Жақында ғана Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың V отырысы өтті. Ауыл шаруашылығы, су тапшылығы, жол және жергілікті басқару мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл бастамалар аймақтардың дамуына қандай өзгеріс әкелмек?
«Заң қабылданса, 3,5 миллионға жуық халықтың жағдайы жақсарады»
Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов ел дамуы мен өңірлердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар өзекті мәселені көтерген еді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформалар мен жүйелі бастамалардың нәтижесін халық нақты сезіне бастады.
Атқарылып жатқан іргелі істер мен байыпты бастамалардың мазмұны мен мәнін халық жоғары бағалайтынына көз жеткізіп отырмыз. Әсіресе жаңадан құрылған Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында жұмыстар жүйеленіп, нақты құрылымға ие болды және өз нәтижесін беруде. Мұның жемісін қарапайым халық көріп отыр, – деді ол.
Нұртай Сабильянов бұл өңірлердің дамуына мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмалары айрықша серпін бергенін айтты.
Оқи отырыңыз:
Жаңа облыстардағы ауқымды жұмыстардың жүзеге асуына осы өңірлерді қаржылай қолдау жөнінде берген тапсырмаңыз үлкен ықпал етті. Соның нәтижесінде қомақты қаржы бөлінді. Өзім сайланған Абай облысына алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 1 триллион 200 миллиард теңге қарастырылды. Бұл – өңіріміз үшін бұрын-соңды болмаған нақты әрі қомақты қолдау, – деді депутат.
Сондай-ақ ол шығыс өңірлердегі жол инфрақұрылымының жақсара бастағанына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.
«Өскемен – Аягөз – Талдықорған», «Қалбатау – Майқапшағай», «Семей – Өскемен» бағытындағы республикалық жолдар жөнделіп, көлік қозғалысы едәуір жақсарды. Осы тұрғыдан алғанда, «Қарқаралы – Аягөз – Бұғаз» автожолын жөндеу аса маңызды. Бұл жол толық жаңартылса, шығыс пен орталық өңірлер арасындағы байланыс нығая түсер еді, – деді ол.
Құрылтай барысында шекара маңындағы аумақтарды дамыту мәселесі де көтерілді. Депутат бұл бағытта әзірленген заң жобасының стратегиялық маңызын ерекше атап өтті.
Сіздің Бурабайдағы құрылтайда айтқан ұсынысыңызға сәйкес, ел тарихында алғаш рет шекаралық аумақтарды дамытуға арналған заң жобасы әзірленді. Бұл – еліміздің аумақтық тұтастығы мен экономикалық тұрақтылығын нығайтатын маңызды құжат. Заң қабылданса, 65 шекаралық ауданда тұратын 3,5 миллионға жуық халықтың жағдайы жақсарады, – деді Нұртай Сабильянов.
Депутат шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне де арнайы тоқталды. Оның айтуынша, жоғары пайыздық несие бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.
Қазір банктер кәсіпкерлерге 20-25 пайыздық мөлшерлемемен несие ұсынып отыр. Бұл – бизнесті дамытуға үлкен кедергі. Сондықтан кәсіпкерлікті қолдау үшін жеңілдетілген несие жүйесін енгізу қажет, – деді ол.
Сонымен қатар мемлекет тарапынан бизнесті қолдауға бөлінетін қаражаттың тиімділігі тұрақты түрде талданып отыруы тиіс екенін айтты.
Бизнесті қолдаудың мемлекетке қайтарымы болуы керек. Ол – жаңа жұмыс орындары, өндірісті дамыту және экономикалық өсім, – деп атап өтті депутат.
Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесіне келгенде, ауыл әкімдерінің қаржылық дербестігін арттырудың маңызын көтерді.
Ауыл әкімдерінің құзыретін кеңейту жөніндегі тапсырма өте өзекті. Білім саласын қаржыландыруды облыстық бюджеттен аудандық бюджетке қайтару қажет. Шалғай ауылдағы бір мектептің жылу жүйесі істен шықса, мәселені жедел шешу қиын, бұл ретте аудан әкімдерінің нақты өкілеттігі болуы тиіс, – деді ол.
Ауыл медицинасындағы кадр тапшылығы да назардан тыс қалмады.
Ауылға барған жас дәрігерлерге берілетін 8,5 миллион теңге көлеміндегі көтерме жәрдемақы барлық өңірде бірдей тиімді жұмыс істеп отырған жоқ. Осы қолдауды «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен біріктіріп, дәрігерлерді ауылдармен қатар шағын қалаларға тартудың нақты тетіктерін енгізу қажет, – деді депутат.
Нұртай Сабильянов экологиялық мәдениетті қалыптастырудағы «Таза Қазақстан» бастамасының маңызын атап өтті.
«Таза Қазақстан» – бұл жай ғана акция емес, ұлттық жауапкершілікке негізделген қозғалыс. Жастарымыз 2203 шақырым жолды тазалап, баршамызға үлгі көрсетті. Бұл бастаманы әрбір азамат қолдауы тиіс, – деді ол.
Депутат Тәуелсіздіктің 35 жылдығы аясында бұл бастаманы жаңа деңгейге көтеру қажеттігін айтып, ой түйіндеді.
Мерейлі белестер тойлаумен емес, санамыздың өзгергенін, жақсы әдеттердің қалыптасқанын көрсететін нақты істермен есте қалуы керек, – деді Мәжіліс депутаты.
«Өңірлерді дамытуда бірдей үлгіден бас тартып, жеке модельге көшу қажет»
Саясаттанушы Асхат Қасенғали V Ұлттық құрылтайда өңірлерді дамытуға қатысты бастамалар ішкі саяси өзгерістермен қатар, әлеуметтік-экономикалық бағытта да жан-жақты қаралған деп есептейді. Оның сөзінше, құрылтайдың алғашқы күнінде 200-ге жуық ұсыныс ортаға салынып, мәдениет пен саясаттан бастап, ауыл шаруашылығы, су ресурстары және логистика сияқты өңірлік дамуға тікелей әсер ететін салаларды қамтыған.
Өңірлерді дамытудың негізгі тетіктерінің бірі – ауыл шаруашылығы. Халықтың үштен бірі ауылда тұратынын ескерсек, бұл бағыттағы шешімдер өте маңызды. Құрылтай аясында шикізаттық өнімнен терең өңдеуге көшу ұсынылды, бұл жеңіл өнеркәсіпті күшейтіп, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға және жүйесіз урбанизацияны бәсеңдетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мамандарына берілетін субсидияны әділетті бөлу мәселесі де көтерілді, – дейді саясаттанушы.
Асхат Қасенғали су тапшылығы мәселесі өңірлер үшін ең өзекті тақырыптардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, су ресурстарының азаюы өңірлік тұрақтылыққа тікелей әсер етіп, ішкі миграцияның күшеюіне әкелуі мүмкін.
Су тапшылығы тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге ортақ мәселе. Осыған байланысты суды үнемдейтін технологияларды ірі ауыл шаруашылығы қожалықтарына қолжетімді ету ұсынылды. Президенттің Арал теңізі мәселесін көтеріп, Көкарал бөгетін биіктету туралы айтқаны – сол өңірдегі халық, балық шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды. Сонымен қатар көршілес елдермен су ресурстарын бірлесіп реттеу және су қоймаларының санын арттыру күн тәртібінде тұр, – деп атап өтті ол.
Саясаттанушының сөзінше, логистика саласына ерекше мән берілуі де өңірлердің дамуына серпін береді.
Қазір еліміздің батысы мен шығысын жалғайтын бірқатар ірі автокөлік және теміржол жобалары іске асуда. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», «Қызылорда – Жезқазған», «Бейнеу – Сексеуіл», «Достық – Мойынты», «Алтынкөл – Жетіген» секілді бағыттардың дамуы өңірлер арасындағы байланысты күшейтіп, сауда-саттықты жандандырады. Себебі жол – экономиканың күретамыры, – дейді Асхат Қасенғали.
Саясаттанушы Құрылтайда ұсынылған жобалардың басты ерекшелігі – өңірлерге бірдей үлгі қолданудан бас тарту екенін айтады.
Құрылтай аясында өңірлерге қатысты жобалар жалпыға ортақ модельден алшақтап, әр өңірдің ерекшелігін ескеретін жеке модельге көшуге бағытталды. Бұл – дұрыс қадам, өйткені Қазақстанның әр өңірі ерекше және әрқайсысына жеке экономикалық модель қажет. Сонымен бірге жеке инвестицияға басымдық беру мәселесі айтылды: егер бұрын жобалар көбіне мемлекет қаражатына салынса, соңғы жылдары жеке инвестицияға көбірек назар аударылып отыр, – дейді саясаттанушы.
Асхат Қасенғали Құрылтайда қабылданған шешімдердің өңірлерде нақты іске асуы бірқатар институционал тетіктерге тікелей байланысты екенін айтады. Оның сөзінше, Ұлттық құрылтай – кеңес беретін, ұсыныс айтатын алаң болғандықтан, ондағы бастамалар міндетті түрде нақты механизмдер арқылы бекітілуі керек.
Ұлттық құрылтай – ұсыныс айтатын алаң, ал жүздеген ұсыныстың орындалуы үшін олар заңға немесе нақты жобаға айналуы шарт. Бұған дейін Құрылтайда көтерілген бірқатар мәселенің заңға айналғанын, кей ұсыныстарға мемлекет тарапынан қаржы бөлінгенін көрдік. Егер ұсыныстар орталықта қалып қойып, бюджетпен бекітілмесе, ол тек ұсыныс күйінде қалады. Сондықтан жергілікті бюджеттердің дербестігін күшейту маңызды, – дейді ол.
Саясаттанушы өңірлерде шешімдердің тиімді іске асуы әкімдердің жұмысына қойылатын талаптарды қайта қараумен де байланысты екенін атап өтті.
Ұсыныстардың орындалуы көбіне орталықтың шешімі мен бюджетті бөлуіне тәуелді. Сол себепті Құрылтайда айтылған маңызды бастамалар жобаларға, заңдар мен нормативтік құжаттарға айналуы қажет. Сонымен қатар әкімдердің жұмысын бағалау жүйесін өзгертіп, жобаларды іске асыру бойынша рейтингтер мен өңірлік және мемлекеттік мониторинг енгізу керек, – деді ол.
Асхат Қасенғалидің айтуынша, Құрылтайда қабылданған шешімдердің әсері өңір тұрғындарының күнделікті өмірінде сезіледі. Ұсыныстар әр өңірдің ерекшелігіне қарай жіктеліп, нақты мәселелерді шешуге бағытталған.
Арал маңы мен оңтүстік өңірлер үшін ең өзекті мәселе – су тапшылығын реттеу, өйткені бұл ауыл шаруашылығына тікелей әсер етеді. Ал көмір өндірісіне Ұлттық жоба мәртебесін беру кеншілердің жұмысына серпін беріп, саланың дамуын жеделдетеді. Логистика өңірлер арасындағы байланысты күшейтсе, энергетика саласындағы шешімдер өнеркәсіп кешендерінің тұрақты жұмыс істеуіне және жаңа кәсіпорындардың ашылуына жол ашады, – дейді саясаттанушы.
Оның айтуынша, бұл бастамалар тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп, қалаға жаппай көшу қарқынын бәсеңдетеді.
Мұндай шешімдер жұмыс орындарын сақтап қана қоймай, жаңа жұмыс көздерін ашуға ықпал етеді. Соның нәтижесінде урбанизация үдерісі тежеліп, өңірлердегі әлеуметтік жағдайды оңтайландыруға нақты әсер етеді, – дейді Асхат Қасенғали.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық құрылтай мәдениетке не беретіні жайлы жазған едік.