Ұлттық олимпиада комитетінің жаңа бас хатшысы тағайындалды

27 Қыркүйек, 14:45 402

Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстан ҰОК басқарушы органының отырысына Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, ҚР спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев, сондай-ақ, олимпиадалық спорт түрлері бойынша 31 Ұлттық спорттық федерациялардың өкілдері қатысты.

Геннадий Головкин спортшылардың Париж Олимпиадасындағы жетістіктеріне тоқталып, жарыс циклінің әлі де жалғасып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін келесі жазғы ойындарға дайындықты қазірден бастау керектігіне назар аударды.

Бас Ассамблеяның күн тәртібінде қаралған сұрақтардың бірі – жаңа бас хатшыны сайлау. Геннадий Головкин Әлімжан Ақаевтың  кандидатурасын ұсынып, ұсынысты қатысушылар бірауыздан бекітті. 

Бас Ассамблея мүшелеріне маған сенім артып, мен ұсынған кандидатты қолдағаны үшін алғыс айтамын. Әлімжан Ақаевты жаңа қызметке сайлануымен құттықтаймын. Оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі алға қойылған мақсаттарға жетуге көмектесеріне сенемін, - деді Геннадий Головкин.

Әлімжан Ақаевтың  мемлекеттік басқару  магистрі дәрежесі (Дрейк Университеті, Дес Мойнес, Айова штаты, АҚШ), Іскерлік басқару магистрі дәрежесі (Солтүстік Айова магистрі, Седар-Фоллс, Айова штаты, АҚШ), Сыртқы саясат саласындағы Мемлекеттік басқару дипломы (Ресей СІМ Дипломатиялық Академиясы, Мәскеу, РФ) бар.

Әлімжан Ақаев жеті жыл көлемінде Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің халықаралық  қатынастар Департаментін басқарып, халықаралық форумдар мен конференцияларда Қазақстан Ұлттық ҰОК мүддесін қорғады және Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы  байланысы мен беделін нығайту жолында қызмет етті.

2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан ҰОК президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: