Ұлттық музыкадан безінбеу керек – Ілия Жақанов

18 Қазан 2022, 14:52 4173

Жайлаукөл кештері. Ырғақты, нәзік иірімге толы бұл ән Ілия Жақановтың елін, жерін шексіз сүюінен туған туынды болса керек

Қазақстан және Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, көрнекті композитор, белгілі жазушы Ілия Жақановтың болмысы қазақ халқының табиғатымен үндес. Қоңыр мінезді, байыпты, парасатты тұлғаның туындылары – тап-таза күйінде мөлдіреп түскен дүниелер. Содан болар, оның ән-романстарын жұртшылық сүйіп тыңдайды. Мамандығы әдебиетші болса да, қазақ ән өнеріне олжа салған көрнекті композитор атанды. Зерттеушілік, суретшілік қыры да – бір төбе.

Жайлаукөл кештері. Ырғақты, нәзік иірімге толы бұл ән Ілия Жақановтың елін, жерін шексіз сүюінен туған туынды болса керек. Евгений Брусиловский: «Бұл жігіт – нағыз халық композиторы. Ол даланың музыка академиясын бітірген», – деген екен. Расында да, Ілия ағамыздың қандай шығармасы болмасын, ұлтымыздың ән-әуезін сұлу тұрпатында жеткізетіндей. Иә, ғибратты ғұмыр мәнсіз-мағынасыз ілби басқан өмірмен өлшенбейді.  Бұлқынып жатқан бұла күшті бағамдап, ішкі жан-дүниедегі  рухани аңсарды аңғара білген жандар ғана ел аузында. Ондай адам қашанда халықтың назарында. Біз де Ілия ағамызбен телефон арқылы хабарласып, әңгімеге тартқан едік. Өйткені, ол кісінің өмір өнегесі, сіңірген еңбегі, арқалаған аманаты жас ұрпаққа үлгі.

Армысыз! Адам өмірінің ең бақытты кезі балалық шағы дейді. Сіз де бала болдыңыз, әңгімені бастамас бұрын сол бір шаққа саяхат жасасақ.

– Соғыс басталғанда мен есімді білер-білмес баламын. Ауыл мектебінің директоры болған әкем және оның інісі Жақып алғашқылардың бірі болып майданға аттанды. Тарының өзі таптырмайтын уақытта біз сияқты балаларға  өмір сүрлеуі соқпақсыз болған жоқ. «Бәрі де майдан үшін!» деп, күндіз-түні дала жұмысына жегілген сол кездегі ауыл халқының бала тәрбиесіне қарайтын уақыты қайдан болсын. Алайда, әр таңды ұйқысыз атырып, әр күнді еңбекпен батырса да анамыз өз ұрпағының ертеңін ойынан бір шығарған емес. Қанша қиналып жүрсе де бізді көргенде жаны жақсылыққа, жүрегі нұрға, кеудесі қуанышқа тола ма, әйтеуір үнемі күлімсіреп тұратын.  Ол оның өз ұрпағының келешегіне бейжай қарамайтындығы ғой.                                                                                                    

Ол кезде теледидар жоқ, радио да шалғай ауылда үнемі істеп тұрмайды. Кітап оқуға уақыт барма. Қазақтың қайтпас қара шалдары жинала қалса өткен-кеткеннен әңгіме қозғайтын. Солардың әңгімесі маған қызық еді. Менің байсалды болып өсуіме сол ата-әжелердің әңгімесі арқау болған шығар. Ең бастысы сөзге ықылас қоюшы едім. Бала кезімде естіген ертегілерім мен қиссаларым әлі күнге дейін есімде.

– Қазақ халқы – рухани зор байлықтың мұрагері. Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы-сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні сан ғасыр бойы өз ұрпағын тәрбиелеп келген ғой. Ал бүгінгі ұрпақ үшін бұл тәрбие неге жарамсыз болып қалды?

– Қай заманда, қандай қоғамда болмасын, басты міндет – ұрпақ тәрбиесі. Жан-жақты жетілген, ақыл парасаты асқақ, мәдениеті мол, саналы ұрпақ тәрбиелеуде әр халықтың өмірлік тәжірибесі бар. Мұндай ел болу жолындағы ұлттық тәрбие қазаққа да тән. Ақпарат ағыны тасқындаған бүгінгі аумалы-төкпелі заманда қазіргі қазақ баласын тәрбиелеудің ұлттық негізі жалаң емес, тұғырлы болуы тиіс. Сонда ғана тәрбие шынайы. Ұрпақ санасына елдік ұғымды ұялатып, ұлттық рухты сіңіре білсек, бізді сең соқпасы анық.

Ал қазіргі жастарда өмірлік қағида жоқ. Қиындық болса қайратсыз. Көлгірсіп сөйлегенде алдарына жан салмайды, тыңдасаң сөзінің бәрі бос. Бүгінгі қазақ баласы өмірдің ағынымен бағытсыз ыға бермей, өрге ұмтылғаны абзал. Талмай ізденгендер ғана өзіне тән өмір арнасын табады.

Ат жалын тартып мінер азамат алдымен ұлтқа тән парасатталығын танытып,  рухани биіктігін байқату керек. Біздің арғы-бергі ата-бабамыз ұлттық салт-дәстүрден нәр алған тектіліктен жаралған. Тәрбиені сол тектіліктен іздесек перзентіміз де таяз болмасы анық.

Залымға билік берсең – ғалымды қаңғыртады,

Ғалымға билік берсең – дүниені жаңғыртады, – дейді.

Біз жастарымызды даналық сөздерден айырып тастадық. Өйткені, тәрбиелік мәні бар әңгіме айтатын қариялар жоқ. Мен елді көп аралаймын, кездесулерде боламын. Соның бәрінде жастар өте үстірт, жеңіл-желпі ойлы. Жастардың бәріне топырақ шашуға болмайды. Бар, сондай ертеңіне сеніммен қарайтындарды көргенде қауанғандай боламын.

Жастадың қазақы болмыстан ажырауына тағы не себеп? «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда ғана боларсың елге нұсқа» дейтін даналық бар емес пе. Ұрпақтың өмір жолына, азаматтық тұлғасын тұқыртып тұрған не?

Жастардың ұлттық болмысын, мінез-құлқын, бүкіл жан дүниесін  бүлдіретін нәрсе бұл – музыка. Қазақтың өзінің қасиетіне жат, өзінің жаны мен тәніне жат музыка – бұл сырттан келген музыка. Міне, осы музыкаға еліктеген жастар, қазақтың әнінің ұлттық нақышынан мүлде безінді. Оны қазіргі жастадың әнін, жүз жігіт шығарған әнді тыңдап көрейікші. Бұны қазақ әні деп айтуға болмайды. Олар өзінің сұрықсыз, мәнсіз, мағынасыз, ойсыз, адамның жан сезіміне сәуле шуақ беретін ешқандай лебі жоқ, демі жоқ осындай музыкамен бүкіл ой-қиялымыздың барлығын уландырып барады.

Ілия аға, әңгімеміз әнге қарай ауысып бара жатқандай. Сұңғыла саз, сұлу ән қашанда адам жүрегінің лүпілін жеткізіп, сыршыл көңілдің небір нәзік иірімдеріне итермелейді. Майда қоңыр мақпал тыныштықта саялатып, тәтті арманның ауылына жетелейді. Алайда, қазір сөзі мен сазы бір-бірінен алшақ, мәнсіз-мағанасыз әндер қаптап кеткені рас. Бұл жай сізді қынжылтпай ма?

– Тіршіліктің тіні, өмірдің өзегі өзінің қайталанбас ғажайып кескінінде, ғаламат болмысында ғой. Өнердің өміршең бояуына үңілсең сыр-жұмбаққа толы ән-әуезге малынып тұратын үндестік адамды үнемі үйіріп әкетеді емес пе. Ондай әндер қазір аз. Мен бір сұхбатымда: «Енді біздің көзіміз кеткеннен кейін, қазақта классикалық ән болмайды» деген едім. Бұл сөзіме кейбіреулер ренжіиді де. Кешегі ұлы композиторлар Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Бақытжан Байқадамов, Төлеужан Мусин, С.Мұхамеджаров, Нұрғиса Тілендиевтің көзін көрдім. Осы керемет композиторлардың ән үлгісін біз толық алдық. Өйткені олар халықтың ән дәстүрін сақтады. Сал-серілердің, халық композиторларының бүкіл ән құрылысын, әннің бүкіл сүйегін сақтады. Әуезіне қыңылау түсірген жок. Сөйтіп қазақ әндерінің классикасы шықты. Мысалы, айдаладан келген ұлты еврей Брусиловский: «Көр Алтай! Асқар алтай!» дейді, мысалы. Бұл ұлты еврей Брусиловский жазған ән. Енді Латиф Хамиди жазған қазақ вальсі «Бұлбұл» классикалық әнге айналып кетті. Ал оның бер жағында өзіміздің Ахмет Жұбанов жазған «Қарлығаштар», Бақытжан Байқадамовтың «Бөбегіне» дейін кермет жазылған. Ақиқатын айту керек, сал-серілерді жоқтаушы, дәстүрлі әндерді дәріптеуші азайды. Ән әлеміне терең үңіліп, зерделі зерттеулерімен тарихтың шаң басқан қойнауында елеусіз қалған ән-әуезді тауып алу керек.

– Атыраулық Тарас Наурызәлі есімді азамат сіздің шығармашылығыңызды зерттей отырып «Ән жанрының геологы» депті. Ал Ақселеу Сейбімбек: «Ілиядай сегіз қырлы, бір сырлы адаммен замандас болғанымызға мақтанамыз» десе, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев сізге арнап «Ақ қайың әні» атты поэма жазды. Бұны ешкім жоққа шығара алмайды. Сіз – романс жанрының шеберісіз. Осы бағытта жазылған шығармаларыңыз ұлттық бояумен, әуезділігімен, сөзінің саздылығымен ерекшеленіп тұрады. Адам жанының нәзік пернесін тап басады. Ән жазуға да көп ізденіс керек пе?

Қазақтың  әншілік мектебі қазыналы күміс көмбе. Ол әлі де зерттеуді қажет етеді. Қазіргі музыка мамандары осы арнаға үңілсе деймін. Әйтпесе, «хит» әндер деп жүріп, даланың бозторғай діріліндей болмысты әндерден мүлдем айырыламыз.

1958 жылы Ш.Қалаяқов екеумізді телеарна эфирге шақырды. Мен де, Шәмші де қазақтан шыққан ұлы компазиторлардың бойға дарытқан жандармыз. Өйткені біздің негізіміз ауылда жатыр. Ауылдағы халық музыкасының тұмадай тұнған нәрінен қуат алдық. Сондықтан да, біз шетел музыкасына еліктемедік. Шәмшінің әнінде, менің де әуендерімде ұлттық нақыш сақталды. Классикалық деңгейге көтерілді.

Қазіргі компазиторлаға айтар кеңесім, ғұмыры ұзақ ән жазу керек. Әннен «хит» жасаймыз деп ұлттық бояу, ұлы далаға тән әуенді жоғалтып алмайық. Халық жүрегіне жететін ән ғана ғұмырлы.

– Ілия аға, сіз  «Толағай», «Сырымбет», «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Еділ-Жайық», «Жайлаукөл кештері» және тағы басқа да әндерді өмірге әкелдіңіз. Бұл әндердің қайсысы болсын туған топырақ, оның сұлу табиғатына деген іңкәрлі сағыныш сезіміндей мөлдірей қалған моншақ реңдес қалпымен қатты қызықтырады әрі жан сезіміңді сұлу сазымен елітеді. Сондықтан да, әнсүйер қауымның көңілінде жаттаулы. Сұхбатыңызға рақмет, аман болыңыз!

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: