Үкіметте инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі жаңа шаралар пакеті қаралды

27 Қаңтар 2023, 09:25 977

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің отырысында Үкіметтің инвестициялық блогының жұмысын күшейту жөніндегі ұсыныстар қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Отырысқа қатысушылар инвестициялық дауларды қарау процесін жеделдету, инвесторларды құқықтық қорғауды күшейту және мемлекеттік органдардың шарттық міндеттемелерді орындамау себептерін жою жөніндегі шараларды талқылады.

Сонымен қатар өңірлерде инвестиция тартуды ынталандыру, салықтық және кедендік әкімшілендіруді жеңілдету, кәсіпкерлердің қаржы көздеріне қолжетімділігін кеңейту бойынша ұсыныстар қаралды.

Бұдан басқа, отырыста инвесторлардың жобалар үшін техникалық шарттар мен жер учаскелерін алу кезінде кездесетін кедергілерді алып тастау бойынша ұсынымдар әзірленді. Атап айтқанда, бұл тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру және қолдану, сондай-ақ бағалау компанияларының жауапкершілігін арттыру арқылы рұқсат беру процесін цифрландыруға қатысты.

Талқылау қорытындысы бойынша Кеңес Үкіметтің инвестициялық блогын күшейту жөніндегі шаралардың жаңа пакетін пысықтауды тапсырды.

EL.KZ
Бөлісу: