Ұлттық құрылтай: Сарапшылар қоғамды біріктіруге қатысты ұсыныстарын айтты

16 Маусым 2023, 13:13 996

16 маусымда Түркістан қаласында Ұлттық құрылтайдың алдағы отырысы аясында «Қоғамдық консолидация»жұмыс секциясының отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлттық құрылтай мүшелері азаматтық қоғамды дамыту және этносаралық бірлікті нығайту, қоғамдық бірлестіктердің қызметін заңнамалық реттеу, ұлттық идеологиялық күн тәртібін қалыптастыру ерекшеліктері, өңірлердегі қоғамдық кеңестердің рөлі мәселелерін талқылады.

Сессия аясында белгілі қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, өңірлерден келген қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ басшылары, сарапшылар: Бану Нұрғазиева, Азат Перуашев, Уайс Ерсайынұлы, Бәйділдә Жылқышиев, Нұртай Сабильянов, Ахмет Мұрадов, Айгүл Орынбек, Талғат Қалиев, Тәттігүл Талаева және басқалар сөз сөйледі.

Жеке талқылау блогы халық арасында құқықтық сауаттылықты арттыру тақырыбына арналды. Сарапшылар нотариустарды, адвокаттарды, полиция қызметкерлерін, прокуратура мен сот орындаушыларын тарта отырып, азаматтар үшін қоғамдық консультациялар ұйымдастыру тәжірибесін жаңартуды ұсынды.

Сонымен қатар, Ұлттық құрылтай мүшелері отандық БАҚ пен медиа контентті дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ олардың қоғамдық шоғырландыруды нығайту құндылықтарын ілгерілетудегі рөлі туралы пікірлерімен және ұсыныстарымен бөлісті.

Талқылау қорытындысы бойынша Ұлттық құрылтай мүшелерінің ұсыныстарын іске асыру жөніндегі арнайы іс- шаралар жоспарын әзірлеуге қатысты шешім қабылданды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: