Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Көкшетауда өткізуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шын мәнінде, мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан – Сарайшықта, Абылай хан – Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында – Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық Құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын, - дейді Президент.
Президент Ұлттық құрылтай жұмысы жүйелі, маңызды қоғамдық институт ретінде қалыптасқанын айтты.
Құрылтай мүшелері нағыз елдік мәселелерді көтеретін «біртұтас командаға» айналуға тиіс. Сіздер жұмыс барысында көптеген ұтымды ұсыныс беріп жүрсіздер. Бірқатар бастама жүзеге асырылып жатыр. Бүгін де жаңа идеялар айтылды. Оның бәрі мұқият қаралып, маңызды ұсыныстар бойынша нақты шаралар қолға алынады. Құрылтай барынша тиімді әрі оңтайлы қызмет етіп жатыр деп санаймын. Алдағы уақытта да белсенді жұмысты жалғастыра берген жөн, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.