Үкімет басшысы жұмыс сапарымен ШҚО-да болды

7 Қазан 2023, 09:08 697

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысының одан әрі әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Премьер-министр ШҚО экономикасы бірінші кезекте, тау-кен металлургия өнеркәсібінің дамуымен байланысты екенін, сонымен қатар энергетика, ауыл шаруашылығы, логистика және туризм салаларының да даму әлеуеті өте жоғары екенін атап өтті.

Мәселен, өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің 70%-ке жуығын тау-кен металлургия саласы құрайды.

Электромобиль өндірісінің қарқынды өсуіне байланысты литий металын өндіру өзекті болып табылады. Облыстың Ұлан, Шемонаиха аудандарында және Өскемен қаласының шетінде мемлекеттің балансында тұрған литийдің 6 кен орны бар. Барланбаған кен орындары бұдан да көп. Литийдің негізгі тұтынушыларының бірі Қытай және басқа да Азия нарықтары өңірге жақын орналасқан. Әкімдік осы мүмкіндіктерді пайдалану үшін кен орындарын барлау және өндіру жобаларына инвесторларды тартуы керек», - деді Әлихан Смайылов.

Ол өңірде жаңартылатын энергия көздерінің бірі болып табылатын гидроэнергетика саласының жақсы дамығанын атап өтті.

Жергілікті жерлерді электр энергиясымен қамтамасыз ету және электр желілеріндегі шығынды азайту үшін Алтай ауданындағы «Тұрғысын-1» сияқты шағын гидроэлектростанцияларды салу жобаларын белсенді іске асыру қажет, - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-министр атап өткендей, Үкімет жыл сайын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау үшін қомақты қаржы бөледі.

АӨК жобаларын іске асыруға қолдау көрсету шараларын әрі қарай да жалғастырамыз. Десе де бюджет қаражатын барынша тиімді пайдалану керектігін атап өткім келеді. Ең бастысы, өнімділігі жоғары, қайтарымы мол жобаларға басымдық берілуі тиіс, - деді ол.

Атап айтқанда, кәсіпкерлермен бірге көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру жұмыстарын күшейту қажет.

Қазір бізде осындай қоймаларды салу үшін 50%-ке дейін инвестициялық субсидия беру көзделген. Яғни, бұл салаға мемлекет тарапынан үлкен қолдау шаралары көрсетіледі. Осыған мән беріп, үйлестіру жұмыстарын күшейту керек, - деді Премьер-министр.

Асқар Таудай
Бөлісу: