Үкімет басшысы Таразда жаңа тазарту қондырғыларын тез арада салуды тапсырды

11 Тамыз 2023, 21:43 1268

Жамбыл облысына жұмыс сапары аясында премьер-министр Әлихан Смайылов Тараз қаласының сарқынды суларды сүзу алаңдарының жай-күйімен және жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын салуға дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Таразда сарқынды суларды сүзу алаңдары 1962 жылы салынған және бүгінде әбден тозығы жеткен. Олардың жобалық қуаты – тәулігіне 43 мың м3, іс жүзінде онда күн сайын шамамен 70-80 мың м3 сарқынды су жиналады. Мәселені шешу үшін әкімдік жаңа кәріз-тазарту құрылыстарын іске қосу жобасын әзірлеп бастады. Қазіргі уақытта қажетті техникалық құжаттама дайындалып жатыр, құрылысты 2025 жылы бастау жоспарланып отыр.

Премьер-министр Таразда өнеркәсіп нысандарының көбейіп, халық саны артып келе жатқанын, алайда қалада әлі күнге шешімін таппаған коммуналдық мәселелер бар екенін атап өтті.

Қалада тазарту қондырғылары жоқ. Бұл өзендер мен жер асты суларының ластануына әкеліп соқтыратын үлкен проблемаға айналады. Әкімдік жоспарлы қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын жаңа тазарту қондырғылары бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр. Жобаны жүзеге асыруға тездетіп кірісу керек, - деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол «Қазфосфат» ЖШС полигоны мен қалдықтардың жиналуына қатысты түйткілді мәселелерді шешу қажеттігін айтты.

Перизат Саденова
Бөлісу: