Ұлттық киножобаларға қатысты конкурстық іріктеуде дау шықты

29 Мамыр 2023, 22:47 702

Мәдениет саласындағы мәселеге Мәжіліс депутаттары араласты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елімізде шыққан шу енді қара алтынымыз мұнайдан емес, саф алтынымыз рухани өнер саласынан шықты. Мәдениет министрлігінің Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығында дау болып жатыр! Кино орталығынан шыққан бұл «киноңыз» небір детективті фильмдерді жолда қалдырады. Өйткені Ұлттық киноны қолдау орталығы 2023 жылғы мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер 153 киножобаны конкурстық іріктеуге қатыстырмай тастады. Барлығы 283 жобадан қабылдағаны тек 130-ы ғана. Сонда жобалардың жартысынан астамын далада қалдырып отыр, - дейді депутат Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, бұл бұрын-соңды болмаған эксцесс. 

Бұған дейінгі жылдарда (2019-2022жж.) Орталыққа келіп түскен киножобалардың бар болғаны 1-5% пайызы ғана қабылданбаса, биыл ол он еседен де асып кетіп, 60 пайызға жуық болды!? Яғни, 153 үміткер киножобаларды іріктейтін Сарапшылар кеңесіне жете алмай, әділ бағасын ала алмай жолда қалып отыр. Батыраштың балтасына ұшыраған бір емес, мұншама 153 жоба жолы болып, өндіріске жіберілер болса, әрқайсысында кемінде 30-60 адам жұмыспен қамтылатынын ескерсек, бұл 10 мыңға жуық адамның тағдыры. Ерекше назар аударатынымыз, бұл далада қалған жүздеген жобалар ішінде былтыр Сарапшылар кеңесі «Ең үздік сценарий» деп бір ауыздан бағалаған режиссер Азамат Шарғынның «Шырмауық» фильміндей жобалар да бар, - деді ол. 

Депутаттардың осы сауалдарына Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов жауап берді. 

Ұлттық фильмдердің мемлекеттік қаржылық қолдау алуға іріктеу кезеңінде орын алған мәселелеріне қатысты депутаттық сауалыңызға келесіні хабарлаймыз. Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сәйкес 2023 жылғы 6-30 наурыз аралығында «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұлттық фильмдер деп тануға үміткер киножобаларға конкурстық іріктеу жүргізді. Конкурсқа барлығы 283 өтінім түсті, - дейді ол. 

Оның ақпаратынша, Мәдениет және спорт министрінің міндетін атқарушының 2019 жылғы 15 наурыздағы № 64 қағиданың талаптарына сәйкес, Орталық кинокомпаниялар ұсынған өтінім құжаттамасының сәйкестігін тексерді. 

Нәтижесінде мемлекеттік қаржылық қолдауға үміткер киножобаларды қорғауға 130 өтінім жіберілді. Ашық іріктеуде қабылданбаған киножобалардың 38 өтініш берушінің негізгі қызметі экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес келмеуі, 21 киножобада құжаттар қағаз түрінде ұсынылмаған және сценарийге патенттің жоқ болуы, 94 киножобада дәйексіз деректер немесе бұрмаланған ақпарат ұсынылуы (патент киножобаның атауына сәйкес келмейді, компаниялардың салық берешегі бар, өтініш беруші іске асырған жобалар туралы растайтын құжаттар жоқ және т.б.) бойынша бұзушылықтар анықталған. Сондықтан 153 жоба қабылданбай, қайтарылды. Бұдан бөлек Министрлік пен Орталыққа іріктеуге өтпеген өтінім иелерінің 60-тан астам арыздары түсті. Арыз иелеріне ресми жауап беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - деп түсіндірді вице-премьер.

Сондай-ақ ол Орталық 11 мамырда киножобалар конкурсын өткізуге қатысты онлайн-брифинг өткізгенін айтты. 

Брифинг барысында Орталық басшылығы алдағы уақытта өтетін киножобаларды қорғау, конкурстық іріктеуге байланысты проблемалар туралы егжей-тегжейлі айтып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ Қазақстан кинематографистер одағымен, Ұлттық киноакадемиясымен және басқа да кинематографиялық бірлестіктермен туындаған мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылау бойынша жұмыс кездесулері өткізілді. 2023 жылғы 22 мамырда «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамында өткізілген 2023 жылға арналған киножобалардың ашық конкурсына Министрлікте тексеру жүргізу комиссиясы құрылды. Тексеру жұмыстары құрылған комиссия шеңберінде жүргізіледі және мәселе уәкілетті органның тұрақты бақылауында, - деді Алтай Көлгінов.

Берік Арманов
Бөлісу: