«Улицы разбитых фонарей» сериалының режиссері туған қаласы – Қостанайда болып қайтты

17 Шілде 2019, 10:28 4585

Қостанай облыстық еврей этномәдени бірлестігі «Центр Забота - Хэсэд Полина» бірлестігінің қолдауымен музыкалық іс-шара өткізді.

Отбасылық бағдарлама қызыққа толы болды. Іс-шара қатысушылары бір-бірін құттықтап, ән шырқап, мың бұрала би билеп, өткенге бойлап, еврей халқының тарихына байланысты сұрақтарға жауап берді. Іс-шараға этномәдени бірлестіктер өкілдерімен қатар, Мәскеуден және Санкт-Петербургтен келген қонақтар қатысты.

«Кеңес және ресей актері, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі баршаға танымал, тәлім-тәрбиесі мол «Улицы разбитых фонарей» сериалының режиссері Валерий Захарьев бізге қонаққа келді. Ол Қостанай қаласының тумасы. Кеште «Хава Нагиланы» нақышына келтіре орындап берді және жуық арада жарық көретін жаңа туындысының қостанайлық көрермендердің назарына ұсынытынын жеткізді», - дейді еврей этномәдени бірлестігінің төрағасы Вадим Чашков.

Еврей бірлестігімен ұйымдастырылатын барлық музыкалық іс-шаралардың қатысушысы Ольга Куперман Израильдің Тель-Авив қаласына барған сапарынан және «EVROVISION-2019» ән байқауынан алған әсерімен бөлісті. Ол іс-шараның интернационалдық рухта өткендігін және 2018 жылғы байқау жеңімпазы Нетта Барзилайдың ерекше экспрессивті стилін айрықша атап өтті.

Еврей этномәдени бірлестігінің белсендісі, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды ұстанушы Нинель Берелович Шавуот мерекесінің қалыптасу тарихынан сыр шертті. Аңыз бойынша бұл күні Моше пайғамбар әлемнің барлық халықтары үшін даналықтың қайнар бұлағы саналатын он өсиетті қабылдаған екен.

Этномәдени бірлестіктің арулары орамжапырақ қосылған бәліш пен дәмі тіл үйірер еврей ұлттық тағамдарын әзірледі, барлық қатысушылар дастарқан басына жиналып, әңгіме-дүкен құрды.

Отбасылық мерекеде Иосиф Кобзон, Ирвинг Берлин, әпкелі-сіңлілі Беррилердің, Исаак Дунаевский, Леонид Утесовтың композициялары шырқалды. Еврей халқының жалынды әндері орындалды. Іс-шара қатысушылары «7.40», «Хава Нагила», «Хевену Шалом Алейхем» сынды танымал туындыларды бірге шырқап, достығымыз мәңгі болсын деген ниетпен қол ұстасып би биледі.

Бөлісу: