Ақтауда қолөнер дәстүрін жаңғыртуға бағытталған «Сән Құрақ Fest–2025» фестивалі өтті. Көрмеге «құрақ құрау» дәстүрімен әзірленген көрпелер, киімдер мен аксессуарлар қойылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шараның басты мақсаты - ұлттық қолөнерді сақтап, дамыту, жас ұрпақтың дәстүрлі өнерге қызығушылығын арттыруға бағытталған. Көрмеге 15 жергілікті тігінші мен қолөнер шебері қатысты.
Көрме аясында қатысушылар құрақ құраудың жаңа тәсілдерімен бөлісіп, ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген құрақ көрпелер, төсеніштер, сөмкелер мен сәнді киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды.
Фестиваль қорытындысы бойынша Балия Қапарбаева (Ақтау қаласы) бас жүлдеге ие болды. 1 орынды Таңсұлу Қалабаева (Ақтау қаласы) иеленіп, 2 орында Болар Досанова (Шетпе ауылы) жүлделі болды. Ал 3 орынды Жанар Джалғасбаева (Қызылтөбе ауылы) иеленді. Қалған қатысушылар әртүрлі номинация бойынша марапатталды, - деді фестивальдің негізін қалаушы, Жаңаөзен «Аналар кеңесі» кабинетінің төрайымы Тілектес Болатбаева.