Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті қолдау шараларын қарастырды

10 Қыркүйек, 11:45 328

Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті қолдау шараларын қарастырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту мақсатында Қазақстан Үкіметі кәсіпкерлікті қолдау шараларына ревизия жүргізуді, бизнесті тексеруді ретке келтіруді және халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің (МЖӘ) ауқымды жобаларының пулын айқындауды жоспарлап отыр.

Өнеркәсіпте отандық шикізатты барынша пайдалануға және аралас өндірістерді дамытуға баса назар аудара отырып, жобалар іске асырылатын болады. Агроөнеркәсіптік кешенде кредит беруді ұлғайту, субсидияларды бақылауды күшейту және жер учаскелерін қайтаруды оңайлату жөніндегі шаралар көзделген.

«Ауыл Аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары өндірген өнімді қайта өңдеу және өткізу инфрақұрылымын құру, жаңа құрал – «тауарлы несие» енгізу мүмкіндігі, сондай-ақ азаматтарды өнімді ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге оқыту орталықтарын іске қосу көзделген.

Жоспарда сондай-ақ энергетика секторында және коммуналдық шаруашылықта бірінші кезектегі инфрақұрылымдық міндеттерді шешу, моноқалалардың экономикаларын әртараптандыру, таяудағы 3 жылда рентабельділік деңгейіне дейін теміржол тасымалына реттелетін тарифтерді бекіту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері, ЖИ енгізу үшін құқықтық жағдайлар және Жолдаудың басқа да бағыттары көзделген.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: