Үкімет басшысы еліміздегі өрт қауіпсіздігін сынға алды

8 Қазан, 15:35 583

Соңғы кездері еліміздің бірнеше өңірінде дала өрті тіркеліп, оны оқшаулау жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда Қарағанды облысы Қарақаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп жанып, бірнеше алқапқа тарады. Алқаптағы өрт Павлодар облысының шекарасындағы «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағына да көшкен. ТЖМ дерегінше, жалпы аумағы 45 мың гектар жерді өрт шарпыған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қарағанды облысындағы дала өрті

ТЖМ мәліметінше, 6 қазан күні Қарағанды облысы Қарақаралы ауданы Қоянды ауылының маңында құрғақ шөп жанған. Төтенше жағдай қызметкерлері жеткенде мұнда 40 гектар алқаптың жанғаны байқалған. Бүгінде ашық аумақта алдын ала ақпарат бойынша ауданы 35 мың гектар құрғақ шөп жанып жатыр. Қатты екпінді жел, таулы жерлер және өрт ошақтарына кірме жолдардың болмауы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатуда.

Табиғи өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД және жергілікті атқарушы органдарының күштері мен құралдарынан 386 адам, 64 бірлік техника, ҚР ТЖМ мен Қорғаныс министрлігінің әуе кемелері жұмылдырылған. Сондай-ақ, олар 4 учаскеге бөлініп, өртті оқшаулауда. Әуе кемелері өрт ошақтарына барлығы 30 рет 50-ден астам тонна көлемінде су төкті.

Азаматтарды эвакуациялау барысында (суреттер: ТЖМ)

Ұлттық ұлан, Кувский орманшылығынан, жергілікті атқарушы органдардан, Қарағанды және Ақмола облыстары ТЖД, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімінен қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов қазір Қарағанды облысында. Далалық өрт сөндіру штабтары жұмысын жалғастыруда, ол жерде ТЖД басшылығы бар. Қарқаралы ауданында 2 бірлік жылжымалы тамақтану пункті дайындалды, азық-түлік және заттай жарақтар қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Қарағанды облысы ТЖД 8 721 2 51 72 23 жедел желі телефоны жұмыс істейді, - делінген ТЖМ мәліметінде.

Сонымен қатар өңірдегі Айыр, Шөптікөл, Қызылшілік, Атантай, Теректі  елді мекендеріне қауіп жоқ екенін жеткізді.

6 қазан күні өртті сөндіру барысында өз қызметтік міндетін атқару кезінде 24-өрт сөндіру бөлімінің 33 жастағы аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Хали Хайрат қаза тапты.  Сержант азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істеген.

Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Ведомствоның Апаттар медицинасы орталығының психологтары қайтыс болған қызметкердің туыстарына қажетті психологиялық көмек көрсетуде. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндірушінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады! ТЖМ қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетеді, - деді ТЖМ.

Сонымен қатар, ТЖД қызметкері мен ерікті өртке қарсы құралымның бір қызметкері күйік алған. Олар аудандық ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Кейін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағында өрттен зардап шеккен тағы бір тұрғынды Қарағанды қаласының ауруханасына жеткізді. Алдын ала мәліметтер бойынша, ол жеңіл күйік алған.

Сонымен қатар, әлеуметтік желіде дала өртінен қашқан табындардың видеосы тараған болатын.

 

Павлодар облысындағы дала өрті

Қарағанды облысындағы өрт өршіп, Павлодар облысына дейін жетті. Атап айтқанда, өңірдегі «Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің» ормансыз аумағын өрт шарпыды. Аэровизуалды барлау барысында Желтау кентінің тұрғындарын алдын ала эвакуациялау туралы шешім қабылданды. Қауіпсіз жерге 18 адам, оның 8 бала эвакуацияланды.

ТЖМ дерегінше, күні кеше Павлодар облысы Баянауыл ауданының аумағында жалпы ауданы 10 мың гектар дала өрті толығымен оқшауланды.

Өртті сөндіруге Павлодар облысынан, Астана қаласынан ТЖД, Абай облысынан және ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің, орман шаруашылығы қызметтерінің құтқарушылар топтары және жергілікті атқарушы органдардан ерікті өрт сөндіру құралымдары қатысты.

Өртті оқшаулауға 239 адам, 42 бірлік техника, 2 әуе кемесі, 3 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Өрт ошақтарына барлығы 29 рет 64 тонна көлемінде су төгілген. Су Шалқаркөл көлі  және Желтау кентіндегі ұңғымадан алынды.

Қазіргі уақытта шабынды шөптің жергілікті өрт ошақтарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мал басы мен адам жағынан зардап шеккендер жоқ. Мамандар жаяу жүріп өрттен кейінгі шоқтарды толығымен алауыздықтап жатыр. Өрт аумағынан әлі бірде-бір қызметкер қайтарылмады, - деді ТЖ мобилизациялық дайындық және мобилизациялау жөніндегі бас инспектор Дархан Жұпаров.

 

Ресеймен шекарадағы өрт

Кеше Қостанай облысы Жетіқара ауданымен шекараға жақын Ресей аумағанда өрт шарпыған. ТЖМ хабарлауынша, термалды нүктелерге мониторинг жүргізу барысында ТЖ департаментінің қызметкерлері Қостанай облысы Жітіқара ауданымен шекараға жақын Ресей аумағында өрт ошағын тіркеді.

Өрт тез таралып, Қазақстан аумағына өткен. Жағдайға ден қойып, Қостанай облысы ТЖД күштері мен құралдары дереу оқиға орнына бет алды. Шекара аумағындағы қашықтықтан орналасуы, сондай-ақ жел түріндегі ауа-райының жағдайы Өрт сөндіру жұмыстарын қиындатып, өрттің тез таралуына ықпал етті. Құтқарушылардың жедел реакциясы мен шекара қызметімен және басқа да органдармен үйлестірудің арқасында өрттің одан әрі таралуына жол бермей, Қазақстан аумағында 1400 шаршы метр аумақта өртті жедел оқшаулауға және сөндіруге мүмкіндік туды, - деді ТЖМ.

Сурет: ТЖМ

Сонымен қатар, табиғи өрттің салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Қостанайлық өрт сөндірушілер Ресеймен шекарадағы өртті толық ауыздықтаған.

 

Атырау облысындағы өрт

7 қазанда Атырау облысы Құрманғазы ауданына 43 шақырым жерде 5 гектар аумақта қамыстың бықсып жатқаны анықталған. Сонымен қатар Құрманғазы ауданынан 20 шақырым жердегі  «Қара пішен» учаскесі тұсында 3 гектар аумақта қамыстың жанып жатқаны анықталды. Аумақтағы өртті сөндіруге ТЖД күштері мен құралдары 24 қызметкер, 1 тікұшақ, 1 бірлік техника қамыс өртін сөндіруге жұмылдырылды.

Кеше сағат 17:00-ден бері «Қазавиақұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағының су төгу құрылғысы арқылы әуеден жану ошақтарына 30-дан астам тонна су төгілді. Сондай-ақ облыстың өрт сөндіру бөлімдерінен жауынгерлік есептоптарымен (9 қызметкер), 1 бірлік техника (жол талғамайтын ТРЭКОЛ автокөлігімен) жану ошақтарын мотопомпалармен және өрт сөндіру қол құралдарымен (хлопушкалар, күректер) сөндірді. Нәтижесінде 7 қазан күні 0,5 га жану сөндірілді. Түнгі уақытта өрттің елді мекенге тарап кетпеуін қадағалау мақсатында ТЖД қызметкерлерімен кезекшілік ұйымдастырылды, - деп мәлімдеді ТЖМ.

Сонымен қатар аумақтың сулы-батпақты болуы, автокөлік жүретін жолдардың болмауы бықсуды сөндіруге қиындық туғызып отырғанын атап өтті.

Бүгінде қамыс өртін сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. ТЖД 25 қызметкері, оның ішінде 15 қызметкері «Казавиақұтқару» су төгу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы арқылы, 10 қызметкері ТРЭКОЛ автокөлігі арқылы оқиға орнына жетіп, мотопомпалар, хлопушкалар, күректер арқылы өрт сөндіру жұмыстарын жүргізуде.

ТЖМ елді мекенге таралу қаупі жоқ екенін хабарлады. Облыс аумағындағы өрт жағдайының мониторингі ерекше бақылауға алынды.

Үкімет өртке қарсы техникаларды сатып алуға 52 млрд теңге бөлді

Бүгін Үкімет отырысында Қазақстандағы орман аумақтарын сақтау және ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндады.

Қазақстанда соңғы 5 жылда орман алқаптарының ауданы 267 мың гектарға ұлғайтылды. Жалпы, бұл көрсеткіш 5% өсімді көрсетті. Орман қорғау мекемелерін техникалық жарақтандыруды қаржыландыруды ұлғайту және орман шаруашылығы қызметкерлерін әлеуметтік қолдау бойынша шаралар қабылданып жатыр.

Мәселен, өткен жылы техника мен жабдықтарды сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,9 млрд теңге бөлініп, 526 бірлік өртке қарсы және патрульдік техника сатып алынды. Биыл еліміздің орман шаруашылығы тарихында алғаш рет 1384 бірлік өртке қарсы техника мен 921 бірлік тіркеме және аспа жабдықтарын сатып алуға 52 млрд теңге, оның ішінде лизинг есебінен – 40 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар еліміздің өртке аса бейім өңірлеріндегі орман қорғау мекемелерінің жарақтандырылуын 100%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Ерлан Нысанбаев.

Бұдан басқа, 900 мың га мемлекеттік орман қоры орман өрттерін ерте анықтау жүйелерімен қамтылған. Нәтижесінде орман өрттерінің аумағын едәуір қысқартуға қол жеткізілді. Келесі жылы 3,1 млрд теңге көлеміндегі қаржыға осындай жүйе «Семей орманы» резерватында енгізілетін болады. Министрліктер мен әкімдіктердің 12 мекемесі ондай жүйемен 24 млрд теңге мөлшерінде лизингтік қаржыландыру есебінен жарақтандырылатын болады.

Орман алқабын кеңейту бойынша жұмыс 651 мың га алаңда, оның ішінде Арал теңізінің құрғаған табанында 413 мың га алаңда жүзеге асырылды. Соңғы төрт жылда елді мекендерді көгалдандыру жұмысы аясында шамамен 12 млн түп көшет отырғызылды.

ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов ұлттық саябақтар мен резерваттардағы өртке қарсы күресті сынға алып, Президент тапсырмасына сәйкес көшет отырғызу шараларын көзбояушылықсыз орындау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ бұған дейінгі өртке қарсы жүргізіліп жатқан іс-шаралардың мардымсыз болғанын кесіп айтты. 

Президенттің 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін іске асыру үшін көшетті жерсіндіру әдістерін жетілдіру және көзбояушылықтың жолын кесу қажет. Орман алқаптары мен саябақтарды кеңейту, болашақ ұрпақ үшін биологиялық әркелкілікті сақтау – экологиялық ахуалды жақсартуда маңызды басымдықтардың бірі. Бұл – аса күрделі әрі ұзаққа созылатын жұмыс, оны ұдайы назарда ұстау қажет. Сондықтан барымызды сақтап, жерімізді жасыл желекке айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек, – деп атап өтті Олжас Бектенов бүгінгі Үкімет отырысында. 

 

Миражан Махан
Бөлісу: