2001 жылдан бері «Уикипедия» интернет кеңістігін түбегейлі өзгертіп келеді. Оның басты күші – миллиондаған ерікті қолданушының энтузиазмы мен ортақ іске деген сенімінде. Бірі оны адамзаттың ең үлкен білім қоры деп бағаласа, енді бірі деректердің дәлдігіне күмәнмен қарайды. Ендеше, әлемдегі ең танымал онлайн-энциклопедияның тарихына, құрылымына және айналасындағы даулы пікірлерге үңіліп көрейік.
«Уикипедия» – әлемдегі ең ірі әрі ең көп қолданылатын онлайн-энциклопедия. Атауы гавай тіліндегі wiki («жылдам») және латынның encyclopedia («энциклопедия») сөздерінен құралған. Яғни бұл – «жылдам толтырылатын энциклопедия» деген мағына береді.
2023 жылдың тамыз айындағы мәліметке сәйкес, «Уикипедияда» 334 тілде жазылған 61 миллионнан астам мақала бар. Күн сайын бұл платформаға әлемнің түкпір-түкпірінен 32,8 миллион бірегей қолданушы кіреді.
«Уикипедия» ресми түрде 2001 жылғы 15 қаңтарда іске қосылды. Жобаның негізін қалағандар – интернет-кәсіпкер Джимми Уэйлс пен ғалым-философ Ларри Сэнгер. Алғашында бұл сайт мүлде бөлек, ауқымды академиялық жобаға қосымша ретінде ғана қарастырылған.
Уэйлс пен Сэнгердің бастапқы мақсаты «Нупедия» атты онлайн-энциклопедия жасау еді. Бұл жобаға кәсіби мамандар ғана мақала жазып, әр материал жеті сатылы тексеруден өтуі тиіс болатын. Автормен келісу, редакциялау, ғылыми сараптама – бәрі қатаң талаппен жүргізілді.
Алайда бұл жүйе тым күрделі әрі баяу болып шықты. Нәтижесінде екі жылға жуық уақыт ішінде «Нупедияда» бар-жоғы 25 мақала ғана жарық көрді.
Сол кезде Ларри Сэнгер балама ретінде кез келген адам еркін өңдей алатын, ашық форматтағы энциклопедия құру туралы ұсыныс жасайды. Осылайша «Уикипедия» дүниеге келді. Жоба open source қағидатына негізделді, яғни мазмұнын қоғамдастықтың өзі қалыптастырады.
Нәтиже көп күттірмеді: алғашқы бір айдың ішінде-ақ 1000 мақала жазылды. Бұл «Нупедияның» екі жылда қол жеткізген көрсеткішінен 40 есе көп еді. Кейінірек Ларри Сэнгер жобадан кетіп, «Википедия» Джимми Уэйлстің жетекшілігімен дами түсті.
2002 жылы сайт wikipedia.com доменінен wikipedia.org доменіне көшті. Ал 2003 жылы жобаны басқару үшін «Уикимедиа» коммерциялық емес қоры құрылды.
Қордың басты ерекшелігі – жарнамадан толықтай бас тартуы. Джимми Уэйлстің айтуынша, дәл осы шешім «Уикипедияның» тәуелсіздігін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
«Уикимедиа» қоры негізінен қолданушылардың қайырымдылық жарналары арқылы өмір сүреді. Үлкен донорлар мен гранттар болғанымен, қарапайым адамдардың шағын аударымдары да бюджетте маңызды рөл атқарады. Бұл модель платформаны саясат пен ірі бизнестің ықпалынан қорғап отыр.
Қордың стратегиялық шешімдерін Қамқоршылар кеңесі қабылдайды. Кеңес құрамында 10 адам бар:
жобаның негізін қалаушы Джимми Уэйлс;
«Уикимедиа» қауымдастығы сайлаған 3 өкіл;
ұлттық филиалдар ұсынған 2 өкіл;
қамқоршылар кеңесінің өзі таңдаған 4 мүше.
Кеңес мүшелері үш жыл сайын сайланады. Міндетті талаптардың бірі – ағылшын тілін білу. Ал кәсіби талаптар әр сайлау алдында жаңартылып отырады. Мәселен, 2022 жылы басқару, мемлекеттік саясат, құқық, big data және машиналық оқыту салаларындағы тәжірибе ерекше бағаланған.
2023 жылғы дерек бойынша, «Уикимедиа» қорында 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олар IT, құқық, менеджмент, донат жинау, серіктестік байланыстар мен технологиялық даму бағыттарына жауап береді.
«Уикипедияның» басты қағидасы – ашықтық. Мұнда кез келген адам мақала жаза алады, бірақ әр қолданушының құқығы бірдей емес.
Мысалы:
Бұл сұрақ әлі күнге дейін қызу талқыланады. Әрине, платформаның әлсіз тұстары бар:
кез келген адам қате немесе әдейі жалған ақпарат енгізуі мүмкін;
жаңа мақалалар әрдайым бірден тексеріле бермейді;
аударма кезінде сәйкессіздіктер кездеседі.
Соған қарамастан «Уикипедия» көптеген адам үшін таптырмас дереккөз болып отыр. Себебі:
Даулы тақырыптарда қолданушылар арасында «редакциялау соғыстары» жиі болады. Кейбір мақалалар ондаған мың рет өзгертілген. Мәселен:
«Уикипедияны кім құрды?» – 29 мың түзету;
Иса пайғамбардың өміріне қатысты даталар – 21,9 мың;
«Жануарды сүйкімді деу – бейтарап ой ма?» – 21,8 мың.
«Уикипедия» – нейрожелілерді оқытудың негізгі дереккөздерінің бірі. Соңғы 20 жылдан астам уақыт бойы жиналған мәліметтер ChatGPT секілді жүйелердің негізін құрап отыр.
Джимми Уэйлстің пікірінше, жасанды интеллект «Уикипедияның» донаттық моделіне әсер етуі мүмкін. Алайда ол мұны қауіп емес, керісінше, миссияның орындалуы деп санайды. Себебі «Уикипедияның» басты мақсаты – білімді баршаға қолжетімді ету.
Егер нейрожелілер осы жолға қызмет етсе, онда «Уикипедия» өз міндетін толық атқарды деуге болады.