Ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің ашылу салтанаты өтті

5 Қыркүйек 2023, 19:36 1145

Астанадағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт түрлерінен VI фестивальдің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алдағы 5 күнде 1300-ден астам адам 11 спорт түрінен сайысқа түседі.

Іс-шараны ашқан Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов елімізде ұлттық спорт түрлері мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

«Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әрдайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы Президентіміз күні кеше Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл біздің тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз», – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс Спикері алдағы жылы Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен өтетінін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәні мен маңызына тоқталды. Бірнеше мемлекеттің спортшылары бас қосатын халықаралық жарыста қазіргі Қазақстанның әлеуетін танытуға мүмкіндік беріледі.

Іс-шараның ашылу салтанатына Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов қатысты.

Фестиваль аясында алдағы бес күнде спортшылар көкпар, асық ату, тоғызқұмалақ, жекпе-жек, жамбы ату, теңге ілу және тағы да басқа ұлттық ойын түрінен күш сынасады.

Іс-шара аясындағы айтулы оқиғаның бірі – «JORYQ» ат спорты федерациясы осымен екі жыл қатарынан өткізіп отырған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесі. Еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы ат басын бұрған 20 команда 14 күнде елордадан Түркістанға дейінгі 1300 шақырым қашықтықты жүріп өтеді.

«Бәйге-марафон «AMANAT» партиясының қолдауымен былтыр тұңғыш рет өткізілген еді. Бұл болашақта ұлттық ат спорты түрлерінің дамуына айрықша әсер ететін маңызды әрі ауқымды оқиға болды. Дүбірлі дода еліміздің барлық өңірін біріктірді. Шабандоздар сайын сахараны атпен шарлап, туған жердің сырына қанығады. Спорттық жетістіктерден бөлек, бұл бәйге этнотуризмді дамытуға және халқымыздың мәдени мұрасын насихаттауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Фестивальді ұйымдастыруға ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, «AMANAT» партиясы, «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Ұлттық спорт қауымдастығы, Туризм мен спортты қолдау қоры ұйытқы болды.

Перизат Саденова
Бөлісу: