Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізу үшін қосымша қаражат бөледі

13 Қаңтар 2023, 18:23 923

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті

Алматы облысына жұмыс сапары барысында Премьер-Министр облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен кездесіп, субсидиялау, айналым қаражатымен қамтамасыз ету, су және газ көздерін қолжетімді ету, жем-жөп, ветеринариялық препараттар, тұқымдар, тыңайтқыштар, пестицидтер, гербицидтер, ауыл шаруашылығы техникасы және т. б. сатып алу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Әлихан Смайылов аграрийлерді қолдау Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

«Бұрын өнімділікке тікелей әсер ететін субсидияларды ғана қалдыру үшін субсидиялау жүйесін өзгерту жоспарда болған. Бірақ фермерлермен кеңескеннен кейін біз қолданыстағы кейбір субсидиялау стандарттарын сақтап қалу туралы ортақ келісімге келдік. Өз тарапынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер азаматтарды қолжетімді бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге тиіс», — деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов алдағы жылдары Үкімет шаруаларға қажетті су көлемін жеткізіп беру үшін каналдар мен гидронысандарды салуға және жаңғыртуға қосымша қаражат бөлетінін айтты.

EL.KZ
Бөлісу: