Үкімет басшысы ШҚО-дағы отандық фармацевтика өндірісімен танысты

19 Шілде, 19:25 747

Премьер-министр Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «TAKURRA» ЖШС медициналық техника және медициналық бұйымдар өндіретін отандық зауыттың әлеуетімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 
 
Отандық компания – ТМД аумағында жоғары дәлдіктегі автоматты ИХЛ (иммунохемилюминесцентті) анализаторларының жалғыз өндірушісі. Қанды зерттеуге арналған құралдың көмегімен 14 минут ішінде бірден 20 көрсеткіш бойынша нәтиже алуға және 150-ден астам ауруды ерте кезеңінде анықтауға болады. Зауыттың өндірістік қуаты – 360 анализатор мен 1,5 млн реагент жиынтығын құрайды.
 
Үкімет баспасөз қызметінің мәліметінше, Олжас Бектеновке «TAKURRA» ЖШС бас директоры Андрей Кайзер компанияның мемлекеттік ауруханалардағы шетелдік анализаторларды отандық анализаторлармен ауыстыруға дайын екені туралы хабарлады.

Мемлекет басшысы сатып алудағы қазақстандық қамтуды және отандық тауар өндірушілермен офтейк-келісімшарттар үлесін арттыру міндетін қойды. Біз импортты алмастыруға ұмтыламыз. Денсаулық сақтау министрлігіне отандық анализаторлар үлесін біртіндеп арттыру бойынша талдау жүргізіп, мәселені зерделеуді тапсырамын, — деді Премьер-министр.

Үкімет басшысына қазіргі модульдік автоматтандырылған ПТР-сынақ жүйесін іске қосу және отандық өндірістегі медициналық бұйымдарды шығару жоспарлары туралы да баяндалды.

Перизат Саденова
Бөлісу: