Ұлттық экономика министрі Марракеш қаласында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

16 Қазан 2023, 01:35 646

Инвестицияларға кепілдік беру жөніндегі көпжақты агенттіктің вице-президенті Джунайд Камал Ахмадпен кездесу барысында Қазақстан мен ИККА арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ә.Қуантыров атап өткендей, ҚР шетелдік серіктестер үшін әрдайым ашық және жаңа инвестициялар тарту үшін қазақстандық тарап қаржылық жоспарлауды неғұрлым ұзақ мерзімге жүзеге асырады. Сондай-ақ, ол еліміздегі орта бизнесті дамытудағы ИККА-ның әлеуетін атап өтті.

Өз кезегінде Д.К.Ахмад мырза инфрақұрылым, медицина және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Оның айтуынша, ИККА тәжірибемен бөлісуге және қажетті құралдарды ұсынуға дайын.

Сондай-ақ, Ұлттық экономика министрі ХҚК (IFC) Басқарушы директоры және атқарушы вице-президенті Махтар Диоппен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстанның банк және қаржы секторларын дамыту перспективалары, сондай-ақ "жасыл" таксономияны, квазимемлекеттік секторды, мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және Қазақстанға жеке капиталды тарту үшін инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері талқыланды.

Махтар Диоп Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі жұмысын және "жасыл" экономикаға көшу жөніндегі шараларды жоғары бағалады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар барлық маңызды бағыттар бойынша ынтымақтастықты жандандыруға келісті.

Сонымен қатар, Дүниежүзілік банк тобы мен Халықаралық Валюта Қорының Жылсайынғы күзгі кездесулері шеңберінде ҰЭМ басшысы климаттық мәселелер жөніндегі сессияға (CCDR) қатысты.

Ұлттық экономика министрі, Қазақстаннан Дүниежүзілік Банктің басқарушысы Әлібек Қуантыров қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, Қазақстанның төмен көміртекті дамуға қол жеткізу жөніндегі шаралары туралы баяндады.

Оның сөзінше, CCDR есебі еліміздегі климаттық мәселені ілгерілетуге ықпал етіп, Үкімет үшін маңызды тақырыптың біріне айналды.

"Қазақстан 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу Стратегиясын қабылдады. Осы мақсаттарға жету үшін Үкімет жол картасын әзірлеуде. Жалпы, экономиканы декарбонизациялау ұзақмерзімді перспективада климаттың өзгеру салдарына төзімді экономиканың оңтайлы моделін жасап, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді", - деді министр.

Перизат Саденова
Бөлісу: