Уинстон Черчилльдің өмірбаяны кинода

15 Қаңтар 2018, 17:29 6198

Черчилль "Темные времена" киносында

Осы аптада ағылшын режиссері Джо Райттың «Темные времена» («Darkest Hour») тарихи драмасы жарық көреді. Фильм Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кездегі Ұлыбританияның қиын ахуалы және елін тығырықтан алып шығуға тырысқан Уинстон Черчилль жайында.

Әлем тарихында өз орны бар осы саясат қайраткеріне арналған әдебиет те, кино туындылары да аз емес. Бүгін Черчилльдің өмірі мен қызметін түрлі кинофильмдер арқылы хронологиялық ретпен баяндап көреміз.

«Молодой Уинстон» («Young Winston») – 1972 жылы шыққан, Ричард Атенборо режиссерлік еткен әскери драма. Фильм Уинстон Черчилльдің «Менің жас шағым: Адал қызмет ету» («My Early Life: A Roving Commission») кітабының негізінде жасалған. Сюжетте саясаткердің жас кезі, ата-анасымен қарым-қатынасы, мектептегі кезі, карьерасының басы – Үндістанда, Суданда қызметін өтеуі, ағылшын-бур соғысына қатысуы, парламентке сайлануы сөз болады.

Басты рөлде Саймон Уорд ойнайды. Бұл кино ағылшын актерінің кинодағы алғашқы қадамдарының бірі болды.

«Жас Уинстон» Британ киноакадемиясы және «Алтын глобус» жүлдесіне ие болды. Сондай-ақ «Оскардың» 3 номинациясына ілікті.

Саяси тұлғаның одан кейінгі өмірін «The Gathering Storm» (орысша атауы – «Черчилль») телефильмінен көруге болады. Ондағы оқиға 1930 жылдары Ұлыбританияда өрбиді. Басты екпін қайраткердің саясатта тасы өрге домалағанымен, жеке өмірінің күйрегеніне қойылады. Жалғыздығына, ішкі күйзелісіне және жауының көбейгеніне қарамастан Уинстон Черчилль фашистік Германиядан төнген қауіптің бетін қайтару жолындағы күресін тоқтатпайды және отбасы бақытын қайтаруға тырысады.

Ағылшын режиссері Ричард Лонкрэйн түсірген картина 2002 жылы шықты. Басты рөлде ойнаған Альберт Финни осы кинодағы жұмысы үшін «Алтын глобус» алды. Ал картинаның өзі «Алтын глобуста» үздік телефильм деп танылды.

Тағы бір «Черчилль» («Churchill») 2017 жылы шықты. Фильм саяси тұлғаның екі күндік өмірін суреттейді. Британ премьер-министрі Нормандияға келіп, одақтастарын «Оверлорд» операциясына жұмылдыруға тырысады. Алайда оны қолдаушылар көп емес еді. Сюжеті «Д күні» аталып кеткен 1944 жылдың 6 маусымындағы оқиға қарсаңында өрбиді. Бұл жолы оның образын шотланд актері Брайан Кокс сомдады.

«Навстречу шторму» («Into the Storm») – 2009 жылы шыққан телефильм. Бұнда Черчиллдің Екінші дүниежүзілік соғыс аяқтала келген кездегі өмірі көрсетіледі. «Into the Storm» - жоғарыда айтып кеткен, 2002 жылғы «The Gathering Storm» телефильмнің жалғасы. Бұнда оның қорғаныс министрі болған кезін көруге болады. Сондай-ақ осы кино Черчиллдің еңбек жолының қорытындысы деуге болады. Оның атқарған істері, сол істердің нәтижесі айтылатын кинокартина. Черчилль рөлінде – ирланд актері Брендан Глисон.

Ақпарат: Сэр Уинстон Леонард Спенсер-Черчилль (ағылш. Sir Winston Leonard Spencer-Churchill, (30 қараша 1874 жыл, Бленһайм, Оксфордшир Англия – 24 қаңтар 1965 жыл, Лондон, Англия) — Ұлыбританияның көрнекті мемлекет қайраткері, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Біріккен Патшалық жетекшісі ретінде белгілі. 1940-1945 және 1951-1955 жылдары Біріккен Патшалықтың премьер-министрі қызметін атқарған, сонымен бірге көрнекті саясаткер, шешен, офицер, тарихшы, Нобель сыйлығына ие болған жазушы және әуесқой суретші ретінде де танымал.

Ернар Бекенов
Бөлісу: