2022 жылы Қазақстанда жаңа қоғамдық-саяси формат – Ұлттық құрылтай жұмысын бастады. Бұл алаң ел дамуының стратегиялық бағыттарын талқылап қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді мемлекеттік шешімдерге айналдыруды мақсат етті. Араға бірнеше жыл салып, құрылтай көтерген бастамалардың бір бөлігі нақты реформаларға ұласты. Ендеше 2022 жылдан бастап бүгінге дейін өткен құрылтай отырыстарында қандай мәселелер көтерілді және қай ұсыныстар жүзеге асқанына шолу жасаймыз.
2022 жылдан бері төрт отырыс өткізілді, әрқайсысы белгілі бір тақырыпқа арналып, саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық мәселелерді қамтыды. Бұл отырыстарда көтерілген бастамалардың көбі заңнамалық деңгейде қолдау тауып, іс жүзінде орындалды және әліде іске асырылу үстінде.
Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытау облысында өтті, бұл жердің тарихи маңызы ескеріліп таңдалды. Отырыстың негізгі тақырыбы – ұлттық бірлікті нығайту және реформаларды талқылау. Көтерілген мәселелер арасында қоғамдық қатысуды кеңейту, бейбіт жиналыстар туралы заңды жетілдіру, сайлауда әйелдер мен жастардың квотасын (30%) енгізу, Республика күнін ұлттық мереке ретінде қалпына келтіру және ұлттық мүдделерді ілгерілету болды. Президент Тоқаев елдің негізгі басымдықтарын атап өтті, олардың ішінде әлеуметтік бірлік пен қоғамдық диалогқа ерекше назар аударылды.
Жүзеге асқан бастамалар: Республика күні ұлттық мереке ретінде қалпына келтірілді, әйелдер мен жастардың саяси қатысуына қатысты заңнамалық өзгерістер енгізілді, жалпыхалықтық референдум арқылы Конституцияға түзетулер қабылданды. Бұл отырыс қоғамдық өзгерістердің негізін қалады, Парламент құзыры кеңейді, адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды.
Түркістан қаласында өткен екінші отырыстың тақырыбы – «Әділетті Қазақстан – адал азамат». Мәселелер арасында мемлекеттік рәміздерді жетілдіру (облыстардың елтаңбаларын біріздендіру, марапаттарды тарихи тұлғалардың есімдерімен атау), тарихи өзін-өзі тану (Қазақстан тарихының көптомдық басылымын дайындау, археологиялық зерттеулерді жаңғырту), мәдени мұраны сақтау (KazAID агенттігіне қолдау, Хожа Ахмет Яссауи кесенесіне ұлттық мәртебе беру және ЮНЕСКО тізіміне енгізу), жастар тәрбиесі (мектептерде еңбек сабақтарын қалпына келтіру, нашақорлық, вейп, құмар ойындарға қарсы күрес), шекаралық аймақтарды дамыту («Ауыл – ел бесігі» жобасы) және мемлекеттік аппаратты жаңарту болды.
Жүзеге асқан бастамалар: Мектептерде еңбек сабақтары қалпына келтірілді, нашақорлыққа қарсы кешенді жоспар қабылданды, «Ел бірлігі» мемлекеттік марапаты енгізілді, Алматы және Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салынды, Қазақстан тарихының көптомдық басылымы дайындалуда. Сондай-ақ Ұлттық кітап күні енгізіліп, мәдени мұраны дәріптеу шаралары қолға алынды.
Оқи отырыңыздар:
Атырау облысындағы Сарайшықта өткен үшінші отырыстың тақырыбы – «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс».
Көтерілген мәселелер: қазақ тілін күнделікті өмірде, бизнесте, техникада және ғылымда кеңейту, ұлттық құндылықтарды білім жүйесіне енгізу, әлеуметтік аурулармен күрес, инфрақұрылымдық даму (жылу көздерінің 55%-ын жаңғырту, тұрғын үй бағдарламалары, жолдарды реконструкциялау), Жошы ұлысының мұрасын сақтау және ЮНЕСКО тізіміне енгізу, петроглифтер мен археологиялық орындарды қорғауға арналған заңнама.
Отырыста Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және бала құқықтары уәкілі өзекті мәселелерді көтерді, тарихи дау-дамайлардың қажетсіздігі талқыланды.
Жүзеге асқан бастамалар: Әлеуметтік ауруларға қарсы заңнамалық өзгерістер енгізілді, «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны басталды, құмар ойынға қарсы 2024-2026 жылдарға арналған жоспар қабылданды, рәміздер жүйелендірілді, Жошы ұлысының 800 жылдығы мерекеленді. Сондай-ақ экономикалық өсімге байланысты инвестициялар артты.
Бурабайда өткен төртінші отырыстың тақырыбы – «Әділетті Қазақстан: Бірлік, тұрақтылық, даму» деп аталды. Көтерілген мәселелер: салық реформасы (қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру, заңнамалық олқылықтарды түзету), қоғамдық әдепті реттеу, теріс ағымдар мен алаяқтыққа тосқауыл қою, отандық кино және анимацияға идеологиялық мән беру, әйелдер колониясындағы жағдайды түзету және қылмыстық-атқару жүйесін қайта қарау тағы басқа мәселелер көтерілді. Президент Тоқаев үш жылдағы реформаларды (саяси өзгерістер, жергілікті билікті жаңарту, әлеуметтік инвестициялар) қорытындылады, ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.
Жүзеге асқан және үстіндегі бастамалар: Салық реформасы бойынша жұмыстар басталды, Ұлттық цифрлық архивтің жол картасы бекітілді, инфрақұрылымдық жобалар (Қашаған газ өңдеу зауыты, газ құбырлары, электр стансалары, су тұщытатын зауыттар, автокөлік және теміржол жолдары) жоспарланды, 53 шарадан тұратын іс-қимыл жоспары қабылданды. «Жайлы мектеп» жобасы жалғасуда. «Қазақстан балалары» және «Адал азамат» бағдарламалары енгізілді.
Ұлттық құрылтай 2022 жылдан бері Қазақстанның жаңа саяси мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналды. Әр отырыста көтерілген мәселелер – ұлттық бірліктен бастап экономикалық реформаларға дейін қоғамдық диалогты күшейтіп, нақты нәтижелерге әкелді.
Бесінші отырыс 2026 жылдың 20 қаңтарында Қызылорда қаласында өтеді деп жоспарланып отыр.