Үкімет Батыс Қазақстан облысына 5 миллиардқа жуық қаржы бөлді

24 Шілде, 16:31 615

Алдағы жылу беру маусымының үзіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін ҚР Үкіметінің резервінен Батыс Қазақстан облысының әкімдігіне шамамен 4,9 млрд теңге бөлінді. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қаражат Орал қаласындағы екі жылу магистралін реконструкциялауға бөлінеді. Олар тәуекелдің «қызыл аймағындағы» 19 жылу көзінің тізбесіне кіреді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке оларды басым тәртіппен жаңғыртуды тапсырған болатын.

Премьер-министр Олжас Бектенов биылғы ақпан айында өңірге жұмыс сапары барысында әкімдікке көп кідірмей реконструкциялауды талап ететін жылумен қамту нысандары бойынша құжаттама дайындауды тапсырған болатын. ТМ-5 және ТМ-2 жылу магистральдары бойынша жобалар дайындалды.

Орал қаласындағы ұзындығы 1,6 шақырым болатын ТМ-5 жылу магистралі 1987 жылы пайдалануға берілген, оның тозуы 80%-ды құрайды. Жөндеу жұмыстарына 574 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Екінші жоба 4 шақырым ТМ-2 жылу магистралін реконструкциялауды қамтиды, оның тозу деңгейі – 75%. Жобаны 4,3 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген. Екі учаскеде де күрделі жөндеу бұрын соңды жүргізілмеген.

Бөлінген қаражат 106 көпқабатты үй мен 20-ға жуық әлеуметтік нысанды, яғни 24 мың абонентті, балабақшалар, мектептер, колледждер, ауруханалар мен емханаларды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: