Ұлттық музыка насихатшылары

29 Шілде 2019, 18:38 14693

Қазақтың үні несімен ерекше?

«Музыка – адамзаттың әмбебап тілі». Ағылшын ақыны әрі аудармашы Генри Лонгфеллоның бұл тәмсілі қалай дәл айтылған десеңізші?! Расымен, әуезді ән болса ырғала билеп, оның үніне елітіп, құдды өз ана тіліңдегі туындыны тыңдап отырғандай күй кешесің. Себебі, ән құдірет, ән жүрек түкпіріндегі жан тебіренісі. Дегенмен, музыка ұлттың айшықты белгісі десек те түзу жолдан қисық кеткендік емес. Музыка ұлтқа бөлінбейді дегеннің өзінде әр халықтың өзіне тән ерекшелігі, сазы болады. Ал қазақтың әнін әлем жұрты қаншалықты таниды? Елді спорт пен өнер арқылы ғана таныта алатындығымызды ескерсек, халық музыкасының нағыз насихатшылары керек-ақ. Осы ретте, қазақ атын әлемге әйгілеп, ұлттық музыканың мерейін тасытып жүрген «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздарынан суыртпақ сыр ақтаруға тырыстық. Өнертанушылар қазақ әуендері мен ұмыт болған ұлттық аспаптар жайында ойларын ортаға салды.

(Суретте: «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі)

Құссайрауық – ұлтымыздың ең байырғы аспаптарының бірі. Саз балшықты күйдіру арқылы жасалатын аспап тарихы тереңде жатыр. Үрмелі аспап ертеректе пайданылғандықтан оның суреті мен түрлерін тек музейден ғана көруге болады. Құссайрауық алғаш рет түбі бір түркі жұртының астанасы саналатын Түркістан өңірінде ашылған ежелгі қоныс орнынан табылған. Ғалымдар оны түркі мәдениетіне тиесілі деген пікірде. Аспап таза саз балшық пен құмның қоспасынан қатты етіп жасалған. Үрлеу қуысы жақын және екі шетінде дыбыс шығаратын тесіктері бар. Үрлеу қуысының орналасуы өзгеше. Ұлтымыздың үрлемелі аспаптарына ұқсамайды әрі сырты айқыш-ұйқыш, боялмайтын болған. Аспап музыкалық құрал ретінде тізімнен алынып тасталып, тарихи-өлкетану музейіне өткізілген.

Ұлттық музыка аспаптарының өткеніне көз жүргіртсек, ән де, әуезді аспап та қазақта көп болғанын аңғару қиын емес. Байырғы қазақ тастан да, ағаш пен өсімдіктерден де, мал терісі мен сүйегі, мүйізі мен ішегінен, керек десеңіз, қылдан да сан түрлі аспап жасаған. Кейінгі ұрпақ атын да естімеген қаншама аспап бар. Сол ұмытылып кеткен дыбыс шығаруға арналған құралдарды қайта жаңғыртып, оларды қазаққа ғана емес әлем елдеріне таныстырып жүрген «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің құрылғанына он жылдан асып кетті. Осы уақыт аралығында олар тыңдармандарын бабадан жеткен ұлттық әуенмен әлдилеп, халық қазынасымен таныстырып, жұмбақ бір саз әлеміне жетелеуші әрі өткен мен келешекті бір әуеннің ішіне сыйыстыра алған бірегей топ бола білді. Алғашқы аккордтардан-ақ елітіп, өзгеше қалыпта ежелгі аспаптық және вокалды композициялардың үлгілерін үйлестірген өнерпаздар да солар. Әлемдік сахналарда концерт беріп, көптеген байқаулар мен фестивальдардың жеңімпаздары атанған олар Ресей, Франция, Израиль, Түркия, Германия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Әзербайжан, Испания, Норвегия сияқты мемлекеттерде өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген таланттар. Қазақ мәдениетін мұхиттың арғы жағындағы жалпақ жұртқа таныстырып жүрген жігіттер тек кәсіби деңгейдегі музыка шығаруды міндет санайды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлектері бүгінде осы және Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушылары қызметін қатар алып жүр. Бойында таланты бар жас өрендерге білгенін үйретіп, ағалық кеңесін айтып, тәжірбиелерімен бөлісіп келеді.

Жіліншік – халқымыздың байырғы аспаптарының бірі. Көшпенді қазақ оны малдың, аң-құстың жіліктерінен жасаған. Деректерге сүйенсек, аспапты жасауда асық жіліктер қолайлы болған. «Асық жіліктің жуан жағын сыртына қарата жіңішке жағынан үрлейтін болған да, жіліншік, жілік ортасынан әртүрлі пернелерді ойып шығаратын болған»,-дейді тарихшы Б.Кәмалашұлы. Аспаптың үні баяу әрі сазды, кейде ойықтарына байланысты қоңыр үн шығарады. Ертеректе оны киік тектес аңдар мен түрлі құс аяқтарының жіліншіктеріне байланысты қолданған.

Олардың өнер саласындағы жетістіктері өте көп. Топ мүшелері солардың негізгісі ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы қорының грантын алуын ерекше мақтаныш санайды. Сондай-ақ, халықаралық «Ортеке» байқауынан бірінші орынды алуы таланттарға ерекше серпін берген. Бұл түбі бір түркі жұртының ұлттық музыкамызға берген бағасы іспетті дейді өнерпаздар. Айта кетейік, Өзбекстанда өткен «Sharq taronalari» халықаралық конкурсында да топ үздіктер қатарынан көрінген. Ансамбль өнер жолындағы 10 жылда «Тұран» (2009 жыл), Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен «Ер Тұран» (2011 жыл), «Ұлы Тұран» (2016 жыл) атты үш альбом шығарып үлгерген. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ансамбль шет елдерде өздерінің концерттік бағдарламаларын көрсеткен қазақтың санаулы топтарының қатарында. Айталық, Германияның Берлин, Франкенберг, Кассель, Бонн қалаларында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының симфониялық оркестрімен бірлескен гастрольдік тур өткізсе, Түркияның төрінде жеке концертін берген. Сонымен бірге, аталмыш симфониялық оркестрмен бірлесе отырып АҚШ-тың Лос-Анджелес, Сан-Франциско, Бостон, Вашингтон, Нью-Йорк қалаларында өз өнерлерін ортаға салған. Израиль, Венгрия, Испания, Франция, Үндістан, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерде өздерінің жеке концертін беріп, жалпақ жұртты қазақтың ұлттық музыкасымен таныстырған.

Адырна – халқымыздың көп ішекті, шертіп ойнайтын аспабы. Оның шанағы қуыс, беткі тұсына көн терісі жапсырылады. Біздің заманымыздан бұрын оны көбінесе аңшылар ұстанып келген. Сондықтан да ол бастапқыда садаққа ұқсас болған көрінеді. Әдепкі қалпынан айырылу себебі аңшылардың бұғы, марал, киік, бөкен секілді жануарларға ұқсастыруына тығыз байланысты. Бағзы заманда оны құйрық пен мүйіздің ортасына ішектер тартып ойнаған. Ал аспаптың өзін тізенің үстіне қойса, бас жағын иықпен итере отырып, ал ішектерін біресе іліп, енді бірде тартып, кейде шертіп ойнаған. Негізі, оның ішектері шуда жіптен не болмаса тарамыстан жасалған. Жалпы, бітімі 48 - 50 см болса, жуындығы 8 - 10 см шамасында. Кейде 7-ден, енді бірде 13- ке дейін ішектері болады. Бүгінде оны фольклорлық музыка мен шағын күйлер орындау үшін пайдаланады.

«Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі еліміздегі симфониялық поэма жазған топтың бірі. Композитор А.Райымқұловамен бірлесе жазылған «Дала сыры», «Ежелгі Тұран», «Жамиля» сияқты шығармалар алыс-жақын шет елдерде өз бағасына алып үлгерген. Тың туынды тыңдарман қауымды рухтандыру үшін шығарылған. Сонымен бірге, түркі жұртын елең еткізген түріктің «Ертұғрыл» телесериалын әуенмен әрлеген де осы топ. Ансамбль бұдан бөлек «Астана – менің алғашқы махаббатым», «Астана – любовь моя», «Кенесары хан» телехикаяларына да музыка жазған. Жалпы, топтың репертуарында тың шығармалар мен заманауи музыкалық туындылар өте көп. Бір ғана ағиық ақын Мұқағали Мақатаев пен отты жырларымен қазаққа рух берген Махамбет Өтемісұлының сөзіне жазылған «Қазақ елі» деп аталатын композиция естіген жанды тебірентпей қоймайды. Ал Дәулеткерей күйшінің «Көроғлы» шығармасын заманға лайықтап, жаңа нұсқада көрерменге ұсынған өнерпаздар жаңашылдық пен тәжірбиеден қорықпай, бұрынғы әндердің әуезін бұзбай жаңа қалыпта көрерменге ұсынып келеді. Десе де, бүгінгі тыңдарманның көңілінен шығамыз деп ескі мақамды бұзып алмау тағы бар. Осы орайда, топ мүшелерінің осы және де дәстүрлі музыканың «күйіп» тұрған түйіткілдері төңірегінде ой-пікірлерін сұрадық.

Дауылпаз – ұлттық аспаптардың ішіндегі саз аспабы ретінде қолданылады. Оны ұрып ойнау арқылы әуен шығарады. Жаугершілік заманда батырларға жігер беріп, жаудың бетін қайтару үшін пайдаланған. Кейіннен оны аңшылық пен құс аулау кезінде қолдана бастайды. Бір қызығы, дауылпаз жасау әдісі өте күрделі болып саналады. Дауылпаз өзегі жоқ сыртқы беті теп-тегіс әрі мықты ағаштан ойып жасалады. Ал беті иі қанған шыңылтыр теріден қапталады. Аспапты көшпенді қазақ алып жүруге ыңғайлы болуы үшін мойынға немесе иыққа іліп алуға арнайы бау таққан.

El.kz: Қазақта «өнер әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен дариды» деген сөз бар. Ал сіздер өнерге қалай келдіңіздер?

Мақсат Медеубек, «Мәдениет саласының үздігі», өнертану ғылымдарының докторы, музыкант-мультиаспапшы, композитор, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының және Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының аға оқытушысы:

 – Мектепке дейін домбыра тартуды үйренгенмін. Ата-анам бойымдағы талантты байқап, мені Ахмет Жұбанов атындағы музыка мектеп интернатына «Қыл қобыз» мамандығына қобызшы әрі ғалым Әбдіманап Жұмабекұлының сыныбына берді. Негізгі мамандығым қобызшы болғанымен, қазақтың қара домбырасында, сазсырнай, сыбызғы, шаңқобыз, ұрмалы аспаптарда ойнаймын. Құрманғазы атындағы Қазақ консерваториясында «Фольклорлық аспаптарды меңгеру» деген сабақ болады. Сол сабақтан да көптеген аспаптарда ойнауға машықтандым. Әкем музыка зерттеушісі болғандықтан үйімізге өнерпаздар көп қонақ болатын. Атап айтсам: Сауқымбек Шаханов, Жетісу күй өнерінің өнерпаздары, сондай-ақ, Рамазан Стамғазиев, марқұм Ғалымжан Досанов сияқты бойына талант дарыған біртуар азаматтар жиі келетін. Сол кісілердің әңгімесі мен өнер жолындағы жетістіктері мені шабыттандырған болуы керек.

Бұғышақ – халықтың ертеректе ойлап тапқан саз аспабы. Көне аспап бұғы мен маралдың мүйізінен жасалады. Аспаптың дыбысын шығару мақсатында үрлейтін арнайы тілше болған. Жалпы ұзындығы 28-30 см шамасында болады. Музыкалық құрылғы алғашында жайылымдағы марал мен бұғыларды шақыру, бір жерге топтау мақсатында ойлап табылған. Үні аталған жануарлардың даусына ұқсағандықтан қарапайым жұрт «бұғы шақырғыш» деп те атаған.

Бауыржан Бекмұханбетов, өнертану ғылымдарының магистрі, музыкант-аспапшы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы:

– Менің музыкаға деген қызығушылығым соншалықты жоғары болды деп айта алмаймын. Анамның домбыра үйірмесіне барасың деген бір сөзін жерде қалдырмай, барып жүрдім. Бірақ маған домбырада ойнау ұнамайтын. Дегенмен, үздіксіз еңбектендім. Соның арқасында түрлі байқаулардан жеңімпаз атанып, сахнаға шықтым. Міне, осы кезден бастап әуенге, киелі қоңыр домбыраның күмбүрлеген үніне ғашық бола бастадым. Қызығушылығым пайда болды. Қазір анамның үйірмеге апарып, өнер жолына даңғыл жол салып бергеніне алғыс айтамын. Себебі, өнер менің өмірімді өзгертті. Бүгінде сол үйірмеге бармасам басқа бір мамандық иесі болар ма едім?!

(Суретте: Клиптен үзінді)

Абзал Арықбаев, өнертану ғылымдарының магистрі; музыкант-мультиаспапшы; «UNESCO»-дан қазақ халқының материалдық емес мұрасының сарапшысы; «Көшпенді өркениет мұрасы» халықаралық қоғамдық қорының президенті:

– Негізі өнер саласына 5-сыныпта келдім. Өлеңге, музыкаға деген ерекше қызығушылығым болды. Содан 9-сыныпты бітіре салысымен Алматы қаласындағы Чайковский атындағы музыкалық колледжге оқуға түстім. Бұл жерде мен музыка өнері деген құдіретті саланың қыр-сыры мен қиындығын меңгере бастадым.

Серік Нұрмолдаев, «Мәдениет саласының үздігі», Мәдениет саласындағы мемлекеттік Президенттік стипендия иегері, өнертану ғылымдарының магистрі; музыкант-мультиаспапшы, композитор, продюсер, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы:

– 3 жастан бастап өлең айта бастадым. Көптеген радиобайқауларға қатысып, жеңімпаз атандым. Бойымдағы кішкентай талантты ата-анам байқап мені А.Жұбанов атындағы музыкалық мектепке «Домбыра» сыныбына берді. Алғашқы ұстазым Шолпан Алдибаева деген кісі болатын. Одан кейін Гүлперизат Ұлтарақова ұстазым маған басқа да аспаптарда үйренуіме өзінің септігін тигізді. Міне, сол кісінің бағыттауымен сыбызғы, сазсырнай, бас домбыра, жетіген сияқты аспаптарда ойнауды үйрендім. Әрине, мұның бәрі бастапқыда қажет болатынын білмедім. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түскенде бұл қабілетімнің көптеген септігі тиді. Осы топтағы жігіттермен танысып, бірге қызмет істедік. Алғашында біздер «Сазген сазы» деген топта өнер көрсетіп жүрдік. Арада біршама уақыт өткеннен соң өз алдымызға ансамбль құрдық. Қазір қарап отырсам, осы аспаптарды жастайымнан меңгергендіктен болар, ойнауға жеңіл. Түрлі импровизация жасап жатамыз. Жалпы, музыкалық аспаптарды меңгеруім көптеген мақсаттарымның орындалуына өз үлесін қосты.

Шертер – қазақтың шертпелі көне ішекті музыкалық аспаптарының бірі. Кей мәліметтерде бұл аспап екі ішекті домбыра және киелі қобыздың байырғы түрі деп көрсетіледі. Сырты қобызға ұқсаса, бітімі домбырадан кіші келеді. Оны ағаштан ойып, шанағын ешкінің терісінен қаптайды. Ал ішегіне аттың жалы қолданылады. Ойнау әдісі домбырамен бірдей. Үні сыртқы бөлігіндегі тері мен ішектерінің қалыңдығына сәйкес шығады. Алғашында оның перне болмағандығы да белгілі болып отыр. Тек кейіннен перне салынып, аспаптың алдыңғы беті біршама толықтырылған.

Ержігіт Әлиев, ансамбль мүшесі:

Аспапқа деген қызығушылығым 3-сыныпта оқып жүрген кезімде пайда болды. Мектепте оқып жүріп домбыра үйірмесіне қосымша сабаққа қатыстым. Кейіннен «Дәстүрлі әннен» дәріс алдым. Мектепті бітіргеннен соң қосымша басқа аспаптарды П.И.Чайковский атындағы музыкалық колледж қабырғасында үйрене бастадым. Жетігенді топқа қосылғаннан бастап үйрендім.

El.kz: Сахнада сирек көріп, үнін үнемі ести бермейтін аспаптарда ойнайсыздар. Музыкалық құрылғылардың үнін біріктіріп, бір-біріне қиюластыру оңай дүние емес. Топқа репертуар таңдаумен кім айналысады?

Мақсат Медеубек:

– Ешқашан «мына шығарманы орындай салайық» немесе топтағы бір жігіттің пікірімен санасып репертуар таңдаған кезіміз жоқ. Ол ортақ шешім негізінде қабылданады. Себебі, ансамбль құрамындағы өнерпаздардың қай-қайсысы болса да өз ойы бар, музыкалық білімі мен талғамы бар жігіттер. Сондықтан ән таңдау, оның берілу формасына, тіпті қандай аспаптар ойналатындығына дейін келісіп, бірлесе шешеміз. Дегенмен, шығарманы тудыру үшін идея қажет. Ол топтағы бір адамның ойына келетіні анық. Кейін сол идеяны іске асырып, шамамыз жеткенше дамытамыз. Содан соң ол көлемді бір шығармаға айналады.

Бауыржан Бекмұханбетов:

 – Репертуар таңдауда еш мәселе жоқ. Бір топта өнер көрсетіп, талай сахнада бірге болғандықтан ойларымыз бір жерден шығады. Дұрыс айтасыз, аспаптардың орны мен реті, қиюластыру әдісі болады. Оны да қатаң ескеруге тырысамыз. Себебі, оны қаншама тыңдарман естиді. Естір құлаққа түрпідей тимеуі керек. Біздің ансамбль қазіргі тыңдарманға да лайықтап әуен жазады. Бірақ көбінесе философиялық, тыңдарманға терең ой тастайтын, астары бар шығармалар жазамыз. Туындыларымыз кемінде 3-4 ғасыр өмір сүрсе дейміз. Сондықтан әр шығармаға тиянақты ойланып, толғанамыз. Оның ішінде әрине аспаптардың да үйлесімін, шығарманың құрылымын да жеке дара қарастыра отырып, соңғы нүктені ойланып барып, асықпай қоямыз.

Тұяқтас – өзінің сыртқы пішінімен ерекшеленетін аспап. Оның үні ешбір музыкалық құрылғының дыбысына ұқсамауымен ерекше. Байырғы қазақ мал тұяғын тастауға обалсынып, оны қажетке жаратуға тырысқан. Сойылған малдың тұяқтарын кесіп алып, оны қайнатып, ішкі бөлігін тазартып, күнге кептіретін болған. Жоғалып кетпесі үшін арнайы жіп байланған. Тұяқтастан шыққан үн анық болуы үшін табан тұсынан арнайы ойықтар жасалатын болған.

El.kz: Кез келген ұлттың музыкасында өзіндік бояу бар. Өзбек пен үндінің әнін естісек басымызға, түріктің музыкасы болса аяқ-қолымызға еге бола алмай қаламыз. Бізде де көнеден келіп жеткен құнды жәдігерлер барын көзіміз көріп жүр. Осы аспаптар үнімен қазақы қалыпты беретін бірақ заманауи аранжировка жасауға болмас па?

Абзал Арықбаев:

– Қазір эстрада мен дәстүрлі әннің мақамдарын бір-біріне үйлестіріп жаңа туындылар жасалып жүр. Сондықтан қазіргі музыканттар заманауи аранжировкада ән жазып жатыр деуге болады. Бірақ саусақпен санарлық деңгейде. Оның үстіне, кейбірі сәтсіз шығып жатады. Негізі, аранжировка жасаудың өзіндік шеңбері, заңдылықтары қатаң сақталуы тиіс. Заманауи өңдеу осы екен деп даңғаза бір дүние тудыруға болмайды. Бізде музыкалық туындыны өңдеуші жарыққа шығармақ композициясы туралы идеясының болмауы көп шығарманың жұлым-жұлымын шығарып жібереді. Ал тың бастамасыз толыққанды шығарма жасау, тудыру қисынсыз. Аранжировканы шығарушы композицияның фактурасын білгені де жөн. Себебі, ансамбльдің немесе топтың музыкалық құрылғыларын ретімен топтастыра білуі шарт. Ал оны заңдылықтарға сәйкес жасау үшін барлық аспаптың дыбысын, дыбыс шығару заңдылыған, сондай-ақ, дыбыс диапазонын жатқа біліп, әрбір аспапқа, аспаптық құрамға партияларды меңгертуі керек.

(Суретте: «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблі)

Серік Нұрмолдаев:

 – Тыңдармандарға заманауи аранжировкада көптеген шығарма ұсынып келеміз. Тыңдаушыға ұсынылған туындының жаңалығы болмаса оны орындаудың қажеттілігі қанша? Бірақ барлық әнге аранжировка жасау да қиын. «Бұл шығарманың негізгі авторына ұнай ма, автордың бастапқыда бергісі келген идеясын өңдеу арқылы жеткізе аламыз ба?» деген күдік пен үміт аралас жұмыс жүргізіледі. Ол біткен соң оны қайта-қайта түзейміз. «Бітті-ау» дегенде ғана өнерсүйер қауымға ұсынамыз. Мүмкін біздің де өңдеуімізден шикілік байқайтын бар шығар?! Кім білсін? Бірақ аранжировка жасауда музыкалық сауаттылыққа көп мән берілсе шала-шарпы музыкалық дүние шығады деп айтпаған болар едім. Қысқасы, халық кәсіби деңгейі жоғары музыканың дәмін татқанда ғана ерекше ықыласымен қол соғады. Және бір нәрсе анық. Егер халыққа сапасыз дүние ұсына берсең олар жақсы-жаманның аражігін ажырата алмайтын, талғамы төмен тыңдарманға айналады. Сол үшін халықтың алдында жауапкершілік жүгін сезінген жөн.

El.kz: Жетігенде бүгінде нәзікжандылардың ойнайтынын жиі көреміз. Санамызда қыз шертетін аспап стереотипі қалыптасқан десек те жалған емес. Халықтың қабылдауы қалай?

Ержігіт Әлиев:

 – Бүгінгі таңда жетіген аспабын қыз балалар көп ойнайды. Дейтұрғанмен, бұл аспапты ойлап тапқан, жасаған ер адам. Ұялып ойнайтын ештемесі жоқ, жалпы қазақтың ұлттық аспаптарының барлығын ер адам ойлап тауып жасағанын ұмытпаған жөн деп ойлаймын. Жетігеннің насихатталуы жөнінде қыз балалар көп септігін тигізді, бірақ бұл аспапта ойнайтын ер азаматтарда аз емес, ер азаматтар көптеп үйреніп қолға алып жатқанын көп кездестіреміз.

Қамыс cырнай – халқымыздың үрмелі аспаптарының бірі. Қуыс қамыстан жасалатын аспаптың өзіне тән дыбысы бар. Ойналуы да, жасалу құрылымы да күрделілігімен де айрықша. Құлағының күйі үн шығаратын тілшелеріне тығыз байланысты. Кейде оны гармонь және сырнай үніне ұқсатып жатады.

Қалған – халқымыздың көне аспаптарының бірі. Ол керней аспабына ұқсастығымен әрі өзіне тән үнімен ерекшеленеді. Бағзы заманда оны алтыннан жасайтын болған. Алғашында оны әскери мақсатта қолданған. Аспап арқылы әскерилерге түрлі бұйрықтар осы құрылғының үнімен жеткізілетін болған. Кейіннен оны мерекелік шараларды ұйымдастыру кезінде пайдаланған.

El.kz: Дәстүрлі өнердің өз тыңдарманы, өз аудиториясы бар деп жатады. Сонда саф өнер аз ғана тыңдарманға арнала ма? Жалпы, тыңдарманды арттырып, жастарды тарту үшін қандай шаралар жасайсыздар? Әлде, Абайша «қажет дегені алсын, болмаса өз өнеріміз өзімізге» дейсіздер ме?

Бауыржан Бекмұханбетов:

– Расында дәстүрлі, халықтық музыканы тыңдаушылардың қатары аз. Оны мойындау керек. Оған түрлі фактор себеп. Алайда қазір дәстүрлі музыкаға деген қызығушылық артқан. Домбыра үйірмелерінде кішкентай балақайларды көріп көз қуанады. Қанша жерден заман дамып жатыр, батыс музыкасы алға озып кетті дегеннің өзінде ұлттық өнерге деген қызығушылық пен құрмет жыл өткен сайын арта түскен. Осы уақытқа дейін кателеспесем 600-ге жуық концерт, 150-ден астам танымдық, лекция-концерт ұйымдастырыппыз. Ол әр түрлі мекеме орындарында, қарттар үйінде, балалар үйінде, мектеп, колледж, университеттерде, түрлі фестивальдерде, әлемдік атақты сахналарда берілді. Халық ұйып тыңдап қалады. Негізі, барлық нәрсенің берілу форматына байланысты. Аудитория нені сұрап тұр соны ұсына алуың керек. Әрине, бастапқы идея халықтық музыканы дәріптеу болса одан танбаған жөн.

Серік Нұрмолдаев:

– Мен былтыр Әзербайжан мемлекетінің музыкалық жоғарғы оқу орнында болып қайттым. Сонда байқағаным олар бала туған сәттен бастап ұлттық салт-дәстүрмен балаларын тәрбиелей бастайды. Жалпы, ұлттық өнерге деген құрмет сол тәрбиеден басталады. Себебі, санасы батыстық болып өскен баланы қазақша «әлемдік шедеврь» шығарсаңыз да тыңдата алмайсыз. Өйткені, оның қабылдауы бөлек. Алайда барлығы осынша жаман деуге және болмайды. Дәстүрлі әнге жастар тарапынан қызығушылық ептеп артып келе жатыр. Соған қарап қуанамыз.

Ержігіт Әлиев:

– Бүгінге дейін әдет-ғұрыптарымыздың, өнеріміз бен мәдени құндылықтарымыздың жоғалмай, өшпей, іргесі сөгілмей жетуі, оны атадан балаға аманат етіп сақтауы ұлттық өнердің мәңгі жасайтындығының көрінісі. Дегенмен, кемелдену, батыстық мәдениетті жастардың көбірек сіңіруі расында қауіпті. Сондықтан төл өнеріміз өміршең болсын десек, қазірден ұрпақ тәрбиесін қолға алған жөн. Ал тәрбиенің ошағы отбасы, мектеп. Кез-келген балаға тәлім-тәрбиені ата-ана береді. Сондықтан бала бойындағы асыл қасиеттердің қалпын бұзбай, балаға мәдениет, ұлттық өнер деген ұғымдарды жастайынан сіңірту керек деп есептеймін. Меніңше, балаға отбасында, балабақшада, бастауыш сыныптарда және арнайы мамандырылған музыка мектептерінде ұлттық санамыз, төл түсінігіміз, мәдениетіміз бен құндылығымызды дәріптеп, халықтың дәстүрлі өнерін кеңінен таныстырып мағлұмат беріп отыруды әдетке айналдырсақ, бала бойында қазақы қалып қалыптасады. Кейін одан өнердің шын жанашыры қалыптасары да анық.

Мүйіз сырнай – ең көне үрмелі аспап. Құрылғының үш тесігі болады. Аты айтып тұрғандай аспап мүйізден жасалады. Сыңсымалы үнімен ерекше әрі жолға шыққандар хабар беріп отыру үшін пайдаланған.

Асатаяқ – тұтастай ағаштан жасалатын аспап. Бас жағында темір теңгешелер мен қоңыраулар ілінеді. Аспап сілку арқылы ойналады. Аспап қоңыраулары күміс пен алтыннан, қорғасын секілді құнды тастардан жасалады. Ал қоңырауларды соққанда ерекше үн шығады.

Үскірік – үрлеу арқылы ойналатын аспаптың көне түрі. Саусақ арқылы басып ойналатын үш тесігі бар. Оны саз балшықтан күйдіріп жасаған. Аспап үні үскіріп соққан жел мен боранның уілі сияқты шығатындықтан уілдек деп те атайтын болған.

El.kz: Еліміздегі ұлттық музыкаға деген қызығушылықтың артып жатқанын айтып отырсыздар. Ал ұлттық аспаптарды, ұлттық музыканы өзге жұрттың қабылдауы қалай? Қазақ мәдениетін шет елдерге танытып жүрген өнерпаздар ретінде пікірлеріңізді білгіміз келеді.

Мақсат Медеубек:

– Шетелде тыңдарманның қабылдауы мүлде бөлек. Олар орындалып жатқан шығармадан өздеріне қажетті эстетикалық әсер алуға тырысады. Өйткені, ойналып жатқан композиция мәдениет, өнер түрі ретінде қабылдайды. Тікесін тік тұрып ықыластарын білдіреді. Жанын салып, сенімен бірге ойнап жатқандай күй кешеді. Ырғаққа ілеседі. Мәселен, 2008 жылы Германияда береген концертімізде халықтың қошеметін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Бауыржан Бекмұханбетов:

Өзге жұрттың қабылдауы жақсы. «Ата-бабаларыңыз қандай құнды бай мұра қалдырған» деп жатады. Мұны естігенде ішің жылып, шабыттанып қаласың. Әрбір аспапты қолдарына ұстап, үнін естіп, тұрқына үңіліп таң-тамаша болады. Тіпті, онлайн түрде сабақ алып жатады. Әсіресе, әлемдік жұлдыздардың қызығушылығы ерекше. Мәселен, Билли Зейн, Кевин Костнер, Джон Малкович, Сигуирни Уивер, П.Дэдди, Гоша Куценко, Антонио Бандерас, Владимир Познер сынды мықтылар өздерінің таңданыстарын жасыра алмай, біздің аспаптар жайында көп сұрайды.

(Суретте: Қазақ музыкасын әлемге танытып жүрген өнерпаздар)

Сылдырмақ – қазақтың сілкімелі көне аспабының бір түрі. Ол асатаяқ, сақпан, тоқылдақ, қоңырау сияқты музыкалық құрылғылармен үндес. Тұтастай қола, жез бен мыс секілді металлдардан жасалады. Сондай-ақ, емен мен үйеңкі, шырша сынды ағаштары үн таза шығуы үшін қолданылады. Әуен әуезділігіне сәйкес «күлдіреуікті», «сәлпеншекті» деп бөлінеді. Бұл аспап өзінің жеңіл әрі ұстауға ыңғайлылығымен ерекше. Көшпенді қазақ музыкалық аспаптарды өздерімен алып жүру үшін сапалы әрі салмағын ауыр етпеуге тырысқан. Бастапқыда ауылдың алты ауызы шырқалғанда әуеннің ырғағын ұстап тұру үшін қолданылса кейіннен музыкалық құрылғы ретінде кеңінен пайдаланылған. Әсіресе, діни-ғұрыптық шаралар кезінде даңғара, қобыз бен дауылпаз, керней секілді аспаптармен бірдей қолданылатын болған. Оны шеберлер қауымы сыртқы бетін алтын немесе күміспен қаптап, әдемі көрінуі үшін түрлі тастармен әшекейлеген.

El.kz: Орта Азияны өзіне қаратқан түріктің тарихи «Ертұғрыл» сериалына саундтрек жазған екенсіздер. Ұсыныс түрік ағайындарынан түсті ме?

Абзал Арықбаев:

– Иә. Ұсыныс кино авторларынан түсті. Жалпы, көптеген ұсыныстар болады. Бірақ біздің музыкалар көбінесе тарихи киноларға келетіндіктен сол жанрдағы киноларға сұраныс түсіп жатса қабыл аламыз. 

El.kz: «Кенесары хан» көркемтуындысында да қолтаңбаларыңыз бар. Тарихи, шынайы киноға туынды жазғандықтан сол кезеңнің тынысын санамен салмақтап, жүрекпен сезіну керек шығар?

Ержігіт Әлиев:

– Әлбетте. Әлгінде жігіттер айтып кеткендей, әрбір туындыға ерекше дайындаламыз. Табиғи үн жасауға басымдық береміз. Тыңдарманның көз алдына өткен заманды елестетуге барынша тырысамыз. Біздің әрбір шығармамыз ер етігімен су кешіп, ат ауыздықпен су ішкен қиын замандарды еске алып, өткенге салауат айтуға арналып жазылады. Намысты ерлердің жігерін жанып, бүгінгідей бейбіт күнге жетуге септігін тигізген бабалар рухына тағзым етуге шақыратын туындыларымыз да көп.

Жетіген – кейінгі жылдары кеңінен қолданыла бастаған әрі ойналу әдісі өзінің күрделілігімен ерекшеленетін аспап. Бұрындары оның ішектері жылқы қылынан алынса, тиектері асықтан болған. Ұлттық аспаптың үні осы асықтарды дұрыс жылжытып, орналастыру нәтижесінде реттелген. Аты айтып тұрғандай, жетіген атауы ішектердің санына байланысты қойылған. Аңыз бойынша жетігеннің әрбір ішегі қайғы-мұңға толы. Ертеректе елде жұт болып бір үйдің жеті ұлы араға уақыт салып қайтыс болып отырады. Қайғырған әке ішкі күйінішін осы аспаптың арқасында тарқатса керек. Тұңғышы қаза болғанда ағашқа бір ішек тағып, тиек салып «Қарағым» деген күй арнайды. Ал екінші ұлы бақилық болғанда екінші ішекті қосып «Қанат сынар» күйін шығарады. Ел арасында «Жетігеннің жетеуі», «Жетігеннің жеті күйі» деген жеті күйдің қалуы соның дәлелі іспетті.

El.kz: Араларыңызда ұстаз, ғылым жолындағы азаматтар да бар екен, жалпы әлемді қазақ әдебиетімен таң қалдырып, жаңалық аша алмайсың дейді ғой. Ал ұлттық музыкамен жаңалық ашып, ғылымға үлес қосу мүмкін бе?

Абзал Арықбаев:

– Ғылымға үлес қосуға, әрине болады. Ол үшін үлкен ізденіс керек. Абайша айтсақ, «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп» деген емес пе қырық бесінші қара сөзінде. Негізі, барлық ғылым атаулы жасалып, кей-кезде жаралып қойған құбылыстарды бір-бірімен үндестіру, байланыстыру арқылы туындайды. Әрине, ғылымда ашылған жаңалық болғаны жөн. Ғалымды да зерттеп, тапқан тың жаңалығы үшін ғана бағалаған жөн. Қазақ аспаптарының, халық музыкасының зерттелмеген тұсы әлі көп. Ол жайында құнды мәліметтер жазып, музыка тарихында қазақ әнінің үнінін қалдыруға болады деп санаймын.

Серік Нұрмолдаев:

– Жоғарыда аранжировка туралы сөз болды ғой. Енді қараңыз, сол қазақтың бір күйін мықты әлемдік деңгейдегі композиторға өңдеуге бердік делік. Алайда ол сол шығарманы жоғары деңгейде жаңғырта ала ма? Әрине, мүмкін де шығар?! Бірақ ол ұлттың үні мен ойын жеткізе алмайды. Себебі, оның музыкалық сауаты басқа, танымы мен түсінігі бөлек. Сондықтан қазақ музыкасының өзіндік бояуын, әсері мен көркемдік нақышының өзін ғылым жолында жаңалық етуге болады деп санаймын. Бұйырса ғылымға олжа салатын күннің де ауылы алыс емес.

Қылқобыз – ұлтымыздың ең көне аспаптарының бірі. Баршаға белгілі Қорқыт бабаның дәуірінен бері келе жатқан аспаптың үні үзілмей, атадан балаға мұра болып келе жатыр. Аспаптың екі ішегі бар және ыспалы әдіспен ойналатын аспап. Қазақ халқы үшін бұл музыкалық аспап қасиетті де, киелі саналады. Сондай-ақ, ғасырлар бойы келе жатқан құнды қазынаның үні өзгеріске ұшырамай сақталған бірден-бір аспап ретінде белгілі. Өйткені, аспаптың ішектері жылқы қылынан жасалады. Ысқышы да дәл солай. Көне құрылғының қылқобыз аталуының себебі де осында. Жалпы, қылқобыздың арасындағы ең үлкені - нар қобыз. Халық арасында «қобыздың үні шыққан жерде жын-шайтан маңайламайды» деген сенімді ұстанушылар көп.

El.kz: Ұлттық дүниенің дәріптелуі әрине ғылымға, ізденіс пен білімге тікелей байланысты. Себебі жетпіс жылда жадымыздан талай дүниенің өшкені анық. Осы ретте, ұлттық сананы жаңғырту, ұлттық мәдениетті насихаттау өз деңгейінде жүргізіліп жатыр ма? Не кемшін, қалай толықтыруға болады?

Мақсат Медеубек:

– Барлығы керемет деп айтсақ тым пафосты естілетін шығар? Бірақ барлығы өте жаман деуден де аулақпыз. Мысалы, қазақтың дәстүрлі әншілерін, ұлттық музыка насихатшыларын тәрбиелейтін, жәй ғана емес ұлттық болмыста маман ретінде біліктілік беретін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық музыка академиясы, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті сияқты көптеген оқу орындары бар. Небәрі ширек ғасырлық тарихы бар еліміздің музыка өнері айтарлықтай дамып, жетілу үстінде. Ұлттық музыкамыз шетелдерде мойындалып, танылып жатыр. Бұл осы саланың пұшпағын илеп жүрген өнерпаз мамандардың арқасы. Ал солардың киелі өнерге олжа салуына еліміздің білім беру жүйесінің дұрыс жолға қойылуы сеп болып отыр. Бұл қазақ музыкасының ұтып жатқан тұсы. Ал кемшін тұсына келер болсақ, дәстүрлі өнерге насихат аздау. Көбінесе, эстрадалық бағыттағы әндер теледидарда көп беріледі. Бірақ бұл да аудиторияның таңдауына байланысты жасалып отырғанын ішіміз сезеді.

Желбуаз – қарапайым халық әндерін орындауға арналған аспаптың түрі. Дыбыс шығару қуаты төмен келеді. Сондықтан да оны ән айту барысында жиі қолданбаған. Көбінесе, бақсы-балгерлер өздерінің ем-дом шараларын іске асыру мақсатында пайдаланған. Аузын бекіту үшін темір тығын, ал түтікшелері қамыстан жасалған. Бұл аспаптың басқа үлгілерін Еуропа мен Азия елдерінің мәдениетінен көп байқауға болады. Әлгінде айтылғандай, желбуаздың үні жәй шығатындықтан жеңіл әндер орындалады. Тұңғыш рет оны атақты композитор Нұрғиса Тілендиев оркестрге қосқан. Оны қазақтың волынкасы деуге де болады.

Ержігіт Әлиев:

– Дұрыс айтасыз, қазақтың ескі әнін қайтадан бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру оңай шаруа емес. Десе де, қиын екен деп қарап қалуға тағы болмайды. Тарих қатпарларында жатқан есті әндер өз тыңдармандарын қазынаға толы көмбеде көміліп, күтіп жата бермеуі керек. Оны дәріптеу біздердің міндетіміз. Тек тыңдарман назарын аударса жеткілікті. Ансамбль құрылған он жылдың бедерінде біздерге музыкатанушы, өнертанушылар «қазақ музыкасына соны серпін әкелдіңдер» деп жатады. Біз бұрын өз өнерімізді ғана көрсетіп жүрміз деп келсек қазір ұлттық сананы жаңғырту бағытында игілікті істер тындырып жүр екенбіз деп мақтанатын болдық (күлді). Расымен, ұлттық музыка, халық өнері, табиғи үн дегеніңіз қазақ мәдениетінің қайнар көзі. Қазір дәстүрлі бағыттағы өнерпаздардың жыл санап көбеюіне қарап еңсе тіктеуге жарап қалдық деген ой келеді. Ал кемшін тұсы Мақсат айтып кеткендей насихаттың аздығы. Аз дегеннен гөрі сол жүргізіліп жатқан жарнаманы біз бен сіздің беру форматымызды өзгерте алмай жатқандығымыз шығар деп те ойлаймын. Әйтпесе, қазақ өнері өткен ғасырдың сұм жылдарынан да аман өтті. Оның жанында батыстық музыкаға төтеп беру түкке де тұрмайтын шаруа.

Шаңқобыз – ұлттық көне музыкалық аспап. Оны ағаш, темір кей кездері күмістен жасаған. Ағаштан жасалғанына жіп байланатын болса, сол жіпті серпіп тарту кезінде ортадағы тілшелер тербетіліп дыбыс шығарады. Тілшелерді саусақтармен шалып тарту негізінде үн шығаруға болады. Оның дыбыс шығару қуаты тілдің көлеміне байланысты. Яғни, тартушы түрлі дыбыстарды тілдің көмегімен шығарады. Кей кездері өнерпаздар қолдарына қоңырау іліп алып ойнайтын болған. Аспапты көбінесе әйелдер қауымы тартқан. Сол арқылы «Қыз ұзату», «Қыз зары», «Қыздың мұңы» әуендерін орындаған. «Шаңқобыздың толғауы» секілді күй де бар.

El.kz: Әңгімелеріңізге рақмет! Шығармашылық жолда шаршамай, ұлттық өнерді  насихаттаудағы еңбектеріңіз елене берсін! 

(Суреттер: «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің жеке мұрағатынан алынды)

Нұрбай Шәкім
Бөлісу: