«Вестник ММА» қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Асу Алмабаев пен өзбекстандық Рамазан Темиров арасындағы айқас өтпейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Өзбек спортшысының орнын перулік Хосе Очоа (ММА-де – 8-1, UFC-де – 1-1) басады. Жерлесіміздің қарсыласы 24 жаста. 23 қарашада өткен дебюттік кездесуінде төрешілер шешімімен Лонер Каваниден жеңілсе, 15 маусымда Коди Дарденді екінші раундтың 11-секундында нокаутқа түсірді.
Асу 26 шілде күні Абу-Дабидегі UFC Fight Night турнирінде октагонға шығады. Алмабаев - Темиров айқасы Қазақстан мен Өзбекстанның UFC-дегі алғашқы текетіресі болуы керек еді.
31 жастағы Асу Алмабаев соңғы жекпе-жегінде Манел Капеге есе жіберді. Қазіргі таңда Алмабаевтың ММА-дегі рекорды – 21 жеңіс, 3 жеңіліс, ал UFC-де – 4 жеңіс, 1 жеңіліс.