Ұлттық өнер турасында жарық көрген баспа өнімдерінің көркемдік ерекшеліктері

9 Қыркүйек 2017, 12:32 9229

Ұлттық өнер және баспа өнімдері

Бүгінде кең қанат жайып отырған ұлттық өнерге қатысты кітаптардың көбі мемлекет тарапынан қаржыландырудың көмегімен жарық көріп жатыр. Олардың көбі оқырман қауымға да таныс. Мәселен, елордадағы беделді баспалардың бірі саналатын «Фолиант» баспасында осы уақытқа дейін ұлттық өнерге қатысты көптеген кітаптар жарық көрді.

Олардың едәуір бөлігі алыс-шалғайда орналасқан ауылдық жерлерге, аудан, облыстарға жетіп үлгерді. Бұл да бір жағынан қуанышты жағдай десе болады. Себебі, айшылық алыс жерлердегі бауырларымызға ұлттық өнер, мәдениет, тәрбие турасындағы кітаптар қажет. Сондай-ақ, ұлттық өнерге қатысты кітаптардың өзіндік ерекшеліктері бар. Оны біреуі білсе, біреуі біле қоймас. Арнайы дизайнерлердің көмегімен ұлттық қолданбалы ою-өрнектер мен безендіру суреттері аталмыш кітаптарда жиі қолданылады. Бұл да оқырманға кітапты жеткізе білудің қарапайым әрі бірсыпыра қиын түрі. Арнайы колонтитул мен колонцифрлардың, сноска мен шрифтілердің ерекше шығуы да өзіндік сұранысқа ие болып отыр. Бір атап өтерлік жайт: кітап дайын боп шыққанға дейін оқырмандарды арнайы буклет, брошюралармен қуанту болып табылады. Оларды ерекше етіп жеткізе білудің алуан-алуан әдіс-тәсілдері бар. Мысалы, мыңдаған тираждармен оқырмандарға алдын ала тарату арқылы баспадан жарық көргелі отырған кітаптардың ұлттық нақышта безендірілуі болып табылады. Көбіне брошюралар мен буклеттер жүздеген тираждармен шығып, жарық көргелі отырған кітаптардың сипаттамасы мен ерекшелігінен аз-кем ақпарат береді. Бүгінде баспа-полиграфия саласында көптеген оқулықтар мен ұлттық өнерге қатысты кітаптар барынша ұлттық бояуы қанық ерекшеліктерімен жарық көруде. Мәселен: кітаптардың қатты мұқабасы шетелдерден импортталған терілермен дайындалуда. Сондай-ақ, ішкі форзацтары тығыздығы 120 г/м2 қағаздарға басылып, түрлі-түрлі ою-өрнекпен безендіріліп жатыр. Ал ішкі, яғни басты блоктың қағаз түрі түрлі-түрлі боп келеді, мысалы: офсеттік қағаз, борлы қағаз, глянецті қағаздар. Бұл тұста осындай кітаптарды көз қызығарлықтай етіп шығаратын дизайнерлер мен технологтардың атқарар рөлі ерекше. Себебі, жарық көргелі отырған кітаптың болашағы мен өтімділігін тиісті деңгейде анықтайтын осы мамандар. Әсіресе, кітап мұқабасындағы суреттер басты рөл атқаратыны анық. Сондықтан, басылайын деп жатқан кітап қай тақырыпта жазылар болса, мұқабадағы сурет осыны меңзеп тұрғаны абзал. Осы арқылы оқырманда кітапқа деген эстетикалық талғам қалыптасып, ұлттық өнерге деген құлшынысы артады.

Кітап мейлінше көрікті болып шығу үшін тиісті мамандар мен өнертанушылардың басын қосып, оның сүйінші данасын ойлап, екшелеп- текшелеп алғаны жөн. Мәселен, көрші Ресейдің кітаптары мен біздің шығып жатқан кітаптарды салыстыруға мүлдем келмейді. Арасы жер мен көктей. Себебі, көрші елдегі кітаптардың сыртқы формасының өзіндік ерекшеліктері оқырманға бірден әсер етіп, симпатикалық әсер қалдырады. Әдетте, «безендіру» деген сөздің ұғымына макеттік үлгі арқылы қалыпталатын мәтіндік гарнитуралар, кегльдер және бейнесуреттік беттер, баспаханалық жақтаулар, сызықтар, полиграфиялық басқа өрнектеулер кіреді. Яғни, баспа өнімінің оқырманға ұсынылған безендірілуі деген сөз. Демек, басылымды, оның ішінде, ұлттық нақыштағы кітаптар, безендіру дегеніміз – басылымның мазмұнына лайықтап жасалған сыртқы түр, кескін, келбет, көрік, бейне. Баспа және баспахана жағынан ұқыптылықтың және шығарылған нәрсенің әсемділігінің аса маңызы бар. Ал, басылымның мазмұны безендіруде негізгі рөлді атқарады. Сондай-ақ, безендіру ісі басылым мазмұнына өң бергенімен қоса, оған тәуелді болады. Безендіре білу, кітапқа ерекше өң беру – аса жауапты іс. Талғамсыз дайындалған өнім бір жағынан безендірушінің беделін түсірер болса, екінші жағынан оқырманның қабылдау сезіміне, эстетикалық талғамына жағымсыз әсер етеді. Демек, баспа жұмысының жемісі болып табылатын безендіру ісі – кітап мазмұнын түсінуге, ұғынуға, қабылдауға негіз болатын дүние. Безендіру ісіне қойылатын басты талаптар мен міндеттерді орындамайынша, безендіру ісінің тәсілдері туындамайды. Ал, талап-міндеттерге – мазмұнды айқындап беру және оқырман назарын аудару; материалды түсіндіруге ықпал жасай білу қабілеттері жатады. Безендіруші осының бәрін өнерлік, шығармашылық тұрғыда басылымның мазмұнын, бас тақырыптарын, суреттерін оқырмандарға айқын да айшықты, жарасты етіп жасау керек. Ұлттық өнер тақырыбында басылған кітаптардың мазмұнын айқындау – оқырман назарына ықпал жасау, оқырмандардың мәтінді айқын түсуіне көмектесу боп табылады.

Безендіру ісінің мақсаты – басылым мазмұнын айқындау, оқырман назарына басшылық жасау, оқырманға мәтінді толық түсінуге көмектесу үшін одан әрі әрбір мәтінге тіл бітіре білуі аса маңызды. Ол үшін әрбір мәтінге, оның маңызына, мәніне, сипатына, көлеміне, жанрына лайық оқырманға айқын, ашық, әсерлі көрінетіндей етіп әріптің гарнитурасын таңдай білген абзал. Ересектерге арналған мәтіндерге кіші өлшемдегі әріптер таңдалғаны абзал. Сонымен бірге, басылым мазмұнының ішіндегі ең негізгі ойды, пікірді, көзқарас пен тұжырымды ерекшелеуге болады. Мысалы, ұлы адамдардың нақыл сөздерін, халықтың мақал-мәтелдерін де басқа шрифтпен немесе курсивті, қанық және т.б. етіп жазуға болады. Кітаптағы мәтіндік және суреттік ақпараттарды әртүрлі мәнерлі жақтаулармен, сызықтармен қоршау, оқшаулау, бөлектеу арқылы өзіндік рең бере аламыз. Бүгінде елордалық көптеген баспа мекемелері де соңғы үлгідегі бағдарламалармен және жабдықтармен қамтамасыз етуді негізге алуда. Компьютерлік есептеу қуаты мен жетістіктері арқылы кез келген баспалық операцияларды арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асыруға болатыны белгілі.

Негізгі мәтін-бейне материалдары Microsoft Word бағдарламасында теріліп, ұлттық ою-өрнектер, орнаменттер In Design, Corel Draw, Photoshop бағдарламалары арқылы қалыпталады. Қазіргі кезде баспа-редакциялық жұмысқа қатысты компьютерлік бағдарламалардың саны өте көп және олар қарапайым мәтін теруден бастап, автоматты беттеу, орфографиялық қателерін көрсету, бір тілден екіншісіне аудару, безендіру, фотосуреттермен көркемдеу, түрлі-түсті материалдары әр түске бөлу сияқты күрделі міндеттерге дейін оңай әрі жедел шешіп беруге көмектеседі. Операцияларды басқарып, басылым көрсеткіштерін беріп, реттеп, не шектеп отыратын адам, оның ақыл-ойы, кәсіби машығы болып табылады. Оның басқарушысы да, жетекшісі де білікті маман болуы қажет. Баспагер меңгеретін бағдарламалардың саны жеткілікті. Қазіргі компьютерлік бағдарламалардың интерфейстері ұқсас бағытталғандықтан, бірнеше бағдарламаны жетік меңгерген адамның келесі бағдарламалармен оңай жұмыс істеп-басқарып кетуіне негіз жасалған. Мұны кейінгі жылдардың жетістігі деуге болады. Қазіргі суретті интерфейс бәрін көз алдыңа тізіп қояды. Мұның өзі де жаңа технологиялардың кең тарауына ықпал еткен маңызды факторлардың бірі болды. Жаңа ақпараттық технологиялардың баспа саласына байланысты енгізген жаңалықтарын: - баспа ісінде сандық технологиялар кең қолданысқа ие болып, жаңа сапалық көрсеткіштерге қол жеткізді; - компьютерде көптеген баспаға байланысты бағдарламалар жасалып, олар жадында сақтауға, өңдеуге, қарауға жағдай жасады; - компьютерлік бағдарламалар бір-бірімен еркін жұмыс істеп, бір-бірін толықтыруға мүмкіндіктер туды; - интернет арқылы баспа саласына байланысты және басқа салаларға да байланысты мәліметтер алуда ауқымды арнаға жол ашылды; - мәліметтер ішінен әркім өзіне қажетті ақпаратты, суретті және мәліметтерді іріктеп алуға мүмкіндік бар; - электронды пошта арқылы құжат айналысы дамыды; - білім өрісін кеңейтудің жаңа салалары қалыптасты деп тұжырымдауға болады. Соңғы кездері әлемдік нарықта шағын баспа жүйесі деп аталатын компьютерлік бағдарламалардың индустриясы қалыптасты. Ол кешен газет- журналдың редакциялары мен баспаларда кең танымал болғандықтан, басқа да техникалық құралдармен қатар күнделікті жұмыста пайдаланылуда. Қазіргі баспа ісінде қолданылатын компьютерлік бағдарламалардың атқаратын міндеттерін төмендегідей жіктеуге болар еді: Операциялық жүйелер – компьютердің негізгі басқару жүйесі.

Бұл жүйе бағдарламалардың жұмыс істеуіне негіз қалайды. Windows операциялық жүйесі Қазақстанда кең тараған. Ал Macintosh компьютерлері, әсіресе, баспаларда жиі кездеседі. Оның бағдарламаларының көбі баспа жұмысына лайықталып жасалған. 23 Мәтіндік редакторлар – мәтінді теруге, түзетуге, редакциялауға және сақтауға көмектеседі. Олардың ішінде бізде жиі қолданылып жүргені Microsoft Word бағдарламасы. Сонымен бірге, түрлі орфографиялық, басқа да қателерге көрсететін көмекші бағдарламалар кең тарап отыр. Векторлық редакторлар – әртүрлі безендіру элементтерін, таңбалар мен әріптерді өзгертуге, көркемдеуге мүмкіндік беретін бағдарламалар. Олар газет- журналдардың фирмасын, тақырыптары мен айдарын, тауарлық белгілерін, логотиптерін жасауда кең қолданылып жүр. Графикалық редакторлар – фотосуреттерді компьютерге енгізуден бастап, оларды көркемдеу, әртүрлі ақауларын жою сияқты күрделі операцияларға дейін жүзеге асыратын бағдарлама. Бірнеше суретті біріктіріп, фотоколлаждар жасау соңғы кездері ұлттық өнерге қатысты кітаптарда кең танылып отыр. Сол бағдарламалардың ішінде әлемдік полиграфия мамандарымен стандарт ретінде қабылданған Adobe Photoshop бағдарламасын айтуға болады. Мәтінмен жұмыс істеу кезінде орфография мен функцияларды іздестіру және орналастыру бұйрығы көптеген жеңілдіктер туғызады. Беттеу, макеттеу, көшіру сияқты қызмет түрі сәтті атқарылады. Беттеу бағдарламалары – дайын мәтіндер мен суреттерді газет не журнал пішіміне сәйкестіріп орналыстыру, оларды безендіру, тақырыптарды, айдарларды бөлу сияқты барлық жұмыстарды атқарып, түпнұсқа-макет алуға мүмкіндік береді. Қазақстандық редакцияларда көбіне Adobe Page Maker, In Design бағдарламалары қолданылады. Баспа маркетингі барлық уақытта екі бағытпен байланысады: оқырмандар аудиториясын, яғни, аталмыш кітап арналып отырған оқырмандар ауқымын зерттеу; кітапты сату жоспарланып отырған басылымдар нарығының бунағын зерттеу. Баспа қызметінің сәтті болуы төмендегі көріністерді есепке алу кезінде ғана мүмкін болады: ресурстар нарығы өз кезегінде – қаржы, жұмыс күші, баспаханалық, техникалық, материалдық, кітап басу жобалары, көтерме сатушылар сықылды бірқатар қосалқы нарықтардан тұрады; кітап өнімдерінің нарығы. Баспа-кітап маркетингі осы екі нарықпен де істес болады. Кітап шығарушының штатын құрайтын адамдар тобын, маркетингтің ішкі ортасы ретінде қарастыруға болады. Сыртқы ортаны ресурстар нарығының құрамына кіретін жоғарыда санамаланған рыноктардың бәрі құрайды.

Бүгін 65% пайызы Ресейдікі, 35-і ғана өзіміздің басып шығаратын кітаптар болып отыр. Қалай болғанымен де, казіргі кітап нарығымыздың Ресейге тәуелді болып отырғаны рас. Дәл қазіргі уақытта баспа өнімдері тұтынушыға әр түрлі жолдармен жетеді. Егер баспа кітап дүкендерімен тікелей байланыста болса, онда кітаптың сатып алушыға жету жолы да қысқа болады. Алайда, көп жағдайда кітаптардың үлкен бөлігі дүкендерге көтерме сатумен айналысатын кәсіпорындар арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, таралымның көлемінде де үлкен айырмашылық бар. Қазіргі кезде өнімді қазақстандық баспалар екі жолмен жүзеге асырады. Бірінші – мемлекеттік тапсырыс, екінші – баспалардың өз қаржысын кітап шығарып, басылымның сұраныс туғызатынына және табыс әкелетініне үміттену. Мемлекеттік тапсырыс бойынша «Фолиант», «Елорда», «Күлтегін» және басқа да баспалар тарихи-этнографиялық, әлеуметтік әдебиет шығаруға қаржы бөлетін Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерінің мемлекеттік тапсырыстарын орындау арқылы, сондай-ақ, жарияланған тендрді жеңіп алу арқылы тұрақты табысқа ие болуға мүмкіндік алуда.

1996 жылы құрылған «Фолиант» әмбебап баспасы қазақ кітап өнімін өндірушілер үздіктері қатарынан өзіне лайық орын ала білді. Баспа жыл сайын әр түрлі жанр мен бағытта 320 жаңа аталымдағы кітаптарды жарыққа шығарады. Көркем, ғылыми-танымдық, балаларға арналған және дамытушы әдебиет, оқулықтар, арнаулы, сыйлықтық басылымдар – «Фолиант» баспасы қамтыған кітап нарығындағы кең таралған салалар. Компанияның кадрлық құрамы идеялық жоба мен оны кітап түрінде ұсынуға дейінгі аралықта кез келген күрделілік деңгейіндегі тапсырысты орындауға қабілетті жоғары кәсіби мамандардан құралған. «Фолиант» баспасының заманауи талаптарға сай жабдықталған өз баспаханасы бар, бұл тапсырыс берушілерге полиграфиялық қызметтің кең ауқымын ұсынуға мүмкіндік жасайды. Баспаның негізгі ұстанымы – оқырманды оның қызығушылығына және баға – сапа – ақпарат көлемінің тиімді арақатынасына сай әдебиет түрлерімен барынша кең көлемде қамтамасыз ету. «Бабалар сөзі» атауымен «Мәдени мұра» циклінде тұңғыш рет жарыққа шығып отырған қазақ фольклорының 100 томдық жинағы, әлемдік тарихи ойдың озық үлгілерінің «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» атты 20 томдық жинағы, Ұлы Дала туралы көне дәуір авторларының дереккөздеріндегі тарихи дерек-дәйектердің 4 томдық жинағы – баға жетпес қазына әрі ұрпақтардың игілігі болып саналатын бабалар мұрасы. «Нартұлға» сериясы оқырмандарды қазақ елінің және жалпы адамзаттың асыл перзенттерінің, яғни тарихи тұлғалардың өмірімен, шығармашылығымен таныстыратын, ғұмырбаяндық сипатта жазылған әмбебап жинақ болып табылады.  

«Таным-дария» сериясы бойынша мән-маңызы зор ғылыми монографиялар мен зерделі зерттеу еңбектер жарық көруде. Бұл орайда академик Р.Нұрғалидың «Казахская литература: концепции и жанры» атты кітабы мен филология ғылымдарының докторы, профессор А.Сейдімбектің еңбектері топтастырылған 6 томдығын айрықша атап өту жөн. Өлкетану тақырыбындағы «Менің Отаным – Қазақстан» тарихи-танымдық кітаптар сериясын шығарудағы мақсат – киелі қазақ жеріндегі қойнауы тұңғиық та тылсым сырға толы өңірлердің бай шежіресін тарқату арқылы туған ел тарихын танытуға, аяулы атамекен қасиетін ұғындыра түсуге қызмет ету. «Фолиант» баспасы коммерциялық негізде кез келген бағыттағы кітаптарды баспаға дайындау және көбейту ісімен де шұғылданады. Көрсетілетін қызметтер: теру, әдеби және техникалық өңдеу, корректура, беттеу, дизайн, кітаптар мен альбомдарды көркем безендіру, полиграфиялық орындалым (таралымды басып шығару). Расында, кітап – тауар. Ол әртүрлі өнімдер тәрізді сатылады, яғни белгілі бір дәрежеде баспаға пайда әкеледі. Жалпы, республикамызда кітап шығарумен айналысып отырған баспалар өте көп. Ал, шығып жатқан кітаптардың аздығын, әрине, оның ішінде қазақ кітаптарының тым аздығын мойындауымыз керек. Бірақ, мемлекеттік тапсырыспен шығып жатқан кітаптардың түгелге жуығы қазақ тілінде екенін ескеру керек. Елімізде кітаптардың небір түрлері шығарылып жатыр.

Олар кітапханаларға жеткізіліп берілуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша шыққан кітаптар облыстық кітапханаларға, Алматы, Астана қалаларының барлық кітапханаларына, жоғары оқу орындарының кітапханаларына тегін жеткізіліп берілуде. Бұл дегеніңіз – кітапқа деген қамқорлықтың бір көрінісі. Сонымен қатар, кітаптың көбірек өтуі үшін оның бағасы арзан болу тиіс. Ол үшін қолайлы жағдай жасалғаны жөн. Сонда ғана көптеп шығарылған кітап арзанға түседі, қолжетімді болады. Кез-келген баспагер өз бизнесінің тезірек өркендеуіне ерекше мүдделі. Өйткені, баспаның әлеуметтік-экономикалық дәрежесінің өсуі кітаптың көптеп өтуіне тікелей байланысты. Баспалардың шығарған кітаптарын оқырманның қолына жеткізу – кітап индустриясының негізгі мақсаты. Шыққан кітаптардың шаң басып, баспа қоймасында немесе кітап дүкендерінде жылдап жатып қалмауы үшін қазір өндірісі мен экономикасы дамыған елдерде «кітап индустриясы» деп аталатын өз алдына жеке сала бар. «Кітап бизнесі», «кітап индустриясы» деген сөздер бір қарағанда кітапты мәдени құндылық ретінде бағаламай, тауар деп қарап, пайда көзіне айналдыру деген ойға жетелейді. Шындығында, шығарылатын кітаптың перспективасын анықтау, оны сатып алатын, оқитын әлеуетті оқырманды анықтау, соның нәтижесінде басуға әзірленген кітаптың таралымын анықтап, сол таралымды толықтай тарату міндетін кітап индустриясы атқаруы тиіс. Сондықтан, кітап бизнесінің дамуына кедергі болып тұрған жайттардың шешімі табылуы үшін оқырман сұранысын нақты анықтау, баспа нарығын зерттеу және кітап менеджменті мен маркетингін жүзеге асыру қажет. Бұл ретте баспалар іс жүзінде жұмыс жүргізгендері жөн.

Олар шығаратын кітаптарының құндылығына мән бергені абзал. Кітап тарату жүйесін жолға қоюды ойластырған ләзім. Баспа менеджменті – кәсіби қызметтің жеке бір түрі. Оған баспа және еңбек ресурстарын тиімді пайдалану нәтижесінде қол жеткізіледі. Ол үшін ғылыми тәсілдер және адам факторы жете ескерілуі қажет. Әрбір ұйымның өзінің қызмет ету саласына сәйкес, ол – сауда кәсіпорны, банк, консалтингтік фирма, холдинг, баспа және т.б. болсын, басқару түрі де әртүрлі сипат алады. Өйткені, әрбір кәсіпорынның өзіндік табиғаты болады. Ол шығарылатын өнімдердің түрлеріне байланысты. Мәселен, баспа өнімдерін өндірудің өзіндік ерекшеліктері бар. Мұнда негізгі өнім кітап болғандықтан, оны баспаға қабылдап алған сәттен бастап басқарудың алғашқы тетіктері іске қосылады. Бұл ретте қабылданған қолжазбаның болашақта кітап болып шыққан кезде кімге арналатындығы, яғни тұтынушылары назарда ұсталуға тиіс. Себебі, кейбір тақырыптағы кітаптар шағын аудиторияға арналуы мүмкін. Маркетингінің мәні мен мақсаты – экономиканы‚ жарнаманы‚ жоспарлауды оңтайлы ұштастыру‚ яғни тауарларды өндіру мен өткізу туралы ғылым. Өйкені қандай кітап болса да, барлығы адамгершілікті, адалдықты дәріптеп, оқырман санасына гуманистік идеяны сіңіреді.

Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бізге ауадай қажет. Ұлттық өнерге қатысты кітапшалар оқырман қолына түскенде өте ыңғайлы, жоғары сапалы, өлшемдері мен көрсеткіштері адамның жас ерекшелігіне ықшамдалып жасалса, көңілінен шығары сөзсіз. Сондықтан, суретші басылымның құрылымына да баса назар аударуы керек. Кітап құрылымын құрастырушы суретші мен дизайнердің бүгінгі безендірудегі жұмыстары ауқымды, қызметінің жүгі ауыр әрі жауапты. Кітап графикасы – қызық та қиын өнер. Кітап безендіру сырт қарағанда соншама қиын болып көрінуі мүмкін. Дегенмен, шығарманың идеясын ашып, ойына ой, көркіне көрік қосып ажарландырып, оқырманға ұсыну өте маңызды іс. Мерзімді басылым беттерінде жаңа шыққан кітаптарға рецензиялар, шоу-талдаулар жиі басылып жатады. Бірақ, кітапқұмар қауымның аса мән бере қоймайтын бір қыры да бар. Кітаптың жалпы безендірілуі, мұқабадағы суреттің кітаптың атына сәйкес келуі ескерілуі керек. Оған кәсіби көзбен қарайтын мамандар қазір тапшы және мұндай мамандарға сұраныс үлкен. Қандай кітап болсын, ол алдымен сыртқы көркімен көз тартады. Әсем безендірілген кітап оқырманын шақырып тұрса, талғамсыз көркемделген басылым оқырманды өзіне тартпайды. Сондықтан, сапалы да көркем, әдемі де әсерлі кітаптар оқырман сұранысына әсер ететінін естен шығармау керек.

Дана Мәулен
Бөлісу: