Ұлы адамдар өмірі: Әбілхан Қастеев

31 Қаңтар 2019, 17:00 17541

Әбілхан Қастеев жайлы 10 дерек

Ұстазы болған белгілі суретші Николай Хлудов оған “Қазақстандағы сурет өнерінің қалай дамитыны саған байланысты” деп жиі айтады екен. Ал қазір қазақстандық сурет өнерін, оның ішінде көркем сурет өнерін ол адамсыз елестету қиын. “Ұлы адамдар өмірі” айдарында - Әбілхан Қастеев.

1. Шопан бала Әбілхан

Әбілхан Қастеев 1904 жылы Жаркентке жақын елді мекенде дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған бала 8 жасынан байдың қойын бағып, отбасының арқасүйеріне айналады. Көп уақытын табиғат аясында өткізген баланың санасында сол кезде әдемілік пен сан алуан түстерге деген қызығушылығы оянады. Сөйтіп, қолына түскен заттардан түрлі әшекейлер жасай бастайды. Қызы Гүлдария Қастееваның айтуы бойынша, ауыл қыздары Әбілханның жасаған бұйымдарын көру үшін, мал өрістен қайтатын уақытты асыға күтеді екен. Сондай-ақ Әбілхан анасына сырмақ пен текеметке ою салуға көмектеседі екен. Біраз уақыттан кейін Әбілхан адамдардың мүсінін жасауға көшеді. Алайда мүсін жасауды ауылдастары “күнә” санап, кішкентай суретшіні “Құдайға қарсы келдің!” деп айыптайды. Кейін Әбілханның отбасы Жаркентке көшіп келеді. Ол жерде бозбала бір байдың көше тазалаушысы болып жұмыс жасайды. Бірде оның жұмыстарын фотограф байқап қалып, өзіне айтпай суретке түсіріп, Қызылордаға жібереді. Ол жақтағылар бозбаланы оқуға жіберу керек деп шешеді, алайда Әбілханның қаражаты болмай, қалып қояды.

2. Түрксіб теміржолын салуға қатысқан

Әбілхан Қастеев Түркістан-Сібір теміржолының құрылысында үш жыл жұмыс жасаған. Бос уақытында ол саздан түрлі мүсіндер жасап, жұмысшылардың портретін салады екен. Бірде Әбілхан Лениннің портретін тасқа қашап салған көрінеді. Ол протрет Мәскеуден келген адамдардың көзіне түсіп, олар “Бұл жігіттен жақсы суретші шығады. Ол оқуы тиіс” дейді. Алайда оқуға жіберместен бұрын, оның туған жерінен шыққан тегі жайлы анықтама алынады. Осылайша Әбілхан байдың емес, расымен кедейдің баласы екені расталған соң, жас жігіт Алматыға аттанады. Кейін, яғни 1969 жылы Қазақстанның ең танымал суретшісі атанған Қастеев Түрксіб туралы естелігін кенеп бетіне түсіреді. Композицияда қазақ даласын бірінші рет басып өткен пойыз бен оны тамашалауға шыққан адамдар бейнеленген. Бұл туынды суретшінің үздік әрі танымал картиналарының қатарынан орын алды.

3. Николай Хлудовтан тәлім алған

Әбілхан Қастеевті сурет өнеріне баураған - Николай Хлудов. Белгілі суретші Әбілханның таланты мен қызығушылығын байқап, оған сурет салу әдісін сатылап үйретуді бастайды. Өз естелігінде Әбілхан Қастеев “Мені көріп, мақсатымды білген Хлудов қатты таңғалды әрі қуанды. Айтуынша, мен ол көрген алғашқы қазақ суретші екенмін. Ол туғандарым жайлы, суретті қашан сала бастағаным жайлы көп сұрады, суреттерімді мақтады. Сосын суретті акварельмен салуға кеңес берді. Кетерімде маған акварель, қылқалам мен қағаз ұсынып, аптасына екі рет сабаққа қатысуымды сұрады” дейді. Сондай-ақ Хлудов сабақ барысында Әбілхан Қастеевке “Сен - біріншісің, сенің соңыңнан басқалар жүреді. Алдыңдағы жол ұзақ әрі қиын, бірақ шегініп кетуіңе қақың жоқ” деген тілегін үнемі айтып отырады екен. Ұстазының айтқаны келіп, Әбілхан қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби суретші атанып, үлкен мектептің қалыптасуына жол ашты. Ал Хлудовтың алдына келгенде Әбілхан 25 жастағы жігіт болатын...

4. Мәскеудегі өмір

Николай Хлудовтан білім алған Әбілхан Қастеев досы Әубәкір Исмаиловпен бірге Мәскеуге аттанады. Жас суретшінің мақсаты - сурет мектебіне оқуға түсу. Алайда ол жақта қаржылай қиындықтан бөлек, мектеп басшылығы аттестаты жоқ баланы оқуға қабылдаудан бас тартады. Сол кезде Мәскеуде тұратын қазақ диаспорасы Надежда Крупская атындағы сурет студиясының директоры Анна Фурмановадан Қастеевтің ең болмаса шығармашылық сабақтарға қатысуын өтінеді. Анна Фурманова рұқсат беріп, Әбілхан Қастеев сурет өнері жайлы білімін арттыра бастайды. Сабақтан бос уақытын ол музейлер мен галереяларды аралап, түрлі суретшілердің көрмелерін тамашалаумен өткізеді. Сондай-ақ ол Мәскеуде салған бірнеше туындыларын Шығыс Музейіне ұсынады. Ондағылар картиналардың бағасын сұрағанда, Әбілхан өз жұмыстарын аз сомаға бағалаған екен. Алайда музей басшылығы туындыларды екі есе қымбат бағаға сатып алып, сол күні қазақстандық суретші барлық қарызын қайтарған көрінеді.

5. Амангелді Имановтың портретін салуға ұзақ дайындалған

1916 жылғы халық көтерілісінің 20 жылдығына орай көрме өтетін болып, Әбілхан Қастеев революция тақырыбында бірнеше картиналар жазады. Бірақ өзінің ең танымал туындыларының бірі - Амангелді Имановтың портретін салу үшін суретші ұзақ дайындалады. Бірде-бір суреті сақталмаған батырдың бейнесін барынша ұқсату мақсатында Әбілхан Торғай облысына барып, Амангелдінің туыстарымен сұқбат құрған екен. Сондай-ақ Амангелді Имановты жақсы білген Әліби Жангелдинмен әңгімелеседі. Осылайша Әбілхан Амангелдіні көрген-білген жандардың суреттеуі бойынша бірнеше нобайлар жасайды. Бірақ көлемді портретін тек 1950 жылы салған. Амангелдіні танитындар картинаны көргенде ұқсастықты байқап, қатты таң қалған деседі. Осы туындыдан кейін Әбілхан Қастеевке Халық суретшісі атағы беріледі. Сонымен қатар 1970 жылы Әбілхан тағы да 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына оралып, “Амангелді сарбаздары” картинасын жазады.

6. Қытай түрмесінде отырған

Мәскеуде жүрген кезінде Әбілхан қатты ауырып, елге қайтады. Сәл жазылған соң отбасын асыраудың амалын іздейді. Ол кезде көптеген қазақтар шекара асып, Қытайдан тауар әкеледі екен. Оны базарда астыққа ауыстырып, талғажау ететін болған. Сондай сапардың біріне Әбілхан Қастеев те аттанады. Алайда қытай жандармдары оларды контрабандашылар деп ұстап алып, түрмеге қамайды. Таңнан кешке дейін қара жұмысқа жегілген Әбілханның денсаулығы одан сайын нашарлай түседі. Ақыры бір күні түрмеден қашып шығудың мүмкіндігі туады. Қайда барарын білмеген Әбілхан Қастеевке базарда қауын, қарбыз сататын қарт кісі кездесіп, көмектеседі. Сол кісімен бірге базарда жүргенінде туыстарын кездестіріп, Жаркентке оралады. Ұзақ уақыт жоғалып кеткен Әбілханды әйелі алғаш көргенде танымай қалған екен.

Ал ІІ дүниежүзілік соғыс басталған кезде Әбілхан Қастеев майданға аттанбақ болады. Бірақ бұйрық келіп, Әбілхан соғыс тақырыбындағы плакаттарды салумен айналысатын болып, елде қалады.

7. Қастеев небәрі екі ай тұрған үй

Ұзақ уақыт Әбілхан Қастеевтің өз үйі болмаған. Тек 1950 жылға қарай суретшіге Мұхтар Әуезов тұрған кішігірім баспананың кілті табысталғн екен. 1959 жылы Алматыға шетелдік делегация келіп, Әбілхан Қастеевтің шығармашылығы жайлы деректі фильм түсіретін болады. Осыған байланысты қала басшылығы Әбілханды сол кездегі “Қазақфильм” үйіне көшіріп, жаңа баспананың ішін сәнді жиһазбен әрлейді. Суретшіні “Енді үйің де, шеберханаң да бар” деп қуантады. Бірақ шетелдіктер фильм түсіріп, отанына қайтқаннан кейін екі айдан соң Әбілхан Қастеев ескі үйіне оралады. Осы оқиғадан кейін Дінмұхамед Қоневпен болған кездесуде суретші “Маған білімі көп адам білімі аз адамды алдауына болады деген жаңа заң шыққанын айтты” дейді. Қонаев ондай заңның жоғын алға тартады. “Жоқ болса, неге шетелдіктер кеткеннен кейін менің отбасымды ескі үйге қайтардыңдар? Неге Еуропаны, мені алдадыңдар?”, - деп қарсы сұрақ қойған екен. Мұны естіген Дінмұхаммед Ахметұлы күліп жіберіп, “Ақсақал, сізді шынымен алдаппыз” дейді. Сол бетте Жұмабек Тәшеновке хабарласып, суретші Әбілхан Қастеевке арналған үйді салу жайлы нұсқау береді. Осылайша, қазір музейге арналған төрт бөлмелі үй үш айдың ішінде салынған көрінеді.

8. Әбілхан Қастеевтің отбасы

Әбілхан Қастеевтің ата-анасы ұлын бір қызбен атастырып қойған екен. Бірақ ол қыз “кедей жігітке әйел болмаймын” деп тұрмысқа шығудан бас тартады. Ақыры екеуі табыспай, Әбілхан Мәскеуге оқуға кетеді. Ауылына келген кезде, сәнді киінген суретші сол қыздың үйіне әдейі кірген екен. Ал өзінің өмірлік жары Сақыш болса, Әбілханнан он жас кіші болған. Қазақтың ескі дәстүрі бойынша ол әуелі ата-анасымен танысып, үйдің тұрмысына үйрену үшін солармен бірге тұрады. Тек содан кейін суретшімен танысып, екеуі отау құрған. Әбілхан Қастеев жұбайымен алты ұл, үш қыз сүйген. Балаларының барлығы дерлік әке жолын қуып, сурет өнерімен айналысқан. Қазір ол жолды немерелері мен шөберелері де жалғап жүр.

9. Қоғамдық қызметпен де айналысқан

Шығармашылықтан бөлек Әбілхан Қастеев қоғамдық қызметпен де айналысқан. Ол екі рет (1955 және 1959 жылдары) Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданының атынан Қазақ ССР-інің Жоғарғы кеңесінің депутаты болып сайланған. Жары Сақыш “Сол кезде Әбілханға Оңтүстік Қазақстаннан ғана емес, сонау Сарыарқадан, Маңғыстаудан тағдыр талқысына түскен адамдар келіп, мәселелерін айтып, көмек сұрайтын. Сол өтініштерді жерге тастамауға тырысатын” деп еске алады. Ал қызының айтуынша, Әбілхан Қастеев ауылды жерлерде мектеп, емхана салуға себепкер болғаннан бөлек, жазықсыз сотталғандарды ақтап алуға да көмектескен көрінеді.

10. Қазақстандық ең қымбат суретшілердің бірі

2018 жылдың соңындағы Forbes Kazakhstan жасаған рейтинг бойынша, Әбілхан Қастеев қазақстандық “қымбат” авторлардың қатарына енген. Оның акварельмен салынған суреттері 10 000 - 25 000 долларға бағаланса, кенептері 40 000 - 80 000 долларға сатылады екен. Ал осыдан біраз жыл бұрын оның “Пейзаж” атты картинасы 413 000 долларға аукционға қойылған көрінеді. Ал суретшінің ең танымал туындылары Алматыдағы Мемлекеттік Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде сақталған.

Перизат Кәрімқұл
Бөлісу: