Украина азаматы Қазақстанда қылмыстық топ құрып, есірткі сатқан

23 Ақпан, 15:23 706

Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің көмегімен Польша Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан топты құру және басқару үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Украина азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол 2022 жылы құрған қылмыстық топ Қазақстан аумағында аса ірі көлемде психотроптық заттарды өндірумен және сатумен  айналысқан.

Тәркіленген заңсыз заттардың көлемі 1 тоннадан астам, ал олардың заңсыз айналымдағы жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды.

Көрсетілген қылмыстарды жасағаннан кейін ұйымдасқан топ мүшелері құрықталды, ал оның жетекшісі жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланған.

2023 жылдың тамыз айында күдікті Польшаның аумағында ұсталды.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол экстрадицияланып, қазіргі уақытта Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.

Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: