27.11.2025
09:08
694
Үлкен мүмкіндіктен бас тартып, өнер саласын таңдадым – жас жырау

Үлкен мүмкіндіктен бас тартып, өнер саласын таңдадым – жас жырау

Еуропаны таңдауға толық мүмкіндігі бола тұра, жас дарын неге бағытын күрт өзгертті? 18 жастағы Сырсұңқар Базарбайұлы ғылым мен техника емес, домбыра мен дәстүрлі өнерді таңдады. Домбыраны жанына серік еткен ол Сыр мен Арқаның дара мектептерін үндестіріп, ұлттық өнерді заманауи кеңістікке шығармақ ниетте. Бүгінде ел танитын жыршыға, жас күйшінің үніне айналды.

Жас таланттың таңдауы

Сырсұңқар Базарбайұлы – Қызылорда қаласының тумасы. Назарбаев зияткерлік мектебін тәмамдаған, бүгінде Астанадағы Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курс студенті.

Ол – қатарластары секілді шетелге жол тартуға толық мүмкіндігі бола тұра, өмірінің басты бағытын өнермен байланыстыруды таңдаған жас талант.

жеке мұрағат 

Қазір тек Назарбаев зияткерлік мектебінің түлектері ғана емес, қарапайым мектеп бітірушілер үшін де шетелде білім алуға, Еуропаға не Америкаға оқуға түсуге үлкен мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндік менде де болды. Бірақ мен ойымды өзгертіп, сол жолдан бас тарттым. Өйткені менің шынайы қалауым – өнер, – дейді Сырсұңқар.

Айтуынша, өнер оған жай ғана қызығушылық емес, жан тыныштығын сыйлайтын, шабыт пен күш беретін әлем.

Өнермен айналысқанда ішкі жан-дүнием тынышталып, өзімді толыққанды сезінемін. Сондықтан білімімді де, болашағымды да осы саламен байланыстыруды жөн көрдім, – дейді ол.

Сырсұңқар өзін өнерге түбегейлі бұрған бір сәтті нақты атай алмайды. Айтуынша, бұл – уақыт өте келе сан түрлі факторлардың әсерінен пісіп жетілген шешім.

Өнерге келуім бір сәтте болған жоқ. Бұл – біртіндеп, ішкі қалаулар мен сыртқы ықпалдардың қосындысынан туған шешім. Соның ішінде ең үлкен рөл әлеуметтік желідегі танылуым болды деп ойлаймын, – дейді ол.

Желідегі белсенділігі арта бастаған сәттен-ақ жас өнерпазға түрлі жобалардан шақырулар түсіп, концерттерге қатысу, түсірілімдерге шақырту, шығармашылық ұсыныстар көбейе түскен.

Осындай ұсыныстар мені өнерге жақындата түсті. Бірте-бірте облысқа, кейін республикаға таныла бастадым. Өнердегі аға-әпкелерімізбен араласып, олардың ақылын тыңдадым. Тыңдармандарымның әлеуметтік желіде жазатын жылы сөздері маған үлкен күш берді, – дейді Сырсұңқар.

Осы қолдау мен сенім жас өнерпаздың өз жолын анықтауға себеп болған.

Мен шығармашылық үшін жаратылғанымды түсіндім. Домбыраны меңгеріп, ұлттық өнерді насихаттау менің миссиям деп қабылдадым. Сондықтан осы жолды таңдадым, – дейді ол.

Шетелге кетсе, не өзгерер еді?

Жас өнерпаз техникалық бағытта шетелге оқуға түссе, өмір жолы мүлде басқа арнаға бұрылатынын айтады. Дегенмен, ол өзін өнерсіз елестете алмайтынын жасырмайды.

жеке мұрағат 

Егер Назарбаев зияткерлік мектебінде алған білімімді жалғастырып, техникалық сала бойынша шетелге кетсем, өмірім басқаша болар еді. Өйткені мен өзімді домбырасыз елестете алмаймын. Ол жақта өмір сүріп жүрсем де, бізді концерттерге шақырып, қазақ өнерін насихаттауға мүмкіндік беретін жандар табылар еді. Бірақ негізгі мамандығым мүлде басқа болар еді, – дейді ол.

Оның айтуынша, қазақтың домбырасын қадірлейтін тыңдарман шетелде өте аз. Сол себепті бұл өнердің бағасын түсінетін орта да, шабыт беретін қолдау да басқа болады.

Шетелдің тыңдарманы, әрине, қазақ сияқты домбыраның табиғатын, оның құдіретін сезіне бермейді. Сондықтан дәл біздегі сияқты қолдау, ықылас, шабыт болмаған болар еді. Сол себепті егер шетелге кетсем, менде бір нәрсе жетіспей тұрғандай күй қалыптасар еді деп ойлаймын, – дейді Сырсұңқар.

Жас өнерпаз өз шешіміне нық сенімді.

Өнер жолын таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін. Қазір де өкінбеймін, болашақта да бұл шешіміме өкініш болмайды деп сенемін, – деді.

Домбыраға алғаш қадам

Сырсұңқардың домбырамен алғашқы таныстығы 2014 жылы басталған. Өнер мектебінің табалдырығын ол өз қалауымен емес, әкесінің өтінуімен аттаған.

Әкем мені қолымнан ұстап өнер мектебіне апарды. Мен ол кезде домбыраға барғым келмейтін. Бір жыл бойы бармаудың амалын іздеп, жылап, қашатынмын. Өз еркімен барғандардың қатарында емес едім, – деп еске алады ол.

Әкесі баласының бойындағы өнерді ерте байқап, домбыра оның болашағына азық болатынын айтып отырған.

Әкем маған «Ертең домбыра сенің наның болады» дейтін. Ал мен «жоқ, мен ғалым, ғарышкер боламын, домбыраның маған көмегі тимейді» деп қарсылық білдіретінмін, – дейді.

Алғашқы жыл ол үшін өте ауыр өткен. Ішкі қызығушылық болмаған соң, жаттау да, үйрену де қиынға соққан көрінеді. Бірақ уақыт өте бәрі өзгерген.

Алғашқы жылы ештеңе миыма қонбады. Үйренгім келмеді. Бірақ бірте-бірте домбыраға бауыр баса бастадым. Домбыра ұстамасам өзімді жайсыз сезініп, тіпті басым ауыратын болды. Тыныштықты, демалысты, емді домбырадан таптым, – дейді жас әнші.

Сол кезден бастап домбыра жас өнерпаздың өмірінің ажырамас бөлігіне айналған.

Уақыт өте өмірімнің домбыраға байланғанын түсіндім. Содан кейін домбыраға өз еркіммен, қызығушылығыммен барып жүрдім. Сол кезде күйлерді де тез меңгере бастадым, – дейді Сырсұңқар Базарбайұлы.

Әуелде күй тыңдамайтын бала кейіннен дәстүрлі әнге, күйлерге, жыр мен айтысқа қатты қызыға бастаған. Оның өнерге деген шынайы ынтасы дәл сол кезеңде оянған.

жеке мұрағат 

Сырсұңқар мектеп бітірер шақта өнер жолын таңдауға ниет білдіргенде, ата-анасы алғашында бұл шешімге қарсы болғанын айтады.

Ата-анам: «Сені Назарбаев зияткерлік мектебіне өнер жолын таңдасын деп түсірген жоқпыз» деп қарсы шықты. Олардың да өз уайымы, өз жоспары болды, – дейді ол.

Дегенмен, жас таланттың шығармашылығын бақылап жүрген өнер адамдары, ағайын-туыстары және тыңдармандары ата-анасына үлкен әсер еткен.

Жақындарымыз, аға-әпкелеріміз: «Балаңды тоқтатпа, ол сахна үшін жаратылған. Қалауына жол ашыңдар» деп үнемі айтып жүрді. Тыңдармандарымның пікірлері де ата-анамның көзқарасын өзгертуге ықпал етті, – дейді жас өнерпаз.

Осылайша, бір жыл бойы ойланып-толғанған ата-анасы ақырында ұлының жүрек қалауын қабылдап, өнер жолын таңдауға келісім берген.

Соңында ата-анам батасын беріп, мені Астанаға жіберді. Өнерді таңдауыма рұқсат еткен сәт мен үшін үлкен қолдау болды, – дейді Сырсұңқар.

Жас таланттың өнер жолы күймен басталған. Ол өнер мектебінде бес жыл бойы домбыра сыныбында оқып, күй өнерін алғаш меңгерген.

Өнерім күйден басталды. Бес жыл өнер мектебінде оқып, күй сыныбын тәмамдадым. Кейін 7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебіне түскенде, сынып жетекшілігімнің бағдарлауындағы қателікпен вокал бағытына өтіп кеттім, – дейді ол.

Мектепке келген соң оның вокалдық қабілетін ұстазы Жарасбек Өтебаев байқап, даусын қоя бастаған. Осылайша Сырсұңқар біраз уақыт эстрадалық вокал жанрында дайындалған.

Күй тарттым, бірақ дәстүрлі ән айтқан жоқпын. Вокалға ауысып кеткен соң негізінен эстрадалық бағытта жүрдім, – дейді өнерпаз.

Бір күні ол айтып жүрген эстрадалық әндерін домбыраға салып орындап көргісі келеді. Алайда бұл бастапқыда оңай болмаған.

Домбырамен ән айтып көрмегендіктен, нотасын табу, әуенді дұрыс шығару қиынға соқты. Бірақ тоқтамадым, – дейді.

Нағыз бұрылыс – оған алғаш рет дәстүрлі ән берілген сәт.

Бір жарысқа домбырамен шығатын болдым. Сол кезде Жарасбек ағайым маған алғаш рет дәстүрлі ән ұсынды. Бұл – мені әлеуметтік желіде танытқан «Молдабайдың әні». Ағайым: «Сен бұл әнді жақсы шығарасың», – деді. Бұл кезде мен 10-сыныпта оқитынмын, – деп еске алады Сырсұңқар.

Дәл осы шығарманы орындау оның дәстүрлі әнге деген қызығушылығын оятып, өнердегі бағытын түбегейлі өзгерткен көрінеді.

Жыршылықпен қауышу

Оның жырға келуі 11-сыныпта ерекше леппен басталған. Ол кезде оған ұстазы Үкітай Ерниязов алғаш рет Бекұзақ Тәңірбегеновтың «Арал туралы толғау» термесін үйретеді.

Дәл осы терме менің жырға деген қызығушылығымды оятты. Бірақ Үкітай ағайдан бір ғана терме үйрендім. Кейін Жарасбек ағай Қызылордадағы Қорқыт ата университетіне апарып, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, жырау Руслан Ахметовпен таныстырды. «Сенің нағыз ұстазың – осы кісі» деді, – деп еске алады ол.

Сырсұңқардың жыршылық жолы дәл осы ұстаздан бастау алады.

жеке мұрағат

Жырдағы даусымды қойып, алғашқы іргетасымды қалаған – Руслан Ахметов ұстазым. Ол кісі маған көптеген термелерді үйретті. Бір жарым жыл бойы сол кісіден дәріс алдым, – дейді ол.

Астанаға келген соң оның жыр өнерінде бағыттаған жаңа ұстаздарымен жолы түйіседі.

Астанада Елмұра Жаңабергенова апайым, Алмас Алматов ағайым бар. Сол кісілер: «Жырды жалғағың келсе, осы жолмен жүр» деп оқуға түсуіме кеңес берді, – дейді жас өнерпаз.

10-11 сыныптан бастап бойында жырға деген нағыз махаббат оянған ол туған жердің жыр мектебін ерекше қадірлейді.

Жыр мектептерінің ішінде жүрегіме ең жақыны – Сыр жыраулық мектебі. Сырдың топырағында өскен соң бұл мектеп маған өте ыстық, – дейді ол.

Ал өзіне әсер еткен жыршыларды ерекше құрметпен атайды.

Ұстаздарым Алмас Алматов пен Елмұра Жаңабергенова – менің бағытымды айқындаған тұлғалар. Жас буындағы Күнсұлу Түрікпеннің өнері де мені ерекше тебірентеді, – дейді ол.

Сырсұңқар үшін жыршылық, күйшілік және әншілік – бір-бірінен ажырағысыз егіз өнер.

Бұл үш өнер бір адамда тоғысуы сирек дейміз. Бірақ өнерге берілген адам бір саланы меңгерсе, ол адамға өнердің басқа саласын үйрену қиын емес. Оның үстіне үшеуі де домбырамен тығыз байланысты. Сондықтан жырау үшін жыршылықпен қатар әншілік те, күйшілік те болуы керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Өзінің үш бағытты қатар меңгеруінің сыры туралы да ашық айтып өтті.

Бірінші кезекте – Алланың берген таланты. Екінші – үздіксіз еңбек. Соның арқасында, Аллаға шүкір, осы үш өнерді де меңгеріп, халыққа насихаттап жүрмін, – дейді жас жыршы.

Жаңа ән немесе жыр дайындау Сырсұңқар Базарбайұлы үшін – арнайы күн тәртібімен емес, табиғи түрде жүретін шығармашылық процесс. Жас өрен әуелі орындайтын шығармасын күндіз-түні үздіксіз тыңдап, әуенін құлағына мықтап сіңіріп алады. Әуен бойына толық кірген кезде ғана домбыраға отырады. Сол сәтте қолы өздігінен жүріп, иірімдері жадында жаңғырып тұрады.

Әуен құлағымда тұрған кезде домбыраға қолым бірден ілеседі, иірімдері өздігінен есіме түседі. Әдетте бір-екі, ары кетсе үш күнде сол әнді жаттап аламын. Алдымен әуенін меңгеремін, содан кейін оны домбыраға салып, ыңылдап айтып көремін. Кейін мәтінімен бірге толық айтамын. Яғни, мен үшін ең алдымен әннің әуезі бойыма сіңуі қажет, – дейді.

Жас таланттың пайымынша, жыршылық пен дәстүрлі ән – кейін үйренетін кәсіп емес, тегі бар адамның бойымен келетін қасиет. Қазақтың кең даласынан бастау алатын осы өнер ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінге жеткен.

Жыршылық пен дәстүрлі ән – бұл тек мамандық емес, ол қанмен келетін дүние деп есептеймін. Қазақ болған соң біздің табиғатымызда, болмысымызда бар өнер ғой. Сол себепті қазақтың қай өнерін алсаң да, бәрі мені баурап алады. Өйткені ол біздің қанымызда бар дүние, – дейді ол.

Дәстүрлі әннің ішінде Арқа мектебі әншінің өзіне айрықша жақын. Арқаның кең тынысты әндері – табиғаттың бейнесіндей, әуезі биік, үні қоңыр, иірімі күрделі. Қазақтың тұрмыс-тіршілігі, ата-анаға, махаббатқа арналған сырлы әндер осы мектептің негізгі ерекшелігі екенін айтады.

жеке мұрағат 

Арқа әндерімен бірге қазақтың кең даласы көз алдыңа келеді. Оның табиғи әуені адамды еріксіз баурайды, – дейді Сырсұңқар.

Ал жыршылыққа деген сүйіспеншілігі Сыр бойынан бастау алған. Өзі де осы өңірдің тумасы. Сырдың жыраулық мектебі қазақ поэзиясының терең философиясын сақтап қалған ерекше орта. Бұл мектептің биігінде тұрған Базар Оңдасұлы, Тұрмағанбет Ізтілеуов сынды тұлғалардың ғибратқа толы жырлары – Сырсұңқар үшін сарқылмас қазына.

Сол кісілердің философиялық термелері, ғибратқа толы сөздері мені қатты әсерге бөлейді. Жырда тәрбие бар, өнеге бар, үлкен философия бар. Сонымен қатар Сыр бойының еш жерге ұқсамайтын ерекше мақамдары, еш жерде қайталанбайтын иірімдері мені ерекше баурайды, – дейді.

Дәстүрлі ән неге тыңдалмайды?

Қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың заманауи стильге ауысуы – табиғи құбылыс. Әр кезеңнің өз әуені, өз биі, өз талғамы болғаны сияқты, бүгінгі буын да заман ағымына сай контентке тартылады. Алайда бұл дәстүрлі өнерді ескеру керек деген сөз емес. Керісінше, оны жастарға жақындатудың жаңа мүмкіндіктері көбейді.

Сырсұңқардың айтуынша, мәселе жастардың дәстүрлі ән мен жырды тыңдамауында емес, оны дұрыс насихаттай алмауымызда.

Біз көбіне жастар бұл өнерді қажет етпейді деп ойлаймыз. Бірақ мәселе – ұсыну тәсілінде. Қазіргі жастар концерт залдарына немесе театрларға көп бара бермейді. Уақыт тапшы. Өнерді үйде отырып, телефоннан, әлеуметтік желіден көреді, – дейді ол.

Дәстүрлі өнер өкілдері бүгінге дейін сахна мен филармония аясында қалып қойғанын айтады. Теледидарға сирек шығады, әлеуметтік желіні жүйелі жүргізбейді. Ал заманауи музыка керісінше барлық платформада, барлық форматта үздіксіз ұсынылып жатыр.

Сондықтан бізде бәсеке емес, насихаттың кемшілігі бар. Егер дәстүрлі әнді заманауи форматта, әлеуметтік желі мен медиа құралдары арқылы дұрыс жеткізе білсек, ол да тыңдалады, – дейді жас әнші.

Ол әлеуметтік желіні белсенді жүргізбес бұрын бастапқыда өзі де күмәнданғанын айтады. Жастар дәстүрлі жырды тыңдамайды, видео салғаннан пайда жоқ деп ойлаған. Алайда алғашқы роликтер жарияланған сәттен-ақ керісінше нәтиже көрген.

жеке мұрағат

Оқырмандарымның басым бөлігі – жастар. Күн сайын маған терме, жыр, дәстүрлі ән сұрап жатады. Бұл жастардың қызығушылығы бар екенін білдіреді, – дейді ол.

Сырсұңқардың пікірінше, дәстүрлі өнерді жандандыру үшін әр орындаушы әлеуметтік желіні белсенді жүргізіп, контентті заманауи форматта ұсынуы тиіс. Сонда ғана көрермен саны артып, дәстүрлі өнер кең аудиторияға қайта жол табады.

Жас талант заманауи музыкалық өңдеулерге қарсы емес. Керісінше, ол мұны уақыт талабы деп біледі.

 Әр заман өзімен бірге жаңа үрдіс әкеледі. Заманына қарай адамы деген сөз тегін айтылмаған. Әрине, халық әндері мен дәстүрлі мұраның түп қазығын өзгертуге болмайды. Бірақ кейбір иірімдерді заман талабына сай өңдеу – өнерге қауіп емес, – дейді ол.

Өнер иесі мысал ретінде заманауи форматқа өткен табысты жобаларды келтірді. Қыдырәлі Болмановтың Сүгірдің термесін рок стилінде жаңғыртып, «Ұлытау» тобын Америка сахнасына шығарып бас жүлде әкелгенін немесе Димаш Құдайбергеннің Нью-Йоркте «Дүрдараз» әнін орындап, әлемді тәнті еткенін тілге тиек етті.

Бұлардың барлығы – дәстүрлі өнер үлгілері. Бірақ жаңа өңдеу олардың табиғатын бұзған жоқ. Әннің сүйегі сол қалпында қалды, тек заманауи аспаптар мен жаңа құрылымдар қосылды. Әлем дәл осы үйлесімді мойындады, – дейді ол.

Ол ұлттық өнерді халықаралық деңгейде насихаттау үшін оны жаңа форматта ұсынудан қорықпау керек екенін айтады. Өзі де батырлар жырын жасанды интеллект көмегімен жаңаша форматта таныстырған жобасын мысалға келтірді.

Қобланды батыр жырындағы мақам мен сазды заманауи нұсқада қайта жасап шықтым. Бұл – дәстүрді жою емес, оны жаңа буынға жеткізудің жолы, – дейді ол.

Сонымен бірге орындаушы кез келген жаңашылдықтың шегін естен шығармау қажеттігін ескертеді.

Әннің түпкі нотасы, табиғи болмысы сақталуы керек. Егер оны түбегейлі өзгертіп, танымайтын деңгейге апарып тастаса, онда өнерден алшақтаймыз. Бірақ кейбір иірімдерді заманға бейімдеу – бұл дамудың жолы, – дейді Сырсұңқар.

Сырсұңқардың өнер жолындағы ең басты тірегі – ұстаздары. Ол үшін әр ұстаздың берген тәлімі, көрсеткен бағыты – өнердегі өсуінің іргетасы.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөзді ол өзінің шығармашылық жолына дәлме-дәл келетінімен түсіндіреді. Өнерге алғаш жетелеген – өнер мектебіндегі ұстазы Ақдауре Ысмағанбетова. Бес жыл бойы домбыраның қыр-сырын меңгертіп, ұлттық өнерге деген алғашқы сүйіспеншілікті осы кісі оятқан.

Кейін оның вокалдық қабілетін байқап, бағыт берген Жарасбек Өтебаев, дәстүрлі әнмен алғаш таныстырған Үкітай Ерниязов, жыршылық мектептің есігін ашып берген Қорқыт ата университетінің ұстазы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Руслан Ахметов – Сырсұңқардың шығармашылық қалыптасуындағы маңызды тұлғалар.

Қазір ол Қазақ ұлттық өнер университетінде еліміздің жыр өнерінің қос тарланы Елмұра Жаңабергенова мен Алмас Алматовтан тәлім алып жүр.

Әр ұстаздан алған білім – менің өнердегі жолымды кеңейтті. Әрқайсысы өз саласының биігі. Сол биіктен үйрену – мен үшін аманат, – дейді жас жыршы.

Ұлттық өнерді әлемге таныту миссиясы

Сырсұңқар оқу орнына тек орындаушы боламын деген мақсатпен емес, жыраулық өнерді терең зерттеуге деген ниетпен түскенін жасырмайды. Ол болашақта жыршылық дәстүрді ғылыми тұрғыда зерделеп, үлкен зерттеу еңбек жасауды көздейді. Сонымен бірге тек сахналық орындаушылықпен шектелмей, жаңа әндер шығарып, термелерді заманауи форматта өңдеп, ұлттық өнерді кең аудиторияға ұсынуды жоспарлап отыр.

Мақсатым – жыршылық өнерді тек жастарға емес, шетелдік тыңдармандарға да жеткізу. Ұлттық өнерді әлемге танытатын заманауи тәсілдер бар. Соларды дұрыс қолдансақ, жыр да, терме де ғаламдық аудиторияға жол табады, – дейді ол.

Жас жыраудың мақсаты айқын, ұлттық өнерді жаңаша форматта дамытып, жыраулық дәстүрге зерттеуші, орындаушы және жаңашыл ретінде өз қолтаңбасын қалдыру.