20.01.2026
12:45
736
Ұлттық бірегейлік – енді мәдени емес, стратегиялық мәселе – Тоқаев

Ұлттық бірегейлік – енді мәдени емес, стратегиялық мәселе – Тоқаев

Қызылордада өтіп жатқан Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің жедел дамуы жағдайында ұлттық бірегейлікті сақтау мәселесіне ерекше назар аударды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Президент бұл тақырыпты мәдени немесе ғылыми сала шеңберінде ғана емес, мемлекеттің идеологиялық дербестігі мен болашағына тікелей қатысты стратегиялық міндет ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамыған сайын ұлттық бірегейлігімізді нығайту өзекті бола түседі, – деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, төл тарихы мен мәдениетін заманауи электрондық форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қоса алған елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қала алады. Бұл – уақыттың өзі алға тартып отырған жаңа дәуір талабы.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық цифрлық мұра қорын құру бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

Төл тарихы мен мәдениетін электрондық форматқа көшіріп, оны жаһандық цифрлық өркениетке қосқан елдер ғана ұлттық болмысын сақтап қалады. Түптеп келгенде, бұл жұртымыздың идеологиялық дербестігіне және болашағына тікелей қатысты мәселе, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бұл бастаманы жүзеге асыру тарихи мұраны сақтаумен шектелмей, оны терең ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік береді. Ұлттық цифрлық мұра халықтың тарихи жады мен ғылым-білімін жүйелі түрде жинақтайтын стратегиялық қор болуы тиіс.

Мен халықтың жады мен ғылым-білімін жинақтайтын ұлттық цифрлық мұра қорын құру идеясын қолдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент былтырғы Ұлттық құрылтайда ғылыми еңбектерді, мұрағат материалдарын, музей қорларын және өнер туындыларын бір жүйеге келтіру қажеттігін ерекше атап өткенін еске салды. Оның айтуынша, ұлттық цифрлық мұра бұл ауқымды жұмысты заман талабына сай, жаңа технологиялар арқылы жүргізуге жол ашады.

Соңғы жылдары елімізде сан ғасырлық тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеу мен дәріптеу бағытында нақты нәтижелер бар. Соның бірі – Жошы ханға арналған көпсериялық деректі фильм.

Биыл көктемде Жошы хан туралы деректі фильмді түсіру жұмыстары аяқталады. Бұл жобаның басталғаны туралы мен Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан едім, – деді президент.

Аталған фильмнің тұсаукесері беделді халықаралық платформаларда өтпек. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл туынды Алтын Орда брендін жаһандық деңгейде танытуға ықпал етеді. Алайда президент тарихи тақырыпты игеруде тек көрнекі бейнемен шектелуге болмайтынын қадап айтты.

Тартымды визуалды бейне жасаумен қатар оның ішкі мазмұны, мән-мағынасы терең болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы мақсатта мемлекет басшысының тапсырмасымен мамыр айында Алтын Орда тарихына арналған халықаралық симпозиум өтеді. Іс-шараға әлемнің беделді ғалымдары шақырылып, тарихи деректер кешенді әрі терең талқыланатын болады.