Үкіметте МАЭК пен АМӨЗ-дегі апаттар себебін тексеру барысы қаралды

13 Шілде 2023, 09:05 826

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) болған апаттардың себептерін тексеру жұмыстарының барысы қаралды.

Мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы 6-9 шілде аралығында Маңғыстау және Атырау облыстарына барып, нәтижесінде 3 шілдеде болған оқиғалар тізбегі толығымен қалпына келтірілген.

Сонымен қатар Батыс өңірдің энергожүйесінің жай-күйіне жан-жақты талдау жасалып, АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі бөлек қаралды.

Бұл жағдай Батыс өңірдің энергожүйесіндегі теңгерімді болжау және жөндеу схемаларын жоспарлаудағы кемшіліктердің барын айғақтайды. ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жобасын іске асыру созылып кеткен.

Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік стансаларда, бірінші кезекте МАЭК-те апат қаупі жоғары екендігі анықталып отыр. Станса жабдықтарының әбден тозығы жеткен.

Оқи отырыңыз:

Сонымен қатар «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің жаңа бу-газ жылу стансасының жұмысына қатысты сұрақтар туындауда. Атырау мұнай өңдеу зауытының сыртқы электрмен жабдықтау схемасында айтарлықтай ақаулар бар.

Орын алған апаттар шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау жұмыстары жалғасуда.

Бұл ретте алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар жүйелі проблемаларды шешу жоспары әзірленді.

Ол МАЭК-ті жаңғырту мен күрделі жөндеуді, БЭЖ-дің Батыс аймағының электр желісін күшейтуді, АМӨЗ-де қуаттылығы жоғары жеке энергия көзін салуды, Батыс аймақты ҚР БЭЖ-бен байланыстыруды көздейді.

Премьер-министр болған апаттардың мән-жайын толық анықтау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды және келешекте олардың алдын алу шараларын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: