27.01.2026
12:00
671
Үкімет басшысы балалар қауіпсіздігіне қатысты батыл шешімдер қабылдауды тапсырды

Үкімет басшысы балалар қауіпсіздігіне қатысты батыл шешімдер қабылдауды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударып, жауапты мемлекеттік органдарға батыл әрі нақты шешімдер қабылдауды тапсырды.

Бұл мәселе Үкіметтің кезекті отырысында қаралды. Жиын барысында Үкімет басшысы алдымен балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне тоқталып, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан әлеуметтік желілердегі зиянды контенттен қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұрады.

Оқи отырыңыз: 

Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңнама аясында балалардың жеке деректері тіркелетін интернет-платформаларға қойылатын талаптар күшейтілген. Сонымен қатар балаларды әлеуметтік желілердегі зиянды контенттен қорғау үшін интернетті пайдалануын жас ерекшелігіне қарай шектеуге бағытталған заңнамалық нормалар әзірленіп жатыр.

Зиянды контенттен қорғау мәселесінде балалардың жас ерекшеліктерін ескеретін бірқатар нақты тетік енгізіледі, – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Осыған байланысты премьер-министр созбалаңға салмай, бұл бағытта батыл шешімдер қабылдаудың маңызын атап өтті.

UKIMET.KZ

Сонымен қатар Үкімет отырысында балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына қатысты өзекті мәселелер де көтерілді. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың баяндамасынан кейін Олжас Бектенов балалардың дұрыс тамақтануына алаңдаушылық білдірді.

Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде балалар тағамы өзекті әрі алаңдатарлық мәселеге айналып отыр.

Балалардың тамағы – өте маңызды мәселе. Өкінішке қарай, балалар мен жасөспірімдер көбіне фастфуд пен энергетикалық сусындарға әуес, тіпті кей жағдайда тәуелді болып барады. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Мұндай жағдайға ел болып, қоғам болып тойтарыс беруіміз керек. Осы бағытта нақты ұсыныстар енгізіңіздер, – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр жауапты министрліктерге балалардың ақпараттық қауіпсіздігі мен дұрыс тамақтануын кешенді түрде қарастырып, нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Айта кетейік, Үкімет отырысында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы да жан-жақты талқыланып, пысықталды. Құжат балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын және жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған дейін жекеменшік мектептерді қаржыландыру тоқтатылатындығы туралы жазған едік.