Ұлттық бірыңғай тестілеуге 20 жыл толды

Кеше, 20:02 291

Ұлттық тестілеу орталығы «ҰБТ-ға 20 жыл: тестілеу арқылы білім беруді трансформациялау» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрілігінің басшылығы, «Educational Testing Service» ETS (АҚШ), «AQA» (Ұлыбритания), National Foundation For Educational Research (NFER) (Ұлыбритания), Dutchtestologis (Нидерланды), «TÖMER» орталығы (Түркия), Vantage Labs компаниясы (АҚШ) сынды тестология саласындағы әлемнің жетекші компанияларының басшылары мен өкілдері, Еуразия білім беру сапасын бағалау қауымдастығының өкілдері, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Армения елдерінің емтихан орталықтарының өкілдері, сондай-ақ бағалау технологиялары мен педагогикалық өлшемдер саласындағы отандық ғалымдар мен мамандар қатысты.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек конференцияның маңыздылығын ескере отырып, бұл шығармашылық идеяларды талқылауға, болашақты болжауға, сондай-ақ озық білім мен тәжірибе алмасуға бағытталған бірегей жоба екенін атап өтті.

«ҰБТ – білім беру процесінің маңызды бөлігі. Бүгінгі таңда біздің міндетіміз – қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, алға қарай ұмтылу. Біз техниканың қарқынды дамуын толықтыру мен білімді бағалаудың жаңа тәсілдері дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, яғни уақыт талабына сай, сын-тегеурінге дайын болу маңызды», - деді министр.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов ҰБТ-ның 20 жылдық тарихындағы атаулы жетістері мен маңызды жобаларын таныстырды.

«2004 жылы енгізілген тестілеу мектеп бітірушілерінің білімін бағалауға деген көзқарастарын түбегейлі өзгертіп, елдегі жоғары оқу орындарына түсудің негізгі тетігіне айналды. ҰБТ Қазақстан білім беру жүйесінің білімді бағалау және студенттерді іріктеудегі елеулі өзгерістер мен реформаларды бейнелейтін негізгі бөлшегі болып табылады. Екі онжылдық ішінде ҰБТ заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдерге негізделген күрделі және көпқырлы жүйеге әрі Қазақстандағы білім беру жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды», - деді Болатбек Серікбайұлы.

Іс-шарада орталық қалыптасқан сәттен бері басқарған басшылары мерейтой белгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, іс-шара барысында АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің емтихан орталықтарымен білім деңгейін бағалау мен дамыту аясында өзара ынтымақтастықты қолдау мен дамытуға бағытталған меморандумдарға қол қойылды.

Кездесуде халықаралық сарапшылар бірігіп, білім берудің нәтижелерін бағалау, білім сапасын арттыру, жасанды интеллект пен білім беруді бағалаудағы жаңа технологиялар сияқты маңызды тақырыптар бойынша әлемдік тәжірибе мен жетістіктермен бөлісті.

Конференцияның секциялық отырыстарында жетекші отандық және шетелдік практик-ғалымдар өз кейстерін ұсынып, іс-шараға қатысушылармен бірегей тәжірибелерімен алмасты.

Конференцияның жұмысы 31 қазан күні екі маңызды дөңгелек үстелмен жалғасады. Біріншісінде шетелдік ғалымдармен білім беру сапасын бағалау саласындағы заманауи сын-қатерлер мен мүмкіндіктер талқыланады, ал екіншісінде педагогикалық өлшемдер саласында мамандар даярлау бағдарламаларын ұсынатын университеттердің өкілдері тестология саласындағы мамандарды даярлаудың қазіргі міндеттері мен болашағын талқылайды.

Зарина Арман
Бөлісу: