, патрульдік қатардағы Ермек Асқаров пен Бауыржан Бақыт және тағылымдамадан өтуші Әбдірахман Қадірмен көрші жасақтарға жоғалған балалардың белгілерін айтып, өздері іздеуге кіріседі. Шамамен 20 минуттан кейін әскери қызметшілер субұрқақтың жанындағы ойын алаңынан балаларды тауып, анасына тапсырды.
Сонымен бірге, осы кеште Байқоңыр ауданында қатардағы жауынгер Санжар Дәкенов бастаған патрульшілер – қатардағы Нұрдәулет Убайдуллин мен Дастан Елек тағы бір қырағылық үлгісін танытады. Оларға Д. Есімді тұрғын өз ұлын табу туралы өтініш білдірген. Ол аулада көзден таса болған ұлын өз бетінше іздеген, бірақ таба алмаған. Әскерилер дереу іске кірісіп, көп ұзамай жоғалған баланы тауып берді.
Сағат 20.20 шамасында «Триатлон» саябағындағы патрульдеу маршрутында Алматы ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау қызметін атқарып жүрген ұландық жасақ жылап отырған баланы көреді. Әңгіме барысында баланың адасып, ата-анасын таба алмағаны белгілі болды. Әскери жасақ бастығы қатардағы Нұрсұлтан Ахметов пен қатардағы Эдуард Давлетов, Кемел Әукен және Руслан Хасановтар дереу баланың ата-анасын іздеуге бет алады. Нәтижесінде, 20 минуттан кейін ұландықтар адасқан баланың ата-анасын тапқан. Олар өз кезегінде әскери жасаққа, бөлімнің қолбасшылығына алғыстарын білдірді.
Тағы бір оқиға Сарыарқа ауданында сағат 20:32-де тіркелді. Онда 5 жасар ұлын жоғалтқан әйел көмекке жүгінген.
«Баланың айрықша ерекшеліктерін сұрап алып, осы аймақтағы барлық әскери жасақтарға хабар бердік. Бәріміз іздеуге кірістік, сәлден соң әскери жасақ бастығы, қатардағы жауынгер Розмат Расулов және сақшылар Нұрдәулет Әбутәліпұлы, Мереке Үсен және мен Жеңіс көшесіндегі үйдің ауласындағы баланың барлық сипаттамаға сай келетінін байқадық», - деді патрульдік топтың бастығы сержант Бекболат Махаматов.