Ұлттық қордан балаларға 150 доллар емес, неге 100 доллар түсті? Қаржы вице-министрі жауап берді

1 Ақпан, 11:12 2538

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша БЖЗҚ-ға 18 жасқа дейінгі балалардың алғашқы жинақтары түсті. Сенат кулуарында қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков 150 доллар емес, неге 100 доллар түсті деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық бала қатысушы ретінде тіркелді.

Вице-министр сол кездегі есептеулерге сәйкес балалардың саны 6 миллион 400 мың болғанын, бүгінде бағдарламаға қатысушы балалардың саны 6 миллион 917 мыңға жетіп, саны артқанын тілге тиек етті.

Сол есептеулерге сәйкес бөлініп отырған қаражаттың сомасы – 695 миллион доллар. Оны 9 миллион 919 мың 131 балаға бөлетін болсақ, сондағысы 100 АҚШ доллар 52 центтен шығып тұр. Біздің алдымызда тұрған мақсат - инвестициялық табысты ұлғайту, – деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар вице-министр биыл 18 жасқа толған балалар бүгіннен бастап түскен 100 долларын шешіп алатынын айтты. Тілшінің «18 жасқа толған бала 45 мың теңгесін қайда жұмсай алады? Бұл қаражат оқуға жұмсауға және үй алуға жеткілікті деп есептейсіз бе?» деген сауалына вице-министр жеткіліксіз екенін атап өтті.

Әрине, жеткіліксіз. Осы бағдарламаның тиімділігін тек қана 18 жыл осы бағдарламада болатын балалар ғана көре алады. 100 доллар алатын бала «Отбасы банкі» арқылы депозит ашып, соған салып қоюына болады немесе бұл ақшаны «Бонус» деген бағдарлама бар, соған да жинақтай алады. Өзінің қосымша жинаған қаражаты болса, соны қосып жұмсауына болады, – деді қаржы вице-министр Дәурен Темірбеков.

18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: