Ұлттық қордың валюталық активтерін $100 млрд-қа дейін өсіру жоспарда бар – Байбазаров

21 Маусым, 16:02 524

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Парламент палаталарының бірлескен отырысы барысында депутаттардың сұрақтарына жауап бере отырып, Ұлттық қорды ұлғайту жөніндегі шаралар туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда нысаналы бағдарлардың бірі – Ұлттық қордың валюталық активтерін 2030 жылға қарай $100 млрд-қа дейін өсіру.

Екінші жыл шығындарға қатысты тиісті бюджеттік ережелер қолданылуда. Салық заңнамасында кіріс базасын нығайту есебінен бюджет параметрлерін неғұрлым сапалы теңгерімдеу, сонымен бірге олардың экономикалық кірісіне баса назар аудара отырып, шығыстарға басымдық беру арқылы жүзеге асырылып жатыр. 

2024-2027 жылдарға Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері жыл сайын 2 трлн теңге сомасында бекітілді. 2025-2029 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына (1 кезең) сәйкес, 2024-2025 жылдары жыл сайын 1,6 трлн теңге мөлшерінде нысаналы трансферт бөлу көзделген. Бұл ретте 2026-2027 жылдары бұл шара жоспарланбайды.

Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, орта мерзімді кезеңде мұнайдың барреліне $75 бағасы кезінде Ұлттық қор түсімдерінің 2025 жылғы 5,8 трлн теңгеден 2027 жылы 6,7 трлн теңгеге дейін ұлғаюы болжанып отыр, – деп атап өтті вице-премьер.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: