Ұлттық құрылтай тиімді диалог алаңына айналды - Ерлан Қарин

15 Наурыз, 10:55 951

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы шеңберінде жұмыс секцияларының мәслихаттары өткенін айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Ол ҚР Президентінің көмекшісі Руслан Желдібайдың модераторлық етуімен «Азаматтық қоғам» секциясы, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның модераторлығымен «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы жұмыс істегенін мәлімдеді.

Түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың жетекшілігімен «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секциясының, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің модераторлық жасауымен «Білім және ғылым» секциясының отырысы өтті. Жалпы алғанда, төрт секцияның жұмысында Ұлттық құрылтайдың 70-ке жуық мүшесі сөз сөйлеп, 100-ден аса ұсыныс пен бастама көтерілді. Секцияларда айтылған ұсыныстардың басым бөлігі қоғам бірлігін одан әрі нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге, елдің ғылыми әлеуетін көтеруге, мәдениет саласын қолдауға, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға, көші-қон мәселесін реттеуге және қоғамдағы өзге де өзекті мәселелерге қатысты жасалды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің мұндай белсенді қызметі аталған азаматтық институттың қоғам мен мемлекет арасында тиімді диалог алаңына айналғанын көрсетеді», – деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске салайық, бүгін Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қарсаңында төрт бағытты қамтитын шағын секциялық жиындар өтті.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: