Уимблдон-2023. Елена Рыбакина 3-айналымға шықты

9 Шілде 2023, 01:34 668

Әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Енді Елена Рыбакина «Уимблдон – 2023» турнирінде Кэти Бултермен ойнайды.

Өткен жылы осы жарыстың жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 74-ракеткасы, франциялық Ализе Корнемен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар екі рет кездесіп, екеуінде де Елена басым түскен еді.

Бұл жолы бірінші партияда Рыбакина бірден брейк жасап, алға кетті – 6:2. Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, есеп 5:5 болып, Рыбакина доп бергенде, Корне медициналық көмекке жүгінді. Тай-брейкте қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2), – деп хабарлады Қазақстан Теннис федерациясы.

Бір сағат 43 минутқа созылған бәсеке барысында Елена 4 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.

Елена Рыбакина төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 89-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен кездеседі.

Былтыр осы жарыстың жеңімпазы атанған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина осы турнирде өз атағын қорғап жатыр.

Берік Арманов
Бөлісу: