Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісін өткізді, деп хабарлайды El.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Онда 2022 жылдың қорытындысы жасалып, келесі жылға арналған жоспар бекітілді.
Ведомство басшысы Әлібек Қуантыров қаңтар-қараша айларында экономика өсімі 2,7%-ды құрағанын атап өтті. Сыртқы сауда айналымы 34%-ға өсіп, $111 млрд-қа жетті.
Биыл жаңа инвестициялық циклды қалыптастыруға, сондай-ақ жаңа трендтерді, оның ішінде ESG стандарттарын ескере отырып, инвестицияларды тарту саясатын қайта қарауға бағытталған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы қабылданды.
Министрдің айтуынша, өңірлерді дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, елдің 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары бекітілді.
Тарифтік саясатты реформалау үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тұжырымдамасы ұсынылып отыр. 2029 жылға қарай республикада инженерлік желілердің тозуын 20%-дық пунктке дейін төмендету көрсеткішіне қол жеткізу көзделген. Ол үшін шамамен 3,8 трлн теңге инвестиция тарта отырып, 134 мың км астам желіге жөндеу жүргізу қажет болады. Мәселен, келесі жылы 13,2 мың км жылу және электрмен жабдықтау желілерін жөндеу үшін шамамен 300 млрд теңге тарту және табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақысын 50%-ға дейін арттыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар алқа мәжілісінде кәсіпкерлікті, қаржы секторын, өңірлерді, мемлекеттік басқаруды және одан әрі дамыту бойынша жоспарланған шаралар қаралды.
Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігінің негізгі мақсаты – халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатының артуын нақты қамтамасыз ететін біртұтас және тиімді экономикалық саясат қалыптастыру екенін атап өтті.
Оның айтуынша, ағымдағы сыртқы экономикалық конъюнктура белгісіздіктің жоғары деңгейімен сипатталады. Әлемдік экономикада энергия ресурстары мен азық-түлік тауарлары бағаларының өсуі барлық жерде байқалып отыр.
Үкімет туындап жатқан тәуекелдерді жою үшін бар күшін салады. Бірақ өкінішке қарай, әлемдік экономикадағы жағдай әлі де тұрақсыз күйде қалып отыр. Сыртқы факторлар Қазақстан экономикасының өсу қарқынына және тиісінше экономикалық белсенділікке өз әсерін тигізуде. Осыған байланысты 2023 жылы Ұлттық экономика министрлігінің алдында бірқатар маңызды міндеттер тұр, - деді Әлихан Смайылов.
Ол бірінші кезекте Мемлекет басшысының 1 қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында, 12 желтоқсанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына, сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасына баса назар аудару қажет екенін атап өтті.
2023 жылы кемінде 4% экономикалық өсімге қол жеткізу үшін ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыруға, ағымдағы сын-қатерлерді ескере отырып, инфляция деңгейін бақылау мен төмендету жөніндегі шаралар кешенін жандандыруға, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуға назар аудару қажет.
Президент тапсырмаларын ескере отырып, салалық тұжырымдамалар мен мемлекеттік органдардың даму жоспарларын өзектендіру қажет. Біз мемлекеттік органдарға салалық құзыреттер шеңберінде дербес шешімдер қабылдау үшін барлық мүмкіндіктерді беруге тиіспіз. Сондай-ақ жергілікті деңгейдегі мәселелерді шешу үшін өңірлердің өкілеттіктерін кеңейтуіміз керек. Бұл жұмыс Ұлттық экономика министрлігінің үйлестіруімен жүргізілуі тиіс, - деді Әлихан Смайылов.