20.05.2025
17:46
1642
Ұлттық рухпен үндескен өнер

Ұлттық рухпен үндескен өнер

Қазақтың болмысын, ішкі дүниесін, шежіресін танудың бір жолы – әнін тыңдау. Себебі, қазақ халқы үшін ән – тек көңіл көтерудің құралы емес, жанның шындығы, ұрпақтан ұрпаққа аманаты һәм мұрасы. Міне, осы ұлы миссияны иыққа көтеріп келе жатқан санаулы саңлақтарымыздың бірі – Қайрат Байбосынов.

Дәстүр мен рухты сабақтастырған дүлдүл

Ол әнді айтып қана қоймайды – түсіндіреді, түйсіндіреді, сөйлетеді, ұғындырады. Қайрат Байбосынов сахнаға шыққанда, жай ғана орындаушы емес, музыкалық этнограф, тарихшы, философ, психолог ретінде тыңдарманмен диалог құрады. Ол ән арқылы бүгінгімен емес, ғасырлар қойнауымен тілдеседі.

Бұл – екінің бірінің қолынан келмейтін, болмыспен берілетін қасиет.

Қайрат Байбосынов мектебі деген ұғым бүгін толық қалыптасып үлгерді. Оның шәкірттері тек кәсіби әнші емес – ұлтты түсінетін, тамырын сезінетін азаматтар.

«Дәстүрлі мектептерде оқитын балалар мен скрипка, фортепиано үйренген оқушылар — екі әлем. Бірі – қазақы мінезді, сәлемдесуді білетін, екіншісі – состиып тұрған «жұлдыз», – дейді өзі.

Мұндағы мәселе жай ғана тәрбиеде емес, рухани тағылымда. Байбосыновтың пайымынша, әнші болу – тек дауыспен таңдандыру емес, жанның тазалығы, рухтың қазақылығы. Сондықтан да ол ән үйреткен шәкіртінің алдымен адамдығын, тектілігін тәрбиелейді.

Тарихтан сыр тартқан тарпаң

Қайрат Байбосынов – ұлт мәдениетінің архиві. Ол жоғалып бара жатқан әндерді қалпына келтіріп, олардың авторлығын зерттеп, нотаға түсіріп, тарихтың әділдігін орнатуға үлес қосты.

«Бүгінде «Самалтау» сияқты әндердің кімге тиесілі екенін нақты білу қиын. Бірақ біз оларды тек айту үшін емес, зерттеп, дәлелдеп, ұрпаққа тапсыру үшін тірілтуіміз керек», – дейді өнер иесі.

Мұндай зерттеушілік деңгей – әнші ғана емес, өнер зерттеушісі, музыкалық шежіреші екенін дәлелдейді.

Халықаралық сахнадағы рухани елші

Байбосыновтың әні Қазақстан шекарасынан асып, әлем сахналарында шырқалады. Еуропа елдерінде, АҚШ-та, Жапонияда, Түркияда оның орындауындағы әндерді көрермен тырп етпей тыңдап, тебірене қол соққан.

«Микрофон істемей қалғанда ашық аспан астында 30 мың адамға ән айттым. Халық бір сәт те дыбыс шығарған жоқ. Тек әннен кейін бәрі орындарынан атып тұрып, қошемет көрсетті», – дейді ол Еуропа сапарынан естелік ретінде.

Ол – ұлт өнерінің дипломатиялық миссиясын атқарған дара тұлға. Әлемге «Қазақстан деген елдің үні осындай» деп жеткізген жанның өнері – еліміздің рухани паспорты десек, әсте қателеспейміз.

Рухани және әлеуметтік сыншы

Қайрат Байбосынов тек сахнада сөйлеп қоймайды. Ол – бүгінгі қоғамдағы рухани өзгерістерге ашық пікір айтатын азамат. Телеарналардан ұлттық ән жоғалып бара жатқаны, жас әншілердің сахна мәдениетінің төмендігі, тіл мен тектілік мәселелері – бәрі оның жүрегіне батады.

«Қазір дәстүрлі әннің жағдайы жетім баланың күйін кешіп тұр. Ал эстрадалық әндер — тойдың салтанатына айналды. Бұл — өнердің емес, тұтынудың жолы», – деп ашынады Байбосынов.

Ол – бүгінгі заманға айтары бар тұлға. Қоғамды рухани жаңғырту туралы айтып қана қоймай, нақты ұсыныстар да білдіреді. Мәдениет заңын қайта қарау, дәстүрлі әнге теле-кеңістік ашу, өнерпаздардың әлеуметтік жағдайын шешу — оның ой-пікірлерінің бір парасы ғана.

Ұлтқа – өсиет, өнерге – аманат

Қайрат Байбосынов – ғасырлар үнін бүгінге жеткізген, бүгінгі үнді болашаққа аманаттаушы рух көшбасшысы. Оның өмірі – өнердің ғана емес, тұтас бір ұлттың көркем хроникасы.

Әлемге қазақ әнін қазақ болып танытқан Қайрат Байбосынов туралы алдыңғы буынның пікірі де алабөтен. Ұстаздары Жүсіпбек Елебеков: «Қайрат – қазақ әнінің табиғатын бұзбай, дауысын жерден емес, көктен алатын шын дарын» десе, Жәнібек Кәрменов: «Қайрат екеуміз Халық әндері кафедрасын бірге аштық. Ол өз жолын таңдаған, ұлттық рухты арқалаған әнші. Оның дауысында дала бар, тарих бар» деп ағынан жарылады.

Ал шәкірті – қазақтың есімін әлемге әйгілеген әнші Димаш Құдайберген: «Қайрат ағамыз – қазақ ән өнерінің ұстазы. Ол кісінің орындауындағы «Назқоңырды» тыңдаған сайын өзімнің кім екенімді, қайдан шыққанымды сезінемін» деген.

Қайрат Байбосынов – әнмен елдің тарихын жырлаған, әр буынды өз үнімен тәрбиелеген сирек құбылыс. Ол – әнші ғана емес, мәдениет кодын сөйлеткен қайраткер. Ол барда қазақтың дәстүрлі әні тірі. Ол барда, қазақ дауысы – асқақ. Ол барда, ұлт өзін ұмытпайды.

Осындай ұлт перзентінің Қазақстанның Еңбек Ері атануы да заңдылық деп білеміз. Бүгін ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнер иесіне мәртебелі атақты өз қолымен табыстады.