Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің ұйымдастырушысы, журналист Жүрсін Ерман 73 жасқа толды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақын айтулы күнде «Таңшолпан» бағдарламасына сұхбат беріп, айтысқа деген халыцқ ықыласын арттыру үшін биыл бірқатар жоба қолға алынатынын алға тартты.
«Асыл домбыра» деген мегажобамызды жүзеге асырамыз деп отырмыз. Айтыстың қадірі кетті ме, халықтың ықыласы азайды ма деп, соны күшейту үшін бес көлікті жүлдеге қойып жатырмыз. Республика сарайына халықты жинай алсақ, ұлттық өнердің той-думанын жасаймыз ба деп жоспарлап отырмыз. Оның ар жағында бірнеше айтыс бар. Жамбылдың туған күнінде жылда өтетін дәстүрлі айтыс бар, наурыз, студенттер айтысы бар, - деді Жүрсін Ерман.
Еңбек сіңірген қайраткер айтыстан алшақтамағанын, жастарға жол көрсету үшін де осы салада жүргенін тілге тиек етті.
Мемлекет қамқорлығына ала бастады. Айтыс жасай береді, мен бар болсам да, жоқ болсам да. Саналы ғұмырымда ұлттық өнерді өлтірмеуге әрекет жасадым. Бүгінде ол халықаралық дәрежеге көтеріліп, тыңдарманы көбейді, - дейді қайраткер.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ерман Жүрсін Молдашұлы 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысының бұрынғы Қарсақпай ауданындағы Сталин ұжымшарында туған.
Еңбек жолын 15 жасында Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ҰУ, Алматы жоғарғы партия мектебін бітірген.
1978-1980 жылдары Жезқазған облыстық теледидарында бас редактор, 1983-1992 жылдары Қазақ республикалық теледидарында бас редактор қызметін атқарды. «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімдерін басқарды.
2006-2010 жылдары Қазақ радиосының және «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Бас директоры қызметтерін атқарған.
2013-2016 жылдары Республикалық Кітап мұражайының директоры болып қызмет істеді.
Жезқазған теледидарында қызмет істеген жылдары (1972-1980) ақындар айтысының теленұсқасын жасау арқылы асыл мұраны жаңғырту жолын бастады. 1984 жылдың наурыз айынан бергі отыз жыл бойы айтыстың республикалық телеарналардан насихатталу ісіне бас ие болып келеді.
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі. «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба...», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Гөй-гөй», т.б. кітаптары жарық көрген.
М. Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте иегері. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері. «Құрмет» орденімен марапатталған. Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының төрағасы.