Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында үлескерлер мәселесі туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қалада ресми түрде құрылысы ұзаққа созылған деп танылмаған бірқатар проблемалы үй бар.
Олар бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, ТК тұрғындарымен кездесу өткіземіз. Мысалы, салымшылар «София» ТК кілтін 2021 жылы алуы тиіс еді. Алайда, тұрғындар әлі күнге дейін өз пәтерлеріне кіре алмай жүр. Нысанда құрылыс қарқыны баяу жүріп жатқаны байқалды, тұрақты инженерлік желілері болмады, лифт орнату жұмысы әлі аяқталған жоқ. Біз ТК құрылысын аяқтау үшін көмек көрсетеміз. Мәселен кәріз, су құбырын орнату, абаттандыру, көгалдандыру және тағы басқа, - деп жазды қала әкімі.
Бұдан бөлек, қылмыстық қудалау органдары «Әскер-1», «Әскер-2», «R-Club», «R-Club De Luxe», «Ақтау Сити», «Қазанат-2», «Ордабасы», «Оазис» тұрғын үй кешендері бойынша үлескерлердің бірнеше рет берген өтініші негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру жөнінде іс-шаралар жүргізіп жатыр.
Біз үшін маңызды жайт - құрылысы ұзаққа созылатын жаңа нысандардың және проблемалы үлестік құрылыстардың пайда болуына жол бермеу. Құрылыс компаниялары үлескерлердің қаражатын белгілі бір қатаң жағдайларда ғана қабылдай алады: - тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігін алу, - екінші деңгейлі банктің жобасына қатысу, - тұрғын үйдің қаңқасын тұрғызғаннан кейін ғана үлескерлердің ақшасын қабылдау, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.