Үлкен ауылының тұрғындары АЭС салу мәселесін қолдады

22 Тамыз 2023, 14:26 1131

22 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жария талқылау өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, талқылауларда жергілікті халық аймақтағы атом энергетикасының дамуын қолдады, сонымен қатар оның өз аумақтарының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін жоғары маңыздылығын атап өтті.

Талқылауға жергілікті тұрғындар, БАҚ, Алматы облысының, Жамбыл ауданының, Қарасай ауданының қоғамдық кеңесі, ҚР Энергетика министрлігі, Алматы облысының әкімдігі, "ҚР Ұлттық ядролық орталығы" РМК, "Ядролық физика институты" РМК, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, Ядролық технологиялар қауіпсіздігінің ғылыми-техникалық орталығы, сондай-ақ экология, сейсмика, қауіпсіздік, энергетика, инфрақұрылым, ШОБ және т.б. салалық сарапшылар қатысты.

Спикерлер ретінде ҚР Энергетика министрлігі, "Қазақстандық атом электр станциялары" ЖШС, "Ядролық физика институты" РМК сөз сөйледі. Талқылауларда көтерілген негізгі мәселелердің бірі АЭС құрылысының қоршаған ортаға, денсаулыққа әсері, АЭС-ке табиғи-климаттық факторлардың әсері, экономикалық факторлар, инфрақұрылымды дамыту, АЭС-тің шағын және орта бизнесті дамытуға әсері, сондай-ақ басқа да өзекті мәселелер болды. Сарапшылар АЭС-тің қоршаған ортаға, биологиялық әртүрлілікке және т. б. әсері, су ресурстарына әсері, АЭС құрылысына дайындық кезеңі, АЭС-тің техникалық аспектілері, Қазақстанның АЭС-ті дамытудағы әлеуеті, сондай-ақ АЭС салу кезіндегі өңірдің даму перспективалары, экономикалық орындылығы, жұртшылықпен өзара іс-қимыл және тағы басқа туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Аймақтың экономикалық пайдасы да кеңінен қамтылды. Қатысушылар жобаның жұмыспен қамтуға, инфрақұрылымға және экономиканың дамуына әсерін талқылады. Сала өкілдері АЭС жұмысының барлық кезеңдерінде және жобаның әлеуметтік-экономикалық аспектілерінде қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін қолданылатын стандарттар мен технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Талқылау барысында азаматтар өздерін қызықтыратын технологиялардың қауіпсіздігі бойынша да, АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық аспектілері бойынша да сұрақтар қоюға мүмкіндік алды.

Талқылаулар аяқталғаннан кейін "Қазақстанның азаматтық альянсы" ЗТБ президенті ашықтықты және жұртшылықпен ашық диалогты қамтамасыз ету, барлық мүдделі тараптардың пікірлері мен мүдделерін ескеру мақсатында басқа да жақын өңірлерде қосымша талқылаулар өткізу туралы бастама көтерді.

Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы № 704 Жарлығымен бекітілген мәслихат регламентіне сәйкес, АЭС салу туралы шешімді Алматы облысының мәслихаты қабылдайды.

EL.KZ
Бөлісу: