Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Австриядан оңбай ұтылды

11 Қазан, 09:21 613

Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасының В дивизионында қатарынан екінші рет ойсырай жеңілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құрамамыз үшінші ойынын сырт алаңда Австриямен өткізді.

Станислав Черчесов тізгінді ұстағалы Қазақстан әлі жеңіске жеткен жоқ. Бұған дейін Словениядан ойсырай жеңілген жерлестеріміз осы жолы Австрияға да қарсылық көрсете алмады.

Линц қаласындағы «Райффайзен Арена» стадионында алаң иелері қақпамызға төрт гол тулатты. Бірінші таймда Кристоф Баумгартнер есеп ашса, екінші таймда Филипп Линхарт, Марсель Забитцер мен Маттиас Зайдль мергендік танытты.

Бұған дейін екі құрама өзара төрт мәрте кездескен. Қазақстандық футболшылар екі мәрте қарсыласына есе жіберсе, екеуінде құрамалар тең нәтиже тіркелген. Бесінші матч ірі есеппен Аустрияның пайдасына шешілді. Қорытынды есеп - 4:0.

Топтың екінші ойынында Словения қонақта Норвегиядан ұтылды. Есеп – 3:0.

Қазақстан өз тобында жалғыз ұпаймен соңғы орында қалды.

Енді біздің ұлттық құрама 13 қазанда Алматыда Словенияны қабылдайды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: