Үкімет 2,3 млн жасты жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр

11 Ақпан 2023, 12:45 1515

2029 жылға қарай 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Кеңесте жастар саясаты және мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамаларының жобалары қаралды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы 6 бағыт пен 10 нысаналы индикаторды және 72 іс-шараны қамтитынын айтты. Негізгі новеллалардың бірі – жастармен жұмыс істеу және олардың проблемаларын шешу бойынша әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін Жастарды дамыту индексін енгізу.

«Біз 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардарлығын 90% дейін, волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тартылу деңгейін 32% дейін арттыруды көздеп отырмыз», — деді Д. Қыдырәлі.

Сонымен қатар Тұжырымдама жобасы жас кәсіпкерлердің үлесін 30% дейін, жұмыспен қамту орталықтарына жүгінгендер арасынан жұмысқа орналастырылған жастардың үлесін 61% дейін ұлғайтуды көздейді.

2029 жылға қарай 2,3 миллион жасты жұмыспен қамту жоспарлануда, оның 1 миллионы – ауыл тұрғындары. Сонымен қатар ауылдық жерлерде тұратын 1,5 миллион жас қазақстандық цифрлық сауаттылыққа оқытылатын болады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2023-2029 жылдарға арналған мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту тұжырымдамасының жобасын ұсына отырып, оны іске асыру 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың мектепке дейінгі сапалы білім алуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін және мектептегі білім беру сапасын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептерді, оқушы орындарының тапшылығын жою арқылы жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру жөнінде шаралар қабылданатын болады. Мәселені шешу үшін 1,5 млн жаңа оқушы орны ашылмақ. Мектептер қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталады. 2026 жылға қарай ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 5 мың мектеп жаңғыртылады.

Балалардан шығармашыл, интеллектуал және физикалық тұрғыдан жетілген тұлға қалыптастырып шығару үшін жағдай жасауға, сондай-ақ балалардың сапалы сауығуы мен демалысын қамтамасыз етуге қажетті деңгейде көңіл бөлінеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазақстандық жастардың колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуына баса назар аударылды.

EL.KZ
Бөлісу: